Қоғам • 27 Қыркүйек, 2019

Аружан Саин: Балалардың мектептен тыс дамуын қамтасамыз ету керек

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин және ҚР білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің құқығын қорғау үшін атқаралып жатқан жұмыстар туралы брифинг өткізді

Аружан Саин: Балалардың мектептен тыс дамуын қамтасамыз ету керек

Екі ай бұрын еліміздегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде тағайындалған Аружан Саин бұл саладағы күрделі мәселелердің көп екенін айтты.

- Күн сайын біз балаларға қатысты жантүршігерлік жағдайларды естиміз: балалар суициді, буллинг, жасөспірімдер қылмысы тағысын тағы. Бұл дабыл сигналдары. Шын мәнінде өте терең себептері бар және елдегі болашақ криминогендік жағдайды алдын ала анықтауымыз керек. Олар ертең біздің қоғамымыздың қалыптасуына әсер етеді, - деді Аружан Саин.

Спикердің айтуынша, бұл мәселедегі маңызды фактор – елдегі әлеуметтік шиеленістің төмендеуі. Бұл проблеманың құрамдас бөлігі балалардың мектептен тыс дамуының қол жетімсіздігі. Кез келген қазақстандық отбасы бюджетінің қомақты үлесін алатын ақылы үйірмелер мен секцияларға барлығы бірдей бара алмайтыны белгілі. Ал мәселенің шешімін осындай жұмыстардың кешенді жасалуында.

- Мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы жағдайды түбегейлі өзгерте алатынымызға сенемін. Менің жұмысым балалар арасындағы суицид фактілерін, оларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін, балалар қылмысын азайту және толық жоюдың нақты көрсеткіштері бойынша бағаланғанын қалаймын, - деді Аружан Саин.

Сол мақсатта ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл журналистер алдында ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсыныстарын баяндады. Оның айтуынша барлық балаларды спорт секцияларында, көркем, ғылыми, театр үйірмелерінде оқытуға кепілдік беру және жан басына шаққандағы қаржыландыруды қамтамасыз ету. Сонымен қатар жергілікті атқарушы билік органдарының басым міндеттеріне мәдениет пен спорттың, ғылымның барлық бағыттары бойынша балалар мен жастарды тұратын жерінен инфрақұрылым құру және ұйымдастыру.

Осылайша Аружан Саин күрделі мәселелердің бірқатар шешімін ұсынды. Әсіресе, мемлекеттік бюджет есебінен өтетін имидждік іс-шаралар қысқарып, есесіне еліміздегі балалар үйіндегі және мектеп жасындағы балалардың жағдайы мен қауіпсіздігіне баса назар аудару керектігін айтты.