Руханият • 30 Қыркүйек, 2019

Ботай бойында суретшілер шеруі аяқталды

637 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан біраз бұрын Солтүстік Қазақстан облысында суретшілердің «Ботай ұлы дала мәдениеті» атты халықаралық симпозиум басталғанын жазған болатынбыз. («ЕҚ», 23.09.19)

Ботай бойында суретшілер шеруі аяқталды

Оған өзіміздің елден басқа Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінен жиырма шақты танымал суретшілер қатысып, он күн бойы Есілдің «Иман- Бұрлық» аталатын оң сағасының бойына орналасқан алғашқы адамдардың Ботай қонысындағы қонақүйге жайғасып, суреттер салған еді. Адам баласының жылқыны алғаш қолға үйреткені де осы жер екендігі қазір әлемге әйгілі. Бұл жерден алғашқы адамдарға тиесілі 300-ден артық артефактының табылғанын да айта кеткен жөн.

Күздің сары алтындай жаймашуақ күндері де суретшілердің шығармашылығына қолайлы жағдай туғазған. Бірақ арасында терістіктің қара дауылы тұрып кетіп, оларды әбігерге салған кездері де болыпты. Не де болса жүздері жел қағып, қарақошқылданған суретшілердің көңіл-күйлері жақсы көрінді.

Өткен жұма күні Солтүстік Қазақстан облыстық өлкетану музейінде қылқалам шеберлерінің салған суреттерінің көрмесі болды. Ботайдың ерекшелігі мен маңызын, терең тарихын өз қолдарымен әлемге таныта түсуді ойлаған олардың еңбектерін Қызылжардың зиялы қауымы қызығушылықпен тамашалады.   

Көрменің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев сөйлеп, облыс аумағындағы атақты ескерткішті халықаралық деңгейде таныстыра берудің осындай әдісін жасағандарын айтты және бұл іс облыстың туризм саласын дамытуға өз үлесін қосатынынан үмітті екенін жеткізді. "Біздің бұл шарамыз бүгінгі Халықаралық туризм күніне дәл келіп отыр. Осының өзі тегін емес. Бәлки біздің ісіміз өңірімізде туризмді дамытуға ықпалын тигізер» деді ол. Сонымен бірге Руслан Әлішев шараға қатысқан суретшілердің бәріне облыс әкімі Қ.Ақсақаловтың құттықтауы мен Алғыс хатын тапсырды.

Көрмеге шараға қатысқан барлық суретшілердің 80 еңбегі қойылыпты, олардың жартысы Солтүстік Қазақстан музейіне сыйға тартылады.

Солтүстік Қазақстан облысы