Екі ел әріптестігі дами береді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясының аясында Швейцария Президенті Ули Маурермен кездесті.
Президенттер күн тәртібінде тұрған көптеген екіжақты мәселелерді талқылады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан-Швейцария ынтымақтастығының жоғары деңгейін атап өтті.
«Швейцария – екіжақты сауда мен инвестиция саласындағы Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі. Біздің елдеріміз банк, құрылыс және аграрлық сектордағы жобаларды белсенді түрде алға жылжытып келеді», деді Қ.Тоқаев.
Қазақстан Президенті қаржылық қызмет көрсету, машина жасау, химия, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы бірқатар перспективалы бірлескен жобаларға назар аударды.
Сөз соңында Қ.Тоқаев швейцариялық әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Өзінің саяси формуласын айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елді басқарудағы өзінің саяси формуласы туралы айтып берді.
«Қазақстанның саяси жүйесіндегі формулам мынадай: мықты стратегиялық ойлай білетін күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет. Бұл тұжырым еліміздің негізгі қажеттілігіне сай келетініне және оның бейбіт әрі тұрақты болашағын қамтамасыз ететініне нық сенімдімін», деді Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа Президенті ретінде ең алдымен заманауи әлеуметтік мемлекет құру мақсаты екенін баяндады. «Менің басты мақсатым – миллиондаған қазақстандықтың ауқымды реформалардың игілігін көріп, мықты экономикасы, жоғары сапалы білім беру жүйесі мен заманауи медицинасы бар, темір құрсаулардан азат қоғамда өмір сүруі», деді Қазақстан Президенті.
Бірлескен шараларға мән берді
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның мінберінде әлемді ядролық қарудан азат етуге және терроризмге қарсы бірлескен шараларды қолға алуға шақырды. Тоқаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында сөйлеген сөзінде терроризмге қарсы күрестегі өз елінің тәжірибесімен бөлісті», делінген ақпаратта.
«Барлығымыз білетіндей қақтығыстар жойқын сипатқа ие. Олар терроризм мен экстремизмнің туындауына себепші бола алады. Бұл сын-қатерлерді БҰҰ-ның қолдауымен жаһандық лаңкестікке қарсы бірлескен әрекеттер арқылы ғана жеңуге болады», деді Қ.Тоқаев.
Президент Қазақстанның халықаралық серіктестерімен өткізген Сириядағы соғыс аймағынан отандастарын елге қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясының сәтті аяқталғанын атап өтті. «Шара нәтижесінде террорлық насихатқа ұшыраған Қазақстанның 595 азаматы, оның ішінде 406 бала Сириядағы соғыс аймағынан үйлеріне оралды. Біз тәжірибемізбен басқа елдермен бөлісуге дайынбыз және оларды осындай әрекетке шақырамыз», деді ол.
Сондай-ақ Қ.Тоқаев мемлекеттер көшбасшыларын ядролық қарудан азат әлем құруға шақырды. «Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу менің елім үшін басты басымдық болып қала береді. Бұл ұмтылыс бізге ядролық қаруды жою жөніндегі жаһандық қозғалыстың алдыңғы қатарында болуға мүмкіндік бере отырып, қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің ажырамас бөлігіне айналды», деп атап өтті Президент.
Сапармен келуге шақырды
Әзербайжандық Trend ақпарат агенттігі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина Президенті Владимир Зеленскийдің Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өткізген кездесуіне назар аударды.
Ақпаратта қос президент бір-бірін сайлау нәтижелерімен құттықтағаны айтылған. Қазақстан Президенті екі ел тарихының ұқсастығын және болашағының ортақтығын атап өтті. Ол Украинамен саясатта, сауда мен экономикада ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін білдірген. Кездесу соңында Қ.Тоқаев пен В.Зеленский бір бірін өз елдеріне сапармен келуге шақырды.
Заманауи трендтерді талқылады
Қасым-Жомарт Тоқаев Goldman Sachs компаниясының президенті Дэвид Соломонмен және Eurasia Group компаниясының президенті Ян Бреммермен кездесті. Кездесу барысында Goldman Sachs-тың Қазақстандағы қызметінің негізгі бағыттары, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының шеңберіндегі ынтымақтастық мәселесі талқыланғаны айтылған. Тоқаевтың Goldman Sachs компаниясымен ынтымақтаса отырып, АХҚО-мен өзара іс-қимыл аясын кеңейту мен қазақстандық компаниялардың IPO-ға шығуына жәрдемдесу мәселелерінде тығыз жұмыс істеуге ниет білдіргеніне тоқталған.
Eurasia Group басшысымен кездесуде тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, технологиялық дамудағы заманауи трендтерді талқылаған. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ян Бреммерді Astana Club халықаралық пікірталас алаңының жұмысына қатысуға шақырғаны айтылған.
Шолуды әзірлеген
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
Меруерт БҮРКІТБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»