Экология • 27 Қыркүйек, 2019

Айналамызды қоқысқа айналдырмайық

8305 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік банктің есебінше, 2050 жылға қарай әлемдегі тұрмыстық қалдықтың көлемі 70%-ға өсіп, 3,4 млрд тоннаға жетеді. Бұл дегеніңіз келешекте Жер планетасының үлкен қоқыс полигонына айналуға шақ қалғанын білдірсе керек. Бірқатар дамушы елдерде қалдықты бөліп жинау мәдениеті әлі күнге жолға қойылмаған. Өкінішке қарай, бұл қатарда Қазақстан да бар.

Айналамызды қоқысқа айналдырмайық

Заңсыз қоқыс полигондары азаймай тұр

Экологтар жағымсыз үрдіс жалғаса берсе, адамзатқа жаһан­дық қауіппен бетпе-бет келуіне тура келетінін айтады. Бүгінгі қоғамдық байланыс архитектурасында патерналистік пиғылдың өршігені анық байқалады. Бұл үрдіс тек қоғамдық қарым-қа­ты­наспен шектеліп қалса игі. Өкініштісі сол, адамзат мекендеген Жер планетасына дәл осын­дай көзқарасты танытып ке­леді десек артық айтпаспыз. Мәселен, жыл сайын елімізде 4,3 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналып, соның небары 12%-ға жуығы ғана қайта өңделеді. Қалғаны қоқыс полигондарында көміледі екен.

Елімізде тұрмыстық қалдық тасталатын 3 520 полигон бар, соның 18%-ы ғана тиісті талапты сақтап отыр. Қоғам белсенділері және экологтар заңсыз қоқыс алаңдарының азаймағанын айтып, дабыл қағып жатқаны бекер емес. Былтырғы статистиканы сөйлетсек, Қазақстанда өндірістік және тұтыну қалдық­тары тасталатын орын саны 17 934-ке жетті. Бірақ осы полигон­дардың дені санитарлық талаптар мен экологиялық стан­дарттарға сәйкес келмейді.

– 3,5 мыңнан астам тұрмыс­тық қалдыққа арналған поли­гонның 83%-ы санитарлық, эко­логиялық және құрылыс нормаларына сай емес. Қалдықты көму технологиясы сақталмайды. Со­ның салдарынан өрт жиі шы­ғады. Аймақтарда тұр­мыстық қалдықты іріктейтін желілердің болмауы қоқысты та­лапқа сай көмуге кедергі. Бүгінде қо­қыс шығару қызметімен тұр­ғын­дардың тек 66%-ы ғана қам­тылған. Бірыңғай есеп беретін жүйесіз өңір­лердегі ахуалды бақылауда ұстау қиын.

Қоқыс полигондарының ба­сым бөлігі халық көп қоныс­танған елді мекендерге таяу ор­наласқан. Бұл аумақта өрт жиі болатындықтан халықтың денсаулығы мен қоршаған ор­таға орасан зиян келіп жатыр. Жыл санап бейберекет қо­қыс алаңдары көбейіп барады. Сол себепті жергілікті ат­қарушы органдар аумақтар­дың санитарлық тазалығына бюджеттің миллиондаған қара­жатын жұмсауға мәжбүр. Тек Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бейберекет қоқыс орында­рын жою үшін жылма-жыл 150 млн теңгеден аса ақша бө­­лі­ніп келеді. Алайда бұл проб­леманың алдын алуға емес, оның салдарымен күресуге ба­­­­ғытталған. Сондықтан заң тұрғысында тұрмыстық қал­дық­­ты шығарумен айналысатын ұйымдарға қойылатын талапты күшейтіп, мониторингті және жауапкершілікті мықтап қолға алу керек, – деді «AWOK» Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеушілер, кәдеге жаратушылар және қоқыс шығаратын ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Дуслан Ахметов.     

 

Үміт – Экологиялық кодексте

Қазақстан жасыл экономиканы дамытуды қолға алғаны мәлім. Соған сәйкес 2030 жылға қарай қайта өңделген қалдықтың көлемін 40%-ға, 2050 жылы 50%-ға арттыру көзделген. Осы арқылы экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, шағын және орта бизнесті өркендетуге жол ашылады дейді сарапшы­лар. Былтыр тұрмыстық қал­дықты қайта өңдеудің үлесі 11,5%-ға өсіпті. 2017 жылы ол 9% деңгейінде болған. Осыған қарамастан аталған саладағы күрмеулі мәселелер жетерлік. Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының бас­шысы Айгүл Соловьеваның айтуынша, әсіресе заңсыз төгі­летін бейберекет қоқыс полигондарымен күресті күшейту қажет. Өйткені уақыт өткен са­­йын оның саны артпаса да, кеміген жоқ. Нақты айтқанда, 2018 жылы елімізде 8,5 мың заңсыз полигон анықталған. Көкейкесті мәселені шешудің амалы ретінде экологтар заңсыз қоқыс төккендерге қатысты жауап­кершілікті күшейтіп, заң­ды қатаңдату қажет деп есеп­тейді.

– Бұл мемлекеттік орган­дар жұмыс істе­мейді дегенді біл­дірмейді. Осы іске қоғам­дық ұйымдарды тартып, тұр­ғындардың жауап­кершілігін арттырумен қатар, бұл бағыттың қозғаушы күшіне айналатын іскер азаматтарды жұмылдыру керек. Менің білуімше, 2016 жылы қалдықты қайта өңдеумен айналысатын 115 шағын және орта бизнес нысаны болған. Бүгінде олардың қатары 150-ге жетті. Бірақ биылдан бас­тап қоқыс полигондарында пласт­масса, макулатура, картон және әйнек қалдықтарын көмуге тыйым салынды. 2021 жылдан бастап құрылыс және тамақ қалдықтарын көмуге де осындай тыйым салынбақ. Ең бас­тысы, полиэтилен пакет өн­ді­­­рісін қысқарту керек, – деді А.Соловьева. 

 

Полиэтилен пакет азая ма?

Қоғам белсендісінің сөзінің жаны бар. Неге десеңіз, Бү­кіл­­әлемдік экономикалық фо­рум­­ның мәлімдемесінде ай­тыл­ғандай, 2050 жылға қарай жаһандағы мұхиттарда балықтан пластик көп болады екен. Соңғы 40 жылда пластмасса өндіру көлемі 15 млн тоннадан 300 млн тоннаға артты. Қазір әлемнің 40-тан астам мемлекетінде поли­этилен пакет қолдануға тыйым салынған.

Жоғарыда атап өткеніміздей, жыл са­йын Қазақстанда 5 млн тоннаға жуық қатты тұр­мыстық қалдық жиналады. Соның 11-15%-ға жуығын пластмасса жә­не полиэтилен пакет құрайды. Ал бұл пакеттің ыдырау процесі 50, кейде 100 жылға дейін созылады. Судағы пластик материа­лы ұсақ бөлшектерге бөлініп балықтың ағзасына түседі. Ба­лық өнімдері көптеген елде не­гізгі ас мәзіріне кіретіндіктен, бұл азық-түлік қауіпсіздігі тұр­ғы­сынан маңызды мәселенің қа­тарына жататыны күмәнсіз.

Әлемдік тәжірибені және нарықтағы конъюнктураны зерт­­тей келе Экология, геоло­гия және табиғи ресурстар ми­нис­трлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, еліміздегі полиэтилен пакеттері өндірісін кезең-ке­зеңімен азайтуды көздейтін ме­морандумға қол қойды.

– Енді пакеттер тегін бе­ріл­мейді. Сатылатын болады. Әлем­дік тәжірибе көрсеткендей, осы тәртіптің нәтижесінде плас­­тикті тұтыну көлемі 30%-ға төмендейді. Бұл – үлкен көр­сеткіш. Осы ретте полиэтилен пакеттен бас тарту ерікті түрде жүргізілетінін айта кету керек. Бұл амал экологиямызды жақ­сартуға бағытталған. «Бірге – таза Қазақстан!» экологиялық акциясына республика бойынша 300 мың адам қатысқанын білесіздер. Осы науқанның нәтижесінде 400 тоннаға жуық қоқыс жиналды, басым бөлігі пластик пен полиэтилен пакет. Бұл меморандум жағдайды реттеуге септесіп, үлкен сауда кешендері мен желілер қолдау көрсетеді деген сенімдеміз, – деді тиісті министрлік басшысы Мағзұм Мырзағалиев.

Таяқтың екі ұшы бар еке­нін ескерсек, бұл бастама кәсіп­керлердің қалтасына ауыр тимей ме деген заңды сауал туын­дайды. Қазақстандағы сауда же­лілері қауымдастығының ресми өкілінің сөзіне сенсек, ірі сауда орталықтары бұл жаңалықты толығымен қуаттайды. Тіпті кей­бірі биопакеттерге жаппай ауысып жатқанын айтады.

– Сауда желілері қауым­дастығы бұл бастаманы толы­ғымен қолдайды. Біз те­гін пакет таратуды шектеу ке­рек­тігін біраздан бері ұсы­нып келеміз. Кейбір сауда нүк­телері қо­ғам алдындағы әлеу­меттік жауап­кершілігін сезініп, тек био­­пакет таратады. Сол се­кіл­­ді еліміздегі ірі сауда орта­лықтарының бірі биылдан бас­тап пластикалық қаптаманы тегін қабылдайтын терминал­ды орнатуды жоспарлап отыр, – деді Сауда желілері қауым­дастығының кеңесшісі Елбегі Әбдиев.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов аталған бастаманы елдегі іскер жандар қолдайтынына шүбә келтірмейтінін жеткізді. Әйтсе де бұл жұмыс біртіндеп түсіндіру шаралары арқылы жүзеге асырылса деген ті­легін білдірді. Палата басшысының айтуынша, Қазақстанда сауда секторында 300 мыңнан астам кәсіпкер еңбек етеді. Полиэтилен пакеттен бірден бас тарту отандық бизнеске соққы болуы мүмкін. Дей тұрғанмен, әлеуметтік же­лі қолданушылары тарапынан бұл жерде біреудің лоббиы бар деген пікір айтылды. Ғаламтор қолданушылары осы үлгідегі пакет өндірумен шұғылданатын кәсіпорындардың мүддесі есепке алынғанын алға тартып отыр.

– Экологиямыз таза, ба­ла­ларымыздың бола­шағы жар­­қын болсын десек, бұл жұ­мыс­­ты барлығымыз бірігіп ат­қаруға тиіс­піз. Мемлекет, яғ­ни Экология, геология және та­биғи ресурс­тар министрлігі тиімді заңдарды әзірлеу керек. Қоғамдық ұйым­дар тү­сін­­­діру жұмыстарын өткі­зу қажет. Кәсіпкерлер өз мін­дет­терін атқаруы тиіс. Ең бас­тысы, қоғамда дұрыс түсінік қа­лыптасуы қажет. Ертең пакет­тің құны қалай болады? Ол тұтынушылардың қалтасына әсер етпей ме? Осының барлы­ғын ескерген артық етпес, – деді А.Мырзахметов.        

 

Қалдықты жинаудың да мәдениеті бар

Қалдықты бөліп жинау мә­дениеті елімізде өзекті проб­­­лемаға айналғаны қа­шан?! Тек бас шаһардың өзін­де көп­теген тұрғын үй алабы­ның аула­сы­на қарасаңыз жеткі­лікті. Қа­ғаз, әйнек, плас­тик қо­қыс­та­рына арналған контей­нер қо­йылғанымен, жөні­мен ірік­тел­ген қалдықты көруі­ңіз екі­та­лай. Міне, осы ел азамат­та­рының экологиялық, яки тұр­мыстық қалдықты бөліп жинау мәдениетін қалыптастыру мақ­сатында «Спарта» эко­ло­гиялық қозғалысы елордада же­­келеген компанияларға тегін шебер­лік сағаттарын өткізіп келеді. Ұйым­ның жетекшісі Әсел Құс­панова әуелі тұтынушылар өз сұранысын тиімді әрі үнемді өтеп отырса деген ұсынысын біл­­дірді.

– Қазір Қазақстанда 10 млн тоннадан артық қалдық бар. Полигондар шамадан тыс толып кеткен. Оларға тұрмыстық қалдықтар сыймайды. Бұған Павлодар қаласына шығатын күре жолда орналасқан полигонды мысалға келтіруге бола­ды. Бізге қоқыс өртейтін зауыт­тар керек. Бірақ Еуропаның тәжі­рибесін ескерсек, бұл да проблеманы шешпейді. Жалғыз амал – тұтыну көлемін азайту. Тауар өндірушілер де жауап­кер­шілікті түсіне білуі керек. Әр адам осы жағдайды өзгерту үшін «Менің қолымнан не келеді?» деп ой­ланғаны абзал. Бұлай жалғаса берсе, ғалымдардың болжамынша 2050 жылы адамзатқа таза ауа жетіспеуі мүмкін. Қоқыс шы­­­ғаратын кәсіпорындар да бұ­рынғыдай емес, өздеріне тиісті қалдықтарды әкетуді жол­ға қо­­­йып келеді. Әлбетте, атқа­ры­­латын шаруа шаш-етектен. Бірақ орындалған жұмысты да жоққа шығаруға болмайды. Жер­­де жатқан бір жапырақ қа­ғаз­ды жинап жүрудің де пайдасы бар. Мысалы, дүкенге матадан тігілген дорбамен баруды дағ­дыға айналдырыңыз. Бірнеше рет пайдаланылатын контейнерге көшіңіз. Күн сайын пластик шөлмек сатып алудың не қажеті бар? Біреуін сатып алсаңыз, со­ны күнделікті пайдалануға тырысыңыз. Қалдықты қайта өңдеу де мәселені түпкілікті шеш­пейді. Себебі 7 рет өңделген ши­кізат пайдалануға жарамсыз болады, – деді Ә.Құспанова.

«Әлемді өзгерткің келсе – өзіңнен баста!» деген қағи­даны ұстанған жылжымайтын мүлік саласында қызмет көрсе­тетін елордалық «Property Management Group» компания­сы қалдықты бөліп жинауға ар­налған шеберлік сағаттарын ұдайы ұйымдастырып келе­ді. Мұндағы мақсат – қызметкер­лерге жинақталған қалдықты өткізудің дұрыс жолын сілтеу.

– Бүгінде адамдардың сауаты артқан. Таби­ғатқа деген көзқарасы жақсарып келеді. Оны қорғап, сақтауға дайын. Тек жиналған тұрмыстық қалдықты қайда өткізу керектігін білмей жатады. Біз осыны ескере келе, қалдықты қалай жинау керектігін және оны қайда тапсыруға болатынын түсіндіргіміз келеді. Бұл компанияда 600-ге жуық адам қызмет етеді. Жуырда бір компаниямен экологиялық жәшіктерді тегін орнатуға байланысты уағдаластыққа қол жеткіздік. Ол жәшіктер макулатура, пластик және басқа да материалдар бойынша бөлек орнатылады. Осы құрылғыны біз жылжымайтын мүлікті жалға алушыларға жеткіземіз, – деді компанияның маркетинг және жарнама бөлімінің меңгерушісі Гүлбахор Идиева.

P.S. Кейде білместіктен, кейде жалқаулықтан жиналған қоқысты бөліп шығармақ тұрмақ, жап-жақын жердегі контейнерге апарып тастауға ерінеміз. «Тазалық – иманның жартысы» деп хадис шәрiпте бекер айтылмаса керек. Өзіміз өмір сүріп жатқан төңіректі таза, гүлденген күйінде келер ұрпаққа аманаттау сіз бен біздің мойынымыздағы міндет. Айналамызды сырттан біреу келіп жинап береді деген масылдық пиғылдан арылмасақ, кейінгі буын дәл сол амалды қайталайтынын естен шығармайық.