Форум аясындағы дөңгелек үстелде бас қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Парламент депутаттары, Ассамблея Кеңесінің, Қоғамдық келісім кеңестерінің, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктер өкілдері халық тұрмысының сапасын жақсарту жөніндегі мәселелерді талқылап, қоғамдық келісім кеңестерінің рөлін арттыру, жалпымемлекеттік міндеттерді шешу жолдарын сарапқа салды.
Форум тақырыбына тұздық болған күн тәртібі Президент Жолдауында маңыздылығына мән берілген мәселелер мен тапсырылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатынан туындайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тұрақтылығы мен дамуы үшін қоғамдық диалог алаңдарының жұмысын жандандырып, өзектілігі мен белсенділігін арттыруды тапсырған болатын. Форум барысында сөз алған қабылдаушы тарап, Алматы қаласының әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Бақытжан Сағынтаев осы мақсатта Алматы қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып өтті. Сондай-ақ қоғамдық келісім кеңестерінің аймақта атқарып отырған жұмысына оң баға берді.
«Президент өз Жолдауында қоғам назарын әр адамды алаңдататын маңызды мәселелерге аудартып қана қоймай, оны шешу жолдарын да ұсынды. Бұл Қазақстан азаматтарының заңды мүдделері мен құқығын қамтамасыз ету жолындағы батыл қадам болды. Президент Жолдауы экономикалық және әлеуметтік теңсіздікті жойып, әлеуметтік әділеттілік принциптерін үстем етуге және ең бастысы, еңбекке ынталандыруға жағдай туғызуға бағытталған», – деген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев, Жолдаудан туындайтын түйін, азаматтардың өз мәселесін өзі шешу мүмкіндіктерін арттыруға жағдай жасау керек деді.
«Бүгінде Ассамблея алдында Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауынан туындаған ауқымды міндеттер мен мақсаттар тұр. Соның бірі, жалпыұлттық қоғамдық диалогты жолға қою – Ассамблея жанындағы қоғамдық келісім кеңестерінің басты мақсаты болмақ», деген Жансейіт Қансейітұлы Қоғамдық келісім кеңестерінің ауқымын кеңейту арқылы, оған халықтың басым бөлігінің қатыстырылуын қамтамасыз ету керек, бұл халық ішінен мұқтаж жандарды тауып, олармен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді деп атап көрсетті.
Санды сараптасақ, бүгінде ел ішінде Ассамблеяның 23 мыңнан астам адам топтасқан 2786 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істеуде. Оның ішінде 14-і облыс орталықтарында, 3-еуі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, 42-сі қалаларда, 167-сі – аудандарда, 2426-сы – ауылдық жерлерде, сондай-ақ 134-і мекеме-кәсіпорындарда құрылған. Жансейіт Қансейітұлы Қоғамдық келісім кеңестерінің бұл әлеуетін әлеуметтің әл-ауқатын көтеруге жұмсау керек дейді.
Форум аясында қатысушыларға «Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысы» көрмесі таныстырылды. Мұнда қатысушылардың назарына елдің әр аймағындағы қоғамдық келісім кеңестерінің атқарып отырған жұмыстары туралы ақпарат ұсынылды. Және Ассамблеяның бір шаңырағына біріктірілген барлық этнос өкілдері өздерінің салт-дәстүрі мен мәдениетінен мағлұмат беретін тарих жәдігерлері мен қолөнер бұйымдарын ұсынды.
Сондай-ақ форум барысында «Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысында медиативті технологияларды пайдалану» тренингі ұйымдастырылды.
«Егемен-ақпарат»