Руханият • 30 Қыркүйек, 2019

Ерекше дауысты әншіні еске түсірмек

320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

3 қазан күні «Астана Опера» театрының Камералық залында тыңдарман назарына дүниеден ерте өтіп кеткен бірегей қазақстандық опера әншісі, ең жоғарғы ерлер дауысының иегері – контртенор Ерік Құрманғалиевті еске алуға арналған концерт ұсынылмақ. «Вокалдық параллельдер» атты музыкалық кешке танымал қазақстандық және ресейлік әртістер, соның ішінде әлемнің жетекші сахналарында онымен бірге өнер көрсеткен дос­тары қатысады.

Ерекше дауысты әншіні еске түсірмек

Атақты вокалистің дауысы орасан зор диапазонды қамтыған әрі керемет икемділігі мен техникалық жағынан ерекшеленген, бұл оған сопранолық та, контральттік те партияларды орындауға мүмкіндік берген. Туа біткен тембрінің арқасында білікті мамандар әншіні бірегей құбылыс деп танып, Бостондағы музыка фестивалінде баспасөз өкілдері Ерік Құрманғалиевты феномен деп атаған.

Ерік Құрманғалиев көптеген гас­троль­дік сапарларға шығып, әлемнің үздік сахналарында опералық және жеке бағдарламаларды орындаған. Оның кең ауқымды репертуарында К.В.Глюк, К.Монтеверди, Г.Ф.Гендель, И.С.Бах, А.Вивальди, Дж.Россини, Г.Пёр­селл, В.А.Моцарт, А.Страделла, К.Сен-Санс, Й.Гайдн, В.Беллини, Дж.Пуч­чини, Дж.Мейербер, С.Франк, Л.Ке­ру­бини, Л.Люцци, Ж.Бизе, Дж.Верди, Дж.Кач­чини, Ф.Шуберт, И.Штраус, М.Глинка, П.Чайковский, С.Рахманинов, Н.Римский-Корсаков, Д.Бортнянскийдің вокалдық туындылары  мен операларынан басты партиялар болған. Ол алғашқылардың бірі болып А.Шниткенің №2 және №4 симфониялары мен «Дәрігер Иоганн Фаусттың оқиғасы» кантатасындағы контртенор партиясын орындады. Америкалық драматург Д.Г.Хванның аттас пьесасы бойынша режиссер Р.Виктюктың «М.Баттерфляй» спектаклінде басты рөлді орындауы арқа­сында айтар­лықтай танымалдылыққа ие болды. Бей­нені тамаша жеткізе алғаны үшін жылдың үздік актері ретінде та­нылған. Әйгілі Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова және Араксия Давтянмен бірге Р.Хамдамовтың «Вокалдық параллельдер» фильміне түскен.

Кеш қонақтары – елордада алғаш рет өнер көрсететін ресейлік әртістер, Ерік Құрманғалиевтың достары – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Лариса Рудакова (сопрано), Рустам Яваев (контртенор), Олег Рябец (контртенор), Александр Котовщиков (фортепиано).

Олармен бірге Камералық зал сах­насына белгілі қазақстандық вока­листер: «Астана Опера» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Жұпар Ғабдуллина (сопрано), Қазақстанның Еңбек сіңірген әр­тісі Шахимардан Әбілов (баритон), Батыр­жан Смақов (контртенор), аспапшы м­у­зыканттар: Қазақстанның Еңбек сіңір­ген әртісі Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), Асқар Мұқанов (виолончель), Гумир Сайдалин (флейта), Раушан Бес­кембирова (фортепиано) шығады.

Орындаушылар Ерік Құрман­ғалиев­тың репертуарынан туындыларды, соның ішінде әлемдік опералық және вокал­дық классика жауһарларын, сондай-ақ отан­дық авторлардың шығармаларын ұсынады.

 

«Егемен-ақпарат»