Қазақстан • 30 Қыркүйек, 2019

«Әдеп» жобалық кеңсесі ашылды

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Адалдық алаңы» аясында «Әдеп» жобалық кеңсесі ашылды.

«Әдеп» жобалық кеңсесі ашылды

Салтанатты шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов,  ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ ректоры Талғат Нәрікбаев және Nur Otan партиясы, Білім және ғылым министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, елорданың Алматы ауданы әкімдігі өкілдері мен басқа да ұйым-мекемелердің жетекші тұлғалары қатысты.

Кеңсе Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірлесе қол қойған меморандумы негізінде жұмыс істейді.

Меморандумға ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов қол қойды.

Кеңсенің міндеті – университетте жемқорлыққа қарсы жұмыс жоспарының негізгі бағыттарын жүзеге асыру. Сонымен қатар коррупцияға қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес бірлескен шаралар кешенін іске асыру, оқу орындары қызметінің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету, университетте сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздік туралы түсіндіру жұмыстарын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы про­филактикалық іс-шаралар жүргізу, құқық қорғау органдары­ның білім алушылар мен қыз­меткерлер арасында кездесулерін ұйымдастыру сияқты функцияларды атқарады.

– Елбасы және партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев 2019 жылы 21 тамызда өткен Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жоғары білім саласында жемқорлықты болдырмау туралы нақты тапсырма берген. Ал адалдық алаңы – өміріміз бен қызметіміздің қалыпты, табиғи үдерісіне айналуы керек, – деді ректор Ерлан Сыдықов.

Сондай-ақ әдеп – тәртіп пен мәдениеттің, жауапкершілік пен жасампаздықтың түйіскен алаңы болатынын, бұл жобалық кеңес университетте жемқорлыққа қарсы жұмыс жоспарының негізгі бағыттарын айқындап, жүзеге асыратынын және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, коррупцияға қарсы іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды көздейтінін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов: «Бұл меморандум «Адалдық алаңы» аясындағы Еуразия ұлттық университетінің сапалы жұмысына серпін береді деп сенеміз. Ел болашағы жолындағы қызметіміз жемісті, табысты бола берсін», деді.

Қатысушылар іс-шара аясында «Жазу тарихы» мұражайын аралап, оқу үрдісін ұйымдастыру және мониторинг, тіркеу-офисі бөлімдерінің, білім алушыларға қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

 «Егемен-ақпарат»