Қазақстан • 30 Қыркүйек, 2019

«ХАТ ҚОРЖЫН»

6135 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«ХАТ ҚОРЖЫН»

...әсерімен бөліседі

Өр рухты дауылпаз ақын

С.Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасында Махамбет Өтемісұлының туғанына 215 жыл толуына арналған «Ереуіл атқа ер салмай» атты тарихи сағат өтті. Мақсаты – ХІХ ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырларымен халықты күреске үндеген Махамбеттің ақындық дарынын өлеңдері арқылы жасөспірімдерге түсіндіре отырып, өлеңмен ой тастап, халық санасын оятуға күш салған ерекше қасиетін жастардың бойына дарыту, өлеңдері мен күйлерінің ерекшелігін аша отырып, олар жөнінде түсінік беру. Ерлікке, Отанды қастерлеуге шақыру, өршіл жырлары арқылы ерлікті ту еткен Махамбеттің батырлығын қастерлеуге баулу, елінің адал азаматы болуға тәрбиелеу. Шара барысында Махамбет туралы бейнежазба көрсетіліп, ақынның «Мен-мен едім...», «Қызғыш құс», «Ереуіл атқа ер салмай», «Атадан туған аруақты ер» тағы да басқа өлеңдері оқылды. Сонымен қатар «Өр рух­ты дауылпаз ақын» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библио­графиялық шолу жасалды. Көрмеге Махамбет туралы әдісте­мелік құрал, баспасөз басылымдары, ол туралы кітаптар қойылды.

 Гүлнұр БЕКЕНОВА,

 С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы

 АҚТӨБЕ

 

...алғыс айтады

Жақсылық шарапаты

Балқаш жері Сарыарқа төріндегі киелі де көркем, тарихы шежі­реге, қойнауы мысқа толы өлке екені белгілі. Бұл жерге өткен ғасыр­дың 30-жылдары мыңдаған қазақ «Өзен жағалағанның өзегі тал­майды» деп келіп, ашаршылық ажалынан қалған. Балығын ас қылып, мысын жер астынан алып кәсіп қылған тұрғындар еліміздің түк­пір-түк­пірінен осы жерге келіп орын тепкен. Бүгінде шағын шаһарда 70 мыңнан астам халық тұрады. Қала жаңа кейіпке енген: алып зауыт, аурухана, емхана, мектеп, балабақша жұмыстары қай­нап жат­қан еңбек ордасын құрайды. Жастардың кәсіптік білім алуына да жағдай туғызылыпты. Қалада бірнеше білім ордасы бой көтерген.

Осы жерде мен солардың бірі туралы айтқым келеді. Бүгінде Ақжал кентіндегі медициналық колледждің жатақханасы күрделі жөндеуден өтіп жаңа кейіпке енген. Бірнеше жыл бойы қаңырап бос тұрған жатақханаға Үкімет тарапынан, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, бес қабатты ғимарат толықтай жөндеуден өтті. Онда айтса ауыз толарлық, көрсе көз тоярлық оң өзгерістер бар екен. Жылы, жарық, жиһазы мен тұрмыстық техникасы жап-жаңа бұл ғимараттан бөлме алған әр студент өзін Қазақстанның азаматы болғанын мақтан тұтады. Жастардың мұндай қамқорлықты сезінуі – келешекте олардың жақсы маман болуларына тікелей септігін тигізеді. Осы орайда алдымен 5 әлеуметтік бастама бағытын бекіткен Елбасына, содан соң үлкен қаражаттың бөлінуін, жөндеу жұмыстарын ұйымдастырған Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына ата-аналар, облыс азаматтары атынан алғыс айтамыз.

 Серік ҚАМБАРОВ,

Ақжал кентінің Құрметті азаматы

 

...үлгі тұтады

Ұлттық спорт түрлері ұлықталды

Қаратөбе ауданы, Шалғын елді мекенінде ұлттық ат спортынан тай жарыс, теңге алу, аударыспақ ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – Eлбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында аталған ұлттық спортты дамыту. Табандылыққа, батылдыққа, тапқырлыққа жетелейтін ұлттық спорттың осынау бағалы түріне ауылдың қазыналы қарттары бастап, бәйге десе қаны қызып, бо­йында қазақылығы тулайтын барша қауым жиналды. «Сайыста бақ пен бап қатар сыналады» деген сөз жанкүйер жұртшылықтың көз алдында тағы бір мәрте дәлелденді. Дүбірімен даланы думанға толтырған той осылайша қалың қауымға қуаныш сыйлады. Ауқымды шара бір адамның ғана еңбегімен емес, көпшіліктің атсалысуымен еңсерілетіні анық. Аталған шараға Nur Otan партиясы Қаратөбе аудандық филиалының өкілдері, Қоскөл ауылдық округінің әкімі, аудандық «Рухани жаңғыру» кеңсесінің әкімгері қатысып, қолдау білдірді. Сайысқа қатысқан барша шабандозға аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық бағалы сыйлықтар табыс етті.

 – Ұлт саулығы – стратегиялық тұрғыдан өте маңызды мәселе. Өйткені біз жастардың спортпен айналысуына жағдай жасасақ – онда жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайып, темекі шегу, на­шақорлық сияқты бірнеше проблеманы түбірімен жоюға мүмкіндік туар еді. Елбасы болашақ жастарымыздың саулығын әріден ойлап, бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын өте жақсы ескертіп отыр, – деді шара соңында аудандық жастармен жұмыс жөніңдегі ресурстық орталығының басшысы Эльдар Амантаев.

Маралбек АМАНАЕВ,

Қаратөбе аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы

 Батыс Қазақстан облысы

 

...қауіптенеді

Жас өскінді кеселден сақтайық!

 Бізде жемқорлық қашан тыйылады деп байбалам салғанда бәледейміз. Сол байбаламшылардың арасында өзім де бармын. Алайда, жемқорлықтың тамырын түбімен қопарып тастау өз қолымызда екенін түсінбей өтетін шығармыз. Мысалы, бір ағамыз прокурор болса, ағайындар сол ағамызға қарап бой түзеп, бағдаршамымыздай көреміз. Дұрысы, баламызды соған ұқсаса, соның адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірсе деп тәрбиелесек жөн ғой. Неге екенін, баламызды әріп тани білгеннен ана кісіге таныстыруға ұмтыламыз. Ол да қарап қалмайды, өз кезегінде:

 – Балам, сен юридическийді оқы. Жақсылап бітірсең сені осы прокуратураға кіргіземін, – дейді... Ал ана бала өзінің қабілетіне қарамай тыраштанып заң жағын жағалағанмен миына түк кірмейді. Сөйтіп тырбанып жүріп диплом алады, бірақ дарынсыз прокурор екенін сезінбейді. Сол кезде ана баяғы көкесі не өліп қалады, не пенсияға шығып кетеді, не ұсталып кетеді... Солай жұмыссыздардың қатарына әлгі дарынсыз юрист те қосылады. Ал ол баладан өз қабілетін шыңдай түскенде мықты химик не математик шығуы бек мүмкін еді. Солай әрқайсысымыз өз ұямызда емес, шатасып түсіп кеткен көкектің балапаны құсап жүреміз. Ау, шенеунік көкелер, жас өскіннің тамырына жемқорлықты екпеңіздерші! Алдағыны Алла біледі, пәлен жылдан кейін туысыңыздың баласын жұмысқа алам деп құлағын көтермей-ақ қойыңызшы!

 Ержан ТӘЛІП