Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2019

Қостанайда Бейімбет Майлинге арналған жастар конференциясы өтті

523 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда жазушы Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай өткен мерекелік шаралар аясында әдебиет пен тарих саласындағы жас ғалымдардың қатысуымен Бейімбет Майлиннің шығармашылығы мен өміріне арналған жастар конференциясы өтті.

Қостанайда Бейімбет Майлинге арналған жастар конференциясы өтті

«Би-ағаның мерей тойына байланысты өтіп отырған бұл шара ешқандай ресми сипатта емес, шығармашылық негізде өтеді, оның аудиторияға қызықты болуы ғана ойластырылды. Біздің мақсатымыз Бейімбет Майлинді зерттеу және шығармасын зерделеу ісінде жаңа толқынның атсалысуы, жаңа буынның көзқарасы, жалпы «Тәуелсіз елдің тұрғысынан алғанда Бейімбет біз үшін кім?» деген сұраққа жауап іздеу болатын» деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақ.

Конференция жас ақын Абылай Мауданның модераторлығымен өтті. Онда әдебиеттанушы, сыншы Лев Гумилев атындағы университеттің докторанты Заңғар Кәрімхан, ақын, әдебиеттанушы, журналист Айнұр Төлеу, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университеттің кафедра меңгерушісі Еркін Рахметуллин, жазушы-драматург, Абай атындағы педагогика университетінің докторанты Әлібек Байбол, балалар жазушысы, әдебиет сыншысы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбайұлы Бейімбет шығармашылығы мен оның зерттелуі, жазушы шығармашылығының өміршеңдігі, жастарға насихатталуы жайында жан-жақты әңгіме қозғады. Сонымен қатар олар аудиториядағы жастар сұрақтарына да толыққанды жауап беріп отырды.

«Біздің гуманитарлық ғылымдағы ғалымдардың басы 80 жастың үстінде, ең жасының өзі елуде. Қоғамдық ғылымның қартайғаны байқалады. Бізде зерттелетін, анықтайтын, айтылмаған дүние көп, ақтаңдақтар да жеткілікті. Олармен кім айналысады, кім зерттейді? Өткен ғасырдың басында жазба әдебиетіміз қалыптасқан тұста ауыр трагедиялық-психологиялық үдерістер орын алды. Саяси қуғындалған, репрессияға ұшыраған жазушылардың шығармалары өртелді, сөреден алынып тасталды, тиым салды. Соларыдң арасында Би-ағаң да бар. Барлығы да зерттеуді күтіп жатыр, Ресейдің архивтерінен қарау керек» деді Елдос Тоқтарбай.

Конференцияда Бейімбет шығармашылығын насихаттау, оның ерекшеліктері туралы көптеген қызықты пікірлер ортаға салынды. Екі сағатқа созылған конференцияны қорыта келе, жастар Бейімбет шығармалары мәңгілік, олар уақыт басқа болса да шеберлігімен, алынған мәселесінің маңыздылығымен халқымызбен бірге жасай бертіндігі айтылды.

 

Қостанай