Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2019

Жамбылдықтардың тұрмыстық табысы жақсарады

478 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» мақұлданған болатын. Осы орайда Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімінің орынбасарлары Мұратхан Шүкеев пен Нұржан Календеровтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Жамбылдықтардың тұрмыстық табысы жақсарады

Жалпы, аталған жоба бойынша тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, халықтың тұрмысын жақсар­туға бағытталған 5 бағыт қарас­ты­рыл­ған. Үй іргесіндегі жерлерді ти­ім­­ді пайдалану, үй ауласында ма­л және құс өнімділігін арттыру, ауыл сыртындағы пайлық үлес жер­лерді ұтымды пайдалану, сол арқы­лы жем-шөп, жайылым мәселесін шешу, қосалқы шаруашылықтардың тиімділігіне қолбайлау болып отырған мәселелерді кооперативтер арқылы шешу және ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру бағыттары өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар қатарында. Өз кезегінде әкімнің орынбасарлары бұл мәселені бүге-шүгесіне дейін тарқатып айтып берді.

«Үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бағыты бойынша 10 қанатқақты округтердегі 7 мыңнан астам аулада 1117 гектар үй іргесіндегі жерлер бар. Олардың 853 гектары әртүрлі деңгейде пайдаланылуда. Соның ішінде 157 гектар жерге, яғни 19 пайызына өнімділігі өте төмен жоңышқа егілген. Ал 264 гектар немесе 24 пайыз жер игерілмей жатыр. Бұған қоса қолданыстағы жердің де өнімділігі өте төмен. Себебі сапалы тұқым, тыңайтқыштар мен пестицидтер қолданылмайды және өнім бір-ақ рет алынады. Жоба аясында кооператив есебінен тиімді дақылдардың сапалы тұқымымен, пестицидтер және тыңайтқыштармен қамтамасыз етіледі және дақылдар екі айналымда егілетін болады. Мұның бәрі әр ауылдық округтің табиғаты, жері, суы ескеріле отырып саналды. Ол үшін 298 тонна тұқым, 715 мың көшет, 3,7 тонна пестицид, 164 тонна тыңайтқыш сатып алынады. Бастама ретінде 76 отбасылық жылыжай салынады және су­мен қамтуға қатысты жұмыстар жүр­гізіледі. Технологияны сақтау үш­ін ауылдық округтер агрономмен қам­­ты­лады. Нәтижесінде өнімділік 2 есе­­ге, өнім көлемі 3 есеге артатын болады. Бірінші бағытқа 968 млн теңге қа­ра­жат бөлініп отыр», деді Мұратхан Шүкеев.

Жиында облыс әкімінің орынбасарлары үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру бойынша екінші бағытқа да тоқталды. Бүгінде аулалар 56 пайыз ғана малмен қамтылған. Мұның бірден-бір себебі, олар жем-шөптің, жайылымның жетіспеуінде және рационның құнарсыздығында екенін айтты. Сонымен қатар жиында қос­алқы шаруашылықтардың бұл ба­ғытта тиімділігін көтеру үшін аула­­лардың мүмкіндігін ескере оты­рып, 44 мың мал-құс сатып алу жос­парланып отырғаны да айтылды. «Қолдағы және сатып алынатын мал-құсты тиісті жем-шөппен қам­та­ма­сыз ету үшін, тұрғындардың ауыл сыр­тындағы пайлық жерлерді пайдаланатын болады. Әрбір ауылдық аймақта құрылатын көпсалалы ауыл шаруашылығы кооперативтерін жем-шөппен қамтамасыз етуден бөлек, малды асылдандыру үшін қолдан ұрықтандыру бекетін ашады және құс шаруашылығына инкубаторлар сатып алады. Нәтижесінде мал өнімінің көлемі кемінде 2-3 есеге, құстікі 11 есеге көбейеді. Екінші бағыт бойынша 3,5 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр.

 Ауыл сыртындағы пай үлестік жер­лерді, бір жағынан тиімді пайдалану үшін, екінші жағынан, қосалқы шаруа­шылықтағы мал-құсты жем-шөппен қамтамасыз ету үшін кооперативке 40 трактор, 182 қосалқы қондырғылар, 36 шөп, егін жинайтын техникалар сатып алынбақ. Сонымен қатар 273 тонна мал азығы дақылдарының тұқымы, 684 тонна тыңайтқыш және 8 тонна пестицидтер сатып алынады. Осы мақ­сатта, тұрғындардың келісіміне сәй­кес, 4 351 гектар пай үлестік жер­лер біріктіріліп, 19 мың тонна шөп, 7 мың тонна жем, 2 мың тонна сүрлем өндіру жоспарланып отыр. Бұл сала­да­ғы шығындар келесі бағыттың қар­жы­сына қосып саналған. Жоғарыда көр­сетілген барлық ұйымдастыру мәсе­лелерін шешу үшін әр ауылдық округ­те 10 қанатқақты көпсалалы кооперативтер тіркелді», деді Мұратхан Шүкеев.

Бірінші және екінші бағыттар бо­йынша өнім өндіруге, алғашқы өңдеуге арналған жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 734 млн теңге, егін егетін және жинайтын техникамен кооперативті жабдықтау үшін 1,4 млрд теңге, сапалы тұқымдарды, тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алу және кооператив жұмысының алғашқы екі айына қажетті айналым қаражатын қоса есептегенде 557 млн теңге керек екен. Жалпы, кооперативтерді құру және жабдықтау үшін барлығы 2,7 млрд теңге қарастырылған.

«Әрбір кооператив жұмыс істеп тұрған 13 қайта өңдеу кәсіпорнына байла­натын болады. Осының есебі­нен сүт өңдеу жүктемесі 56 пайыздан 79 пайызға, ет өңдеу 36 па­йыздан 58 пайызға дейін артады. Ко­оперативтердің жұмысын тиімді ұйым­дастыру үшін типтік құжаттар, басқа­рудың оңтайлы моделі әзірленді. Сонымен бірге бухгалтерлік есеп және іс құжаттарын жүргізу үшін әрбір кооперативтің құрамына «Тараз «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация­сы» акционерлік қоғамы енгізілді», деді Нұржан Календеров. Облыс әкімінің орынбасарлары бесінші бағыт – ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру бойынша да мәлімет берді. Қанатқақты ауылдық округтерде қосалқы шаруашылықтан бөлек, 137 шағын жобалардың тізімі жасақталған. Оның 16-сы ауыл шаруашылығына қатысты болғаннан кейін, жобаға бөлініп отырған 7,2 млрд теңгенің есебінен қаржыландыру көзделіп отыр. Қалған 121 жобаға 469 млн теңгеге жергілікті бюджеттен бөлінеді. Жобалардың іске асуымен 385 жаңа жұмыс орындары құрылып, 137 жеке кәсіпкерлік субъектілері тіркелетін болады.

Сонымен қатар 10 қанатқақты ауылдық округте баяндалған 5 бағыт бойынша күтілетін нәтижелер де айтылды. Енді 7 мың отбасы немесе 35 мың адам келесі жылдың қорытындысымен айына кемінде 104 мың теңге (өсім 2,5 есе) табыспен қамтамасыз етіледі, 2022 жылы бұл табыс екі есеге артатын болады. Бұдан кейін 2229 өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар мін­дет­ті зейнетақы, салық және басқа төлем­дерді төлейтін кәсіпкерлерге айна­лады. 10 ауылдық округте ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,3 есеге, яғни 3,5 млрд-дан 7,9 млрд теңгеге дейін өседі. Сүт пен етті қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 20-25 пайызға артады. 2019 жылы жобаны қаржыландыру әкімдікке кредит беру жүйесімен «Еңбек» бағдарламасы аясында іске асыру ұсынылады.

«Әкімдік, әрі қарай сенім аген­ті арқылы 2,5 пайыздық несиемен тұрғындарды, кооперативтерді қаржы­ландыратын болады. Осы жобаны іске асыруға қатысты барлық ұйымдастыру жұ­мыстары бекітілген. Соның ішін­де бюджеттік әкімші болатын ауыл­шаруашылық басқармасының штаттық саны 18 қызметкерге көбей­тіл­ді. Аудан, ауыл әкімдерінің арнайы жұмыс алгоритмі бекітіліп, жұмыс топтары құрылды. Сонымен қатар әр аудан­да «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» мекемесінің мамандары әрбір қанатқақты округте несие алушылардың құжаттарын қабылдап, Тараз қаласындағы «Тараз» шағын несие ұйымына жолдауда. Бүгінде «Тараз» шағын несие ұйымына 169 млн теңгеге 56 жоба өткізіліп, сараптама жасалуда», деді Мұратхан Шүкеев.

 Жамбыл облысы