Парламент • 27 Қыркүйек, 2019

Дариға Назарбаева: Формализмнен арылатын уақыт келді

211 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатында «Заң шығару процесін одан әрі жетілдіру» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау болды. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметі хабарлады.

Дариға Назарбаева: Формализмнен арылатын уақыт келді

Шара барысында Парламентке келетін заң жобаларын әзірлеудің, ресімдеудің, келісудің, құқықтық мониторинг жүргізудің және сапасының өзекті мәселелері, сондай-ақ заң шығару процесін одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков парламенттік тыңдауды аша келіп, «Қабылданатын заңдардың сапасы азаматтардың әл-ауқатының артуы мен өздерін қорғауда екенін сезінуінің негізі болып табылады және бұл заңды жоспарлаудан бастап күшіне енгенге дейін барлық заң шығару процесінің тиімділігіне тікелей байланысты», - деп атап өтті.

  Дулат Құсдәулетов заң жобаларының сапасы туралы айта келіп, мұнда заңдарды әзірлеуге деген формальды тәсіл басты мәселе екенін атап өтті. «Тіпті ел басшылығының тапсырмаларын орындау кезінде де мемлекеттік органдар бізге заң талаптарына құрылымдық жағынан да, мазмұн жағынан да сәйкес келмейтін және қойылған міндеттерді толық көлемде іске асыра алмайтын заң жобаларын ұсынады. Ең жаманы, мемлекеттік органдар Конституцияның негізгі ережелері мен қағидаларын да әрқашан ескере бермейді», - деп атап өтті Д. Құсдәулетов.

Сонымен қатар заң ғылымдарының докторы Рамазан Нұртаев, халықаралық сарапшы Йорг Пуделька баяндама жасап, заң шығару үдерістерін жетілдіруге қажетті негізгі шараларға тоқталды.

Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауларды қорытындылай келіп, бүгінгі таңда заң шығару процесіне көзқарасты түбегейлі және тұжырымдамалық тұрғыда қайта қарау қажеттігі туындап отырғанын атап өтті.

«Заң мен құқық – біздің күнделікті өмірімізді реттеп отыратын ереже. Формализмнен арылатын уақыт келді. Демек, қазіргі кезде Үкіметтің өз бастамасымен әзірленген заңдарға немесе Парламент депутаттарының бастамасы бойынша дайындалған заңдарға мониторинг жүргізетін пәрменді құралы жоқ, деді Сенат Төрағасы.

Дариға Назарбаеваның пікірінше, құқықтық мониторингке көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет. «Онсыз, бақылаусыз, туындаған мәселелерді талқылаусыз ештеңе болмайды», деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Парламенттің жоғарғы палатасы басшысының пікірінше, келесі парламенттік тыңдауларды құқық қолдану тәжірибелеріне арнау керек, сот органдарының, прокуратура өкілдері мен адвокаттарды қатысуға шақыру қажет. «Бұл сот процестерінде тікелей жұмыс істейтін және адамдардың, бизнес пен компаниялардың тағдырын шешетін үш инстанция. Сондықтан мазмұнды әңгіме өрістеуі керек», - деді Д.Назарбаева.

Құқықтық сараптама туралы айтқан Сенат басшысы оның сапасына назар аудара келіп, «сапасы жақсарғанын қалаймыз» деген болатын. Төраға құқықтық сараптама сапасының шарттарын қайта қарау және сарапшыларды іріктеудің нақты тетігін әзірлеу қажеттігі туындады деп санайды. 

Төраға сондай-ақ заң қызметтері мен талдаушылар жұмысының әлсіздігін атап өтті. «Біз Парламент жанынан институт құру туралы ұсынысымызды қолдағаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтамыз, ол бізге осы жұмысты сапалы әрі дербес жүргізуге мүмкіндік берер еді. Ол Парламент мәртебесін нығайтуда және күшейтуде зор қадам болады», деді Д.Назарбаева.

Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша Сенат бұдан былайғы жұмыстар жөнінде Үкімет атына ұсыныстар әзірледі. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Заң шығару процесін жетілдіру жөніндегі кеңес отырысында ұсынымдардың орындалу қорытындыларын қарау туралы шешім қабылданды.