Руханият • 27 Қыркүйек, 2019

Оралхан Бөкей және Бақы Урманче

2314 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақ жазушыларымен шығармашылық байланыс орнатып, олардың туындыларын өз еңбектеріне арқау еткен.

Оралхан Бөкей және Бақы Урманче

 28 қыркүйек – Алтайдың кербұғысы атанған қазақтың көрнекті жазушысы, драматург Оралхан Бөкейдің туған күні. Осы ретте қаламгердің шығармалары бойынша иллюстрация жасаған татар суретшісі Бақы Урманче жайында аз-кем сөз қозғауды жөн көріп отырмыз.

урманче

Бақы Урманче кім? 1897 жылы Татарстанда дүниеге келген қылқалам шебері 1930 жылдардың басындағы сталиндік қуғын-сүргіннен еліне аман оралғаннан кейін 1941 жылы ұлы Абайдың мерейтойына дайындық жөніндегі комитеттің шақыруымен Қазақстанға жолы түседі. Осылайша, көркем сурет пен графика бойынша жұмыстарды орындауға тапсырма алған суретшінің қазақ жеріндегі жемісті жылдары басталады. Қазақстанда 1941 жылдан 1956 жылға дейін шығармашылықпен шұғылданған талант иесі үшін бұл кезең жемісті де жеңісті кезең болды. Олай дейтініміз, суретші осы жылдар мұғдарында «Аманкелді штабы», «Абай жұмыс үстінде», «Жангелдиннің ұлы өткелдері» атты тарихи полотналарын, еліміздің тарихи тұлғаларының үздік портреттік галареясы, ғажап пейзаждары мен натюрморттарын өмірге әкелді. Солардың ішінде күйші Дина Нұрпейісованың, академик Қаныш Сәтпаевтың, жыр жампозы Жамбыл Жабаевтың, биші Шара Жиенқұлованың, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың портреттері сурет өнеріндегі асыл мұраларымыздың қатарына енді.

Суретші елімізде өткізген 15 жылдық саналы ғұмырында қазақ жерін аралап, халқымыздың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрыптарымен танысқан. Қазақ жазушыларымен шығармашылық байланыс орнатып, олардың туындыларын өз еңбектеріне арқау еткен. Соның бірі – Оралхан Бөкей.

оралхан

Татар халқының талантты ұлы қазақ қаламгерінің бірнеше шығармасына иллюстрация жасаған. Оралхан Бөкейдің шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Мұзтау» повесі. Туындының басты кейіпкері – Ақтан. Балалық шағынан бастап бұғылардың тірлігімен біте қайнасқан ауыл азаматы. Тағдыры да тым аянышты. Әкесі соғыстан оралмаған, анасы дімкәс әрі мылқау. Ауылды қаңыратып бос қалдырғысы келмеген Ақтан күзетші болады. Жанындағы жалғыз сүйеніші де, сырласы да, мұңдасы да – Шағырқасқа аты. Ел кісікиік санайтын Ақтанның тағы бір серігі – өмір туралы сан қилы ойлары. Оның алдында қандай болары беймәлім өмір жолы тұр. Ол жолдан аман өту үшін мұз шыңыраудың құрдымындағы албасты адамды өлтіріп, сұм соғыс жалмаған әкесінің кегін алу, мылқау анасының тілін қайтару керек. Міне, шығармадағы дәл осы оқиға барысын Бақы Урманче суретіне арқау еткен.

мұзтау

«Ақтан Шағырқасқаны өзімен бірге үңгірге алып кірмекші еді. Бірақ, аты жүгенін соза  қасарысып, көнбеген соң қожайыны оны жапырағынан жұрдай болған ағашқа байлады. Сосын, қамшысын қолына ұстаған күйі Ақтан үңгір ішіне кірді. Әр қадам алға басқан сайын үңгір іші қараңғылана түксиді. Бір кезде Ақтанның есіне Тәңірқоймасы туралы Асан шалдың айтқаны түсті. Бейнебір бүкіл жын-перілер осында жиналып, шақырылмаған қонақты ізінен құпия аңдып келе жатқандай. Бір кезде үңгір бірнеше бөліктерге бөлініп кетті. Ақтан әрі қарай жүруге батылы бармай, тоқтап қалды. Шашылып жатқан кен кесектеріне шалынған Ақтан жоңқаларды жинаған күйі сақтықпен кері жылжыды. Бір кез, тізерлей отырған күйі сіріңке жағып, от тұтатты». Басы төмен салбырап кеткен Ақтанның жүзі азалы. Бақы Урманче үңгірдегі Ақтанды дәл осылай бейнелеген. Бақытсыз балалық шақ, қуаныш пен күлкіден ада жалғыздық туралы ойлар. Жолдасына адал, ақылды Ақтан мен кісікиік, асау мінезді Бұғы адамның арасындағы пікірталас-дау. Суретші кейіпкердің жапа шеккен жан-дүниесі мен жүрек қиналысын дөп жеткізген. Оның жүзін қайғы-мұң басқан, көздері ашық болғанымен көңілі өлген, еріндерінің екі жағынан қиылып түскен сызықтар оның жан күйзелісін айғақтап тұр. Көздері бір нүктеге қадалып, қатып қалғандай. Оның жүзіндегі қара түске айналып кететін әр сызық күйзелісті көңіл күйінен хабар беріп тұрғандай. Алау оттың жалқыны ғана осынау ауыр сәтті сәл-пәл жеңілдеткендей. Ақтанды алда не күтіп тұр? Ол жағы беймәлім... Автордың ойын жалғастырған суретші кейіпкердің үміт отын үрлеп, жақсылықтан қашпауға үндейді. Осы орайда Ақтанның қолдарына ерекше мән берген. Еңбекқор адамның қарулы қолдары оның жамандықты жеңіп, жеңіске жететінін көрсеткендей. 

сайтан көпір

        Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» повесінде жерді көк мұз құрсап, жоқшылық жайлаған бір кезеңде Аспан жылқыларды сайтан көпір арқылы айдап өтпек болады. Кенет тұлабойды тітіркентер үрейлі айқай естіледі. Бұл айқайдан кейін ешкім сайтан көпірден аман өтпеген екен. Бұл жолы да солай болады. Көпір опырылып құлап, малшы күркіреп жатқан көлге құлайды. Абырой болғанда, аман қалады. «Бастан құлақ садақа» деп екі аяғынан айырылады. Осылайша, табиғаттың перзенті табиғаттан тауқымет тартады. Бірақ, басына түскен азапқа мойынсынбайды. Бұл жерді жеті атасынан бері жайлап келе жатқан жұртшылық табиғаттың таңғажайыбына тамсанумен бірге, оның қатаң мінезіне де қыңқ етпеген қайсар жандар. Сурет-иллюстрацияда қым-қиғаш қаракетті көруге болады. Қар көшкіні кезінде шыр айналып, көлге құлап бара жатқан Аспан. Болған сұмдықтан жүзі әлемтапырық болып кеткен оның жанайқайы тауды жаңғырықтырады. Әне-міне жұтып жіберердей өзіне жөңкіліп келе жатқан қар көшкіні кезіндегі кейіпкердің жай-күйін суретші шынайы жеткізе білген. Шиеленісті сәтті қою қара түспен көрсетіп, адам мен жылқының өмір мен өлім арасындағы арпалысын сызықтарды орайластыра түсіру арқылы бейнелеген. Адам мен табиғат апатының қарсы келуін ақ пен қара түс арқылы жеткізген. Мынау жалғанда адамзат бүкіл жаратылыс пен құбылысты өзіне еш табындыра алмасы хақ. Шығарма құрылымында жоғарыдан жөңкіліп келе жатқан жойқын қар көшкінін, бірақ оның әлі де Аспанға жете қоймағанын көруге болады. Бұл дегеніңіз кейіпкердің әлі құтылуға мүмкіндігі, үміті  бар екенін білдіреді. «Аспан бар күшін жинап, отырды. Ақ көрпеге оранған таулар жан-жағынан қоршап, ақ сәлделі алып ағаштардың басы бейне бір жаназа оқуға жиналғандай төмен иілген.

– Қош болыңңңң-даррррр! – деп Аспан дауысын соза айқайлады… Оны іздеп шыққандар дәл осы айқайы арқылы тапты». Суретшінің пластикалық-болмыстық шешім өткірлігі, кеңістікте кез келген түрді пайдалана алу мүмкіндігі, повестегі әр сөйлемнің астарын графикамен бейнелеу айшықтығы шығарманың шиеленісті сәтін тап басуға мүмкіндік берген. 

қар қызы

         Бақы Урманченің баяндау түріндегі суреттері (иллюстрация) де бар. Мәселен, «Қар қызы» повесін алайық. Үш жылға созылған құрғақшылықтан кейін бозбала Нұржан қыста екі көмекшісімен бірге шөп әкелу үшін жолы қауіпті де қиын ұзақ сапарға аттанады. Жастар жол бойы сан түрлі қиындықтарға қарсы тұруға тура келеді. Әбден тоңған, ашқұрсақ үшеу бір кезде бөренеден қиып жасалған, төбесін бөріктей қоқайып қар басқан үйге кез болады. Жанында қыбырлаған тірі жан көрінбейді. Орманның ортасында жападан жалғыз мүлгіп тұрған үйде тіршілік иесі бар екенін терезесінен жылтыраған әлсіз жарық қана білдіргендей. Осылайша суретші бізді қар патшалығына ертіп әкеліп, табиғаттың қатал мінезімен бетпе-бет кездестіреді. Суретте үш жігіт белуардан келетін қарды омбылап, бірінің соңынан бірі жанұшыра үйге ұмтылуда. Суретші көрерменді оқиға желісіне көркем жолмен еліктіре жетелейді. Тұмса ормандағы жалғыз тіршілік көзіне асыққан кейіпкерлерді ту сыртынан бейнелеуінің де астары бар. Жүздері көрінбейді. Әйтсе де, жанталаса алға жылжыған қимылдарынан-ақ олардың тезірек жылы жерге жетіп, адуын аяздың құрсауынан құтылуға асыққандарын жан-дүниеңізбен сезінесіз. Сезінесіз де, олардың жылы жерге жетулеріне жәрдемдескіңіз келіп кетеді.

қар қызы 1

Суретші сонымен бірге асқақ Алтайдың қысқы көрінісін де шынайы бейнелей білген. Омбы қарға жартылай көмілген ағаш үй. Ақ көрпеге тұмшалана оранған Алтай тауы қыс қаһарына қыңқ етпейтін қайсар сипатта. Алайда, Алтай бір қарағанда көзді арбап, сұлулығымен еліткендей болса да, сұсты, айбарлы, әрі тылсым көрінісі көңілді қобалжытпай қоймайды. Өйткені, бұл мекеннің қожайыны қадым заманнан бері өр Алтай. Сондықтан да, суретші бұл туындысында тәкәппар қожайынға ерекше мән берген.

жетім бота

     Суретші қылқаламына сүйсіне арқау еткен тақырыптың бірі – әйелдер бейнесі. «Жетім бота» графикасында бойжеткен Ақботаның болмысын аса нәзік астар арқылы бейнелеген. Ата-анасынан ерте айырылған бойжеткен бар жүрек мейірін ботаға арнайды. «…Ақбота екі бүрмелі қазақ көйлегін, сыртынан нәзік белін қынаған камзол киген. Басында үкінің үлпілдек жүнді қауырсыны тағылған тақиясы, құлағында сырғасы, қолында күміс білезігі бар. Мойынына әдемі моншақ, шашына күміс тиындары сылдырлаған шолпы таққан». Суретші Ақботаның «Жетім бота» күйі ойналып жатқан сәттегі кезін бейнелеген. Күй сарыны пенделердің мынау пәнидегі өмір мен өлім арасындағы уақытша саяхаты туралы әңгімелегендей әсер береді. Сонымен бірге, қайда барып бас ұрарын білмей, теңіз жағалаған жетім ботаның жалғызсыраған зарлы үні де еміс-еміс естілгендей болады. Аяулы ата-анасын зарыға күткен бойжеткеннің мұңы да сол зарлы үнмен үндесіп кеткендей. Мынау жалған дүниеде үміттері үзілген қос жетімнің өксігі... Міне, осынау қайғы мұнарлаған бас кейіпкердің сүйкімді жүзін, тағдырындағы тауқыметке қарамастан жан-дүние нәзіктігі мен тазалығын тәрк етпеген бейкүнә жан-дүниесін суретші қылқаламымен тым әсерлі жеткізген. Қара түсті көлеңке мен ақ-қара сызықтар арқылы қыздың көңіл күйін тап басқан. График арқылы киімнің, бас киімнің және музыкалық аспаптың өзгелер көңіл аудара бермейтін тұстарына дейін ерекше мән берген.

   Енді «Қар қызы» повесіндегі Алмаштың бейнесі туралы аз-кем айтсақ.

алмаш

Суретші бас кейіпкерді көз тоймас ару, әппақ үлпершек бұлт бейнесінде елестетеді. Оның үстіндегі етегі жерге төгілген көйлегі бір сәт әппақ қарға айналып кеткендей әсер береді. Алдамшы түс пе? Шынайы өмір ме? Әлде арман шығар? «Мен шынында да Қар қызымын», – деді қыз Нұржанға. – «Бірде қарлы боран соғып тұрған түнде мен киімсіз, жалаңаяқ далаға қашып шықтым. Мені тауда осы үйдің иесі – ата тауып алды. Олардың балалары жоқ екен. Сөйтіп, мені бауырларына басты. Менің осында жасырынып жүргенімді жылдар бойы ешкім білмеді. Анам ауруханада өмірден өткенін де осы жерде естідім... Қайғы мен күйзелістен құр сүлдерім қалғандай. Кейде көңілімді қайғы басқанда ақ көйлегімді киемін де, түн ішінде тауға қашып кетемін. Жападан жалғыз қар кешіп, ұзақ жүремін, ән айтамын, жылаймын... Түнде жалғыз өзім тіземнен қар кешіп, тау ішін кезіп кеткен кезде көкірегімді кернеген ыстық біраз болса да суынып, сәл де болса сабыр шақырғандай боламын...». Оралхан Бөкей қасірет шеккен кейіпкер бейнесін осылай сомдайды. Ал Бақы Урманче осы сәтті шебер пайдаланып, суретте қыздың көңіл күйін сәтті жеткізе білген. Қар қызының сымбаты керім, аққу мойынды және екі жаққа созған қолдары құс қанаты іспетті. Жападан жалғыз тұрған сұлу қыз... «Қар қызы, мынау әппақ әлемде саған не керек?». Сірә, жүрегің жаншылып «қарға көмілген жаныңды мұң басқанда алыстан өзіңді шақырған дауысты естіп, Нұржан сияқтылар «жан-дүниеңді қуанышқа бөлеп, өмірге ынтызарлығыңды арттыру» үшін  керек шығар...».

айпара

          «Айпара ана» повесі жоңғарлардың қазақ жеріндегі жорығы кезіндегі қасіретті көз алдымызға әкеледі. Талай-талай тар жол, тайғақ кешуден өткен батыр қазақтың болмысын жазушы ер мінезді, ақиқатты ар етіп ұстаған, дана Айпара ана арқылы жеткізген. Оның ой-толғаныстары мен зары: соғыс неге болады, адамдар неге бір-бірін өлтіруге құмар, бейкүнә балаларды неге қыршынынан қияды, бауыр еті баласынан айырылып, қайран Ана неге қасірет шегеді? Суретші Айпара ананың дәл осы күйін бейнелеген. Жазушы қалай суреттесе, суретші қылқаламымен солай бедерлей алған. Алты қанат киіз үйде келісті келген, айбынды, ер мінезді, өмірінде көпті көрген батыр Айпара ана отыр. Тобықты руының үлкен-кішісі оны ақылдылығы, адамгершілігі, кешірімділігі үшін құрмет тұтты. Елдің тыныштығын, қайғы-қасірет шекпеуін, жоқшылықтың жоламауын, отағасы мен ұлдарының аман-есен оралуын бір Жаратқаннан жалбарынып тілеп отырғанын Айпара ананың көзінен көруге болады. «О, менің қасіретті халқым, менің көңілім сендер үшін алаң, сендердің жағдайларыңды ойласам, санам сан саққа кетеді. Жоңғар шапқыншылығынан гөрі мені сендердің бірлігі жоқ тірліктерің алаңдатады. Тек бірлікте болсақ қана бақытымыз бен тыныштығымыз үшін бек күресе аламыз». Суретші график арқылы киіз үй ішінде малдас құрып отырған, қолында тасбиығы бар Ананы бейнелеген. Суреттің әр көрінісінен ұлттық қасиеттің ерекше нышандарын көруге болады.

мынау әппақ

Бақы Урманче Оралхан Бөкей шығармаларын оқып, жіті зерттеп, зерделегеннен кейін ғана қылқаламына жүгінген. Сондықтан да оның суреттері ойлы, терең. Кейіпкерлердің мінезі мен шығарма мазмұнын да дөп жеткізеді. Қорытындылай айтқанда, жан-дүние мен көз көрегенділігін және дарын шеберлігін шамырқандыра отырып, ой-танымын қылқаламына жетекші еткен суретші Бөкейұлының шығармаларын суретпен шынайы сөйлете алған. Қазақтың ұлттық мінез-құлық ерекшеліктері мен қасиеттерін де қалт жібермеген. Еңбек адамының жан-дүниесіне терең үңілген. Сондықтан да болар, қазақ халқы Бақы Урманчені ұлттық суретшіміз деп қабылдап, мақтан тұтады. Ел тарихы мен мәдениетін және қазақ прозасының құлагері Оралхан Бөкейдің алтын қазынасын көркем суретпен сөйлеткен дарынды қылқалам иесінің туындыларының құндылығы уақыт өткен сайын арта берері анық.

 

Лариса КАСТЮК,

Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхананың маманы

ӨСКЕМЕН