Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2019

Петропавлда сауда орталығы салынды

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылжардың қақ ортасында 2000-жылдардың басында басталған құрылыс тасталған күйі ұзақ жылдар бойы қаңтарылып тұрды десек кім сенер? Алдымен бұл жерді Түрік компаниясы алып, ойын-сауық орталығын тұрғызады делінді. Алайда келіспейтін жағдайлар туып, олар кетіп қалды да жер қаңырап қала берді...

Петропавлда сауда орталығы салынды

 Енді сол жерге 400 жұмыс орнын ашқан алып «Dostyk mall» деген сауда, ойын-сауық кешені құрылысын аяқтап, жуырда салтанатты түрде ашылды. Бұл жобаны жергілікті кәсіпкер Мұхтар Игібаев 5,5 млрд теңге қа­­ра­жат шығарып, іске асырып отыр. Қаланың көркін асы­рып, тұрғындарға көңілді күй сый­лаған М.Игібаевтың өзі ұзақ жыл­дардан бері кәсіпкерлікпен ай­налысып келеді.

Төрт қабатты сауда, ойын-сауық орталығының аумағы 30 мың шаршы метрді құрайды. Астыңғы қабаттары түрлі супермаркеттер болғанда жоғарғы қабаттарында балаларға ар­нал­ған ойын-сауық алаңы, ки­­нотеатр, дәмханалар мен мейрамханалар орын алған. Барлық тұрпаты Нұр-Сұлтан­дағы «Хан-Шатыр­ға» ұқсайтын ғимарат енді қызыл­жарлықтар игілігіне айналары сөзсіз.

Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қызылжарда бұрын-соңды болмаған зәулім сау­да және ойын-сауық ор­та­лығы халыққа қалтқысыз қыз­мет ете­тініне сенім білдірді.

Орталықтың сыртында тұр­ғын­дарға ыңғайлы болуы үшін 400 орындық автотұрақ та ұйым­дастырылыпты. Есік алдында демалып отыратын шағын сая­бақ та бой көтерген.

Сауда орны бірінші күні-ақ түрлі тауарларға барынша бай екенін көрсетті. Оған келушілер күні бойы ағылып, үзілмеді. Бірақ аталмыш нысанның ашылу салтанатында өнер көр­сеткен топты шараны ұйымдастырушылардың өзімізден ша­қыр­май, Ресейден алдырғаны ғана көңілге қаяу түсіргендей болды...

 ПЕТРОПАВЛ