Жуырда Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев бастаған ақпараттық-насихаттық топ халық саны жоғары әрі ең тығыз орналасқан Сайрам ауданы Қарабұлақ елді мекені тұрғындарымен кездескен болатын. Кездесу барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына тоқталған Б.Тәжібаев өзбек диаспорасын «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруда белсенді болуға шақырды. «Биыл ауданнан солтүстікке бір отбасы ғана көшкен. Бағдарлама бойынша солтүстікке барғандардың жұмыс істеуіне барлық мүмкіндік жасалады, мал бағу мен егін салуға жер беріледі. Өңірімізде 400 мыңнан астам шаруақор өзбек ағайындар тұрады. Олар осы бағдарламаны орындауға белсене қатысса, халық жұмыспен қамтылып, баспаналы болып, көптеген мәселелер шешімін табатын еді», деді филиал төрағасының бірінші орынбасары.
Кездесуде сондай-ақ Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ғ.Рысбеков бағдарламаның маңыздылығы туралы баяндама жасады. Ал солтүстікке қоныс аударғандардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан насихаттық топ мүшелері ауыл тұрғындарына мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар мен мүмкіндіктер туралы кеңінен түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап берді. Өзбек этнос өкілдерінің арасында алғаш өткізілген маңызды кездесудің нәтижесі жоғарыдағыдай, яғни 52 отбасы солтүстік өңірлерге көшуге ниет білдірді.
Жалпы, Елбасының бастамасымен 2015 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында Түркістан облысында соңғы 4 жылда 881 отбасы немесе 3377 адам қоныс аударып, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар солтүстік, шығыс өңірлердегі бос жұмыс орындары туралы мәлімет ай сайын алынып, аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарының базалық мәліметтеріне енгізіліп тұрады. Осы жылдың І тоқсанында 3 мыңға жуық жұмыс орындары ұсынылған. Былтыр республика бойынша бөлінген 1706 квота негізінде облыстан 455 отбасы, яғни 1768 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударып, квотамен, көшу үшін берілетін субсидиямен қамтамасыз етілуде. Қоныс аударушылардың басым бөлігі Сарыағаш (91 отбасы), Сайрам (63), Мақтаарал (75), Ордабасы (49 отбасы) аудандарының үлесінде. Ал 2019 жылғы жоспар бойынша облыстан 427 отбасын (1608) көшіру жоспарланған. Қазіргі таңда 284 отбасы (911 адам) солтүстік өңірлерге қоныс аударып, тіршілік етуде. Нақтырақ айтсақ, Қостанай облысына 27 отбасы (112 адам), Шығыс Қазақстан облысына – 54 (104), Солтүстік Қазақстан облысына – 147 (415), Павлодар облысына 56 отбасы (280 адам) қоныс аударған. Айта кетейік, «Еңбек» бағдарламасына қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне бір рет 35 АЕК (88375 тенге) мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Партия филиалы басшыларының мәліметінше, бүгінгі таңға дейін қоныс аударғандардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмысқа қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамтылған. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін, мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері, бос тұрған ғимараттар ұсынылған. Сондай-ақ көшіп-қонуға байланысты мемлекет тарапынан берілетін материалдық көмектермен барған азаматтар қамтамасыз етілуде.
Осы арада айта кетелік, 2019 жылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында 62 мың 386 адам нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысқан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 42 мың 612 адам жұмысқа орналастырылған, оның ішінде 30 мың 328-і немесе 71%-ы тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіліпті. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби дағдыларды қалыптастыру мақсатында азаматтардың жекелеген санаттары үшін қысқа мерзімді курстар өткізуді көздейтін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында Түркістан облысында 2 мың 844 адам оқуға жіберілді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту аяқталғаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік бағдарламаның қатысушыларына жұмысқа орналасуға көмек көрсететін болады. Ал бағдарламаның екінші бағыты аясында облыста микрокредиттеумен 940 адам, оның ішінде қалаларда – 41, ауылдарда 899 адам қамтылды. Мемлекеттік гранттарды 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде мемлекеттік бағдарламаның 101 қатысушысы, 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде – 498 адам алған. Сондай-ақ азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін мемлекеттік субсидияланатын жұмыс орындарын құруды көздейтін бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 13 973 адам, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 4333 адам, қоғамдық жұмысқа 4308 адам орналастырылып, жастар практикасына 5 мың 332 адам тартылған.
Біз жоғарыда нақты деректер келтірген бағдарламаның жұмыс іздегендерге көмегі тиіп, әлеуметтің әлеуетін арттыруға қосып жатқан үлесі мол. Ал ең бастысы – қоныс аударушылар тұрғыны аз шоғырланған солтүстік өңірлердің ауыл-аймақтарын сақтап қалуға өз үлестерін қосуда.
Түркістан облысы