Дүбірлі додада жер жаһанның 71 мемлекетінен келген 483 балғын балуан бақ сынады. Жарыс қожайындары ретінде Қазақстан құрамасы әр салмақ дәрежесі бойынша қос спортшыдан қосуға мүмкіндік алды. Бұл – әлем біріншілігінде бұрын-соңды болмаған үрдіс. Халықаралық дзюдо федерациясы биылғы жылдан бастап, осындай қадамға баруды құп көрген екен. Осылайша, Алматыдағы жарыста республикамыздың 31 дзюдошысы ел намысын қорғады.
Жарыстың алғашқы күні отандастарымыз үшін табысты болды. Ұлдар арасында 50 кило салмақта өнер көрсеткен Нұрқанат Серікбаев беларуссиялық Виктор Зелянко, моңғолиялық Мендсайхан Нимсуренге сан соқтырып, жартылай финалда украиналық Микита Голобородконы жолынан ығыстырды. Қандасымыз финалда италиялық Ромэн Валадиер Пикардпен кездесті. Екеуі біразға дейін бір-бірін ала алмады. Десек те бәсеке бел ортадан асқан тұста қазақ дзюдошысы қарсыласын татамиде тырп еткізбей ұстап, айқын жеңіске қол жеткізді. Құтты болсын, қазағым! Нұрқанат Серікбаев – әлем чемпионы!
Қыздардың ең жеңіл салмағында Әлима Жұмағалиева Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған жакүйерлерді қуантты. Бастапқы қос бәсекеде үндістандық Прия Прия мен армениялық Сусанна Степанянға сан соқтырған ол жартылай финалда италиялық Антонина Деспензаға есе жіберді. Ал үшінші орын үшін тартыста Әлима мен бразилиялық Ребекка Венсеслау ұзақ тіресті. Алайда кездесудің аяқталуына небары сегіз секунд қалғанда қаршығадай қазақ қызы қарсыласын иппонға түсірді. Әлима Жұмағалиева – әлем біріншілігінің қола жүлдегері!
Екінші күні жас өрендеріміз қос қола медальді қанжығасына байлады. 60 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Марлен Әділ мен Нұрсұлтан Зайзағалиев өздерін жақсы қырларынан көрсетті. Төрт бірдей қарсыластарын қапы қалдырған жас өрендеріміз қола медаль үшін өзара таласты. Бұл тартыста Нұрсұлтан «вазари» әдісімен алда келе жатқан еді. Алайда төрешілер тарапынан үш ескерту көрсетілгендіктен, бәсеке мерзімінен бұрын тоқталып, жеңіс Марленнің еншісіне жазылды.
66 кило салмақтағы Тілеген Тынарбай алғашқы айналымдарда Тәжікстан мен Черногория өкілдерін ұтқанымен, үшінші кезеңде бразилиялық балуанға есе жіберді. Одан кейін Үндістан мен Грекия дзюдошыларына сан соқтырып, үшінші тұғырға табан тіреді.
Жарыстың үшінші күні Айдар Арапов қола медальді мойнында жарқыратты. 81 кило салмақта айқасқан қандасымыздың тек укрианалық Тимур Валиевқа ғана әлі жетпеді. Жартылай финалда соған есе жіберген қандасымыз үшінші орын үшін тартыста Украинаның тағы бір өкілі Никита Батиден басым түсті.
Соңғы күні +70 кило салмақтағы Мадина Парағұлғова өз көрермендерін қуантты. Кипр, Қырғызстан және Франция дзюдошыларын жолда қалдырған ол ақтық сында бразилиялық Анна Сантоспен сайысқа түсті. Қарсыласы біздің қызға қарағанда әлдеқайда еңселі еді. Салмағы кемінде 20-30 килодай артық. Соған қарамастан Мадина оны «вазариге» түсірді. Алайда арада көп уақыт өтпей жатып, Сантос сан соқытып кетті. Жерлесімізге бұйырғаны –күміс жүлде.
Осылайша, Алматыдағы әлем біріншілігі өз мәресіне жетті. Біздер үшін ол табысты аяқталды деп айтуға толық негіз бар. Себебі, бұрын-соңды әлемдік додаларда жерлестеріміз ешуақытта алты жүлде алған емес. Оның үстіне командалық есепте төртінші орын алдық. Бұл – орасан зор табыс. Сондай-ақ, осыған дейінгі жарыстарда еліміздің қыздар құрамасы бірде-бір жүлде алмаған. Ал Алатау баурайында қос аруымыз жеңіс тұғырына көтеріліп, жергілікті көремендерді қуантты. Бұл да ел спорты тарихындағы елеулі оқиға.