Алматы қыста қысылмайды
Қаланың Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, биыл Алматыда жылу жүйесі 15 қазанда іске қосылады. Мектеп, балабақша, аурухана сынды әлеуметтік нысандарға 12 қазаннан бастап жылу берілмек. Жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барлығы белгіленген кестеге сай жүруде.
Тұрғындардың қарды уақытылы тазарту және өзге де өтінімдеріне шұғыл назар аудару үшін қаланың барлық аудандарында «жедел желі» мен учаске бастықтарының, аудан әкімдері орынбасарларының байланыс нөмірі жазылған ақпараттық тақта орнату тапсырылды.
Коммуналдық қызметке жаяу жүргіншілер жолы мен аулаларды жедел тазартуда ПИК-тердің жұмысын барынша күшейту қажеттігі ескертілді.
Жалпы кезекті жылыту маусымына дайындық жұмыстары ауқымды жүрді. 32 шақырым ескірген жылу құбыры ауыстырылып, гидравликалық сынамалардан өткізілді. Жылу магистральдарын қайта жабдықтауды республикалық бюджет есебінен қаржыландыру жыл сайын ұлғайып келеді.
Жөндеу жұмыстарының барлығы жоспар бойынша 1 қыркүйекке дейін біткен. Құрылыс жұмыстары кезінде де ешкім ыстық судан таршылық көрген жоқ дейді мамандар. Жұмыс кезінде уақытша кесте сызылып, тұрғындар басқа су көздеріне қосылып отырған. Қолайсыздық тек көшені қазғанда ғана болған.
Жөндеу жүргізген мердігер мекемелер жұмыстарына 3 жылға кепілдік береді. Ақау бола қалса өздері тез арада жөндеуге міндетті. Айта кетейік, былтыр Алматыда жылу жүйесі тот басып, әбден ескірген 13 шақырымнан аса құбыр ауыстырылды. Қазіргі таңда барлық тұтынушылар ыстық сумен қамтамасыз етіліп, жөндеу жұмыстары аяқталды. Жылу жүйесіне сырты пластик, ішінде пенополуретан бар, үшінші қабаты болат жабындымен қапталған құбырлар қолданылды. Бұрынғы құбырлар 25 жылға жарамды болса, қазіргі құбырлардың жарамдылық мерзімі – 30-40 жыл. Сырты қорғалып тұратындықтан судың әсерінен оны тот баспайды.
Негізінде жылу беру құзырлы органның қаулысы шыққаннан соң беріледі. Алайда, ауа температурасы төмендеп кеткен жағдайда балабақшалар мен ауруханаларға жылу одан ертерек қосылады.
Қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы жылу-энергетика кешенін дамыту бөлімінің басшысы Руслан Кемелбаев мұның барлығы жылу энергиясын қолдану ережелері мен жылыту маусымының дайындығына байланысты екенін айтты. Егер бес күн бойы ауа температурасы 8 градус жылы болса, онда жылыту маусымын бастау туралы қаулы шығарылады.
«Денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үй нысандарының жылыту маусымына дайындығы – 100 пайыз. Алматы қыста жаурамайды» деді Руслан Кемелбаев.
Жылуға жауапты мекеме жыл сайын кем дегенде 10 шақырым құбырды ауыстыруды жоспарлап отыр. Дегенмен, бұл жаңарған құбырдың небары, 2 пайызын ғана құрайды. Алматыда жалпы ұзындығы 1 мың 193 шақырым жылу және ыстық су құбыры болса, оның 736 шақырымы 25 жылдан астам уақыттан бері қолданылып келеді. Оларды жаңарту кезек күттірмес міндеттердің санатында тұр.
Отын-энергетика кешенінің кәсіпорындары, «Алматыжылукоммунэнерго» мекемесінің жөндеуден шыққан 78 дана жылу қазандығы іске қосуға сақадай сай мазут және жыл соңына дейін көгілдір отын тасуға келісім-шарт жасалған.
2 жылу электр стансасы мен Алматы жылу жүйелерінің батыс жылу кешеніндегі дайындығы аяқталды. Кестелер, қажетті құрал-жабдықтар құрамы да жылу маусымына дайын.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың біліктілігі мен сынға төзімділігін алдағы қыс пен көктем сынайды. Ал әзірше қала билігі «Алматы алдағы қыста жаурамайды» деп бізді сендіріп отыр.
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ