Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ата-бабаның аңсарлы жолын ардақтап, тағдырлы тарихымызды таразылай білудің ерек үлгісін көрсетуіндей-ақ көрсетіп келеді. Азаттықтың түп бастауында-ақ «Тарих толқынында», бертінде «Мәдени мұра» бағдарламалары, «Мәңгілік ел» идеясы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», енді міне «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы санамызды сәулелендіре желісін тартты. Кеңінен толғаған тұтас жүйе көкжиегі барынша кеңейе түсті. Осының бәрі Елбасымыздың еліміздің мыңдаған жылдар сағымына байланған тарлан тарихын мейлінше терең білетіндігі мен перзенттік шексіз сүйіспеншілігінің көрінісі дер едік. Елдің ертеңі мен кешегісі ой-санасынан бір сәтке де шықпайтынын байқайсыз. Айтпағымыз – Елбасымыздың мынау Ұлы дала мен заңғар шаңырақты халқына, тағдырлы тарихына деген шексіз махаббат, ерен құрметі атқа мініп жүрген өзге азаматтарға неге үлгі болмасқа?! Дәл қазір халық деген таза тарихқа әбден сусап отыр. Журналистік сапармен орталарына барған шақтарда шынайы тарих турасында әңгіме өрбіте қалсақ, ынты-шынтысымен зейін қойып, сауалдың астына алып жатқаны. Әсіресе аяқ-қолды бұғаулаған отарлау саясатына ілікпеген жастар жағы. Рух дегеніміздің өзі аспанда қалықтап келіп ағаштың басына қонақтай салар құс емес қой. Рух дегеніміз – адамның жан дүниесін бүтін баурап барып, шыңыраудан су тартқандай тамыр-тамырын кернейтін, бедерленетін ерен күш! Әркімді еркінен тыс әуелетіп әкететін серіппелі өшпес сезім. Сол себепті де қайран Ахаң (Ахмет Байтұрсынов): «Тарих – сөз басы» деген еді! Сол есті сөз ғасырлар белдеуінде нендей нәубет ұшырасса да атадан балаға мирас ұласып жетті. Өшпес шежіреге, ешкім бұлтара алмас ен-таңбамызға айналды. Өткенімізді сабақтау барысында қазір соның жемісін көріп те жатырмыз.
Аталған мақаласында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы», деп шегелеп берді. Демек, халқымыздың өнегелі өмірі мен ерлігін зерделеу – кезек күттірмейтін дүние. Білім ошақтарындағы тарих пәндерін бүгінгі күн талабына сай өткізу, оқулықтарды қайта жазу, білікті мамандарды дайындау тектес аса мәнді міндеттер алға қойылды. Енді уақыт ұттырсақ, ең алдымен халқымыздың есебі түгесілетінін естен шығармасақ керек. Жалтақтаудың заманы кеткен. Себебі, ата тарихыңды тану – мемлекеттік шаруа! Керек десеңіз, ұлттық қауіпсіздігіміз. Шекарамызды қалай шегендесек, тарихымызды сондай бекемдеп, бедерлеуге міндеттіміз! Сонда ғана сырттағы сәуегейлер қазақтың мемлекеттігі жоқ еді, сауаты жоқ, шекарасы бұлдыр деген сықылды бейәдеп әңгімелерді айтпаса керек! Елбасымыз көрсетіп бергендей, сонау сақтардан бермен сабақтасақ, байырғы қазақ жерінде ХV ғасырдың ортасына дейін кем дегенде 20 мемлекет ғұмыр кешіпті. Бұған енді әлемнің апшысын қуырған түркі империясы және Шыңғыс қаған мен оның ұрпақтары негіздеген айбоз империямызды қосыңыз! Ендеше сол Тұран даласынан шығып Еуразия кеңістігін еркін жайлаған, төрткүл дүниені дүбірлеткен даңқты бабаларымыздың жасампаз бастамаларын жарқын жалғастыратын мезгіл жетті. Шет елдерден табылған тың деректер мен археологиялық қазбалар дәйектеп отырғанындай, мынау Ұлы даладағы этностық үрдістер ең бері дегенде қола дәуірінен бастау алған. Ал бұлардың аумақтық, экономикалық, саяси, діни-мәдени, тілдік, рухани ортақ кеңістіктерге ұласуы мыңжылдықтар бойы бірнеше тарихи дәуірлер мен кезеңдер арқылы жүзеге асты. Сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мемлекеттері, Түрік, Моғол қағанаттары, бергідегі Түргеш, Оғыз, Қарлұқ, Қимақ, Қидан, Қыпшақ, Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан мемлекеттері – бәрі де біздің бабаларымыздың жүрегінің түгі, білегінің күшімен құрылған.
Көне тұрандықтар әлемде тұңғыш металлург атанып, темірді өмірге әкелген. Түз жылқысын тізгіндеген. Осыдан кейін-ақ ешкімге дес бермейтін жойқын күшке айналған.Темір – шаруға салсаң құрал, жауға салсаң қаруға айналған тұс. Алтыныңыздан да бағасы асып түскен. Бабаларымыз балаларының есімін Темір деп қойған һәм осы түбірден өрбіткен. Алып Ер Тоңаның қызы Томиристің де есімі Темір, парсылар Томирис десе, біздің ҚазМУ-да дәріс берген оқытушымыз Алма Қыраубаева қазаққа жақындатпақ ниетпен Тұмар деп өрнектеген еді. Шыңғыс қаған Темірші, Әмір Теміріңіз Темір, сол секілді сол дәуірлердегі Тоған-Темір, Тоқай-Темір, Тұғлық-Темір, Үз-Темір, Бұқа-Темір, Есен-Темір сынды адам аттарынан көз аудара алмайсыз. Қазірге дейін халқымыз Темірғали, Теміржан, Темірхан, Темірбек, Теміртас сынды есімдерді балаларына қастерлей қойып жатса – мұның өзі терең этностық бірлігіміз бен ұрпақ сабақтастығын айқара айғақтаса керек-ті.
Есік қорғанынан табылған түркілік ханзаданың алтын киімін алайық. Ал енді төрт мыңға тарта алтын әшекейлермен өрнектеу үшін сол заманның табиғатымен қарағанда, қандай технология, қаншалықты өндіріс пен қолынан өнер тамған нендей шеберлер қажет еді деген ойға берілгенде кеудеңізді қуаныш оты лаулатып жіберері бар! Айшықты бейнеленген сол аң-құстарыңыздың Ұлы даланың ұзына бойында самсап жатқандығын қосыңыз бұған енді. Әсіресе күміс тостағаншаның сыртқы жағына 26 таңбамен ойылып, төл қарпіміз – сына жазуымен түсірілген: «Аға саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы), тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай!) деген бүгінгі елдік ұстанымызбен үндескен аңсарлы асыл мұратты санаға сіңірген сәтте бабалар ұлылығының алдында мың қайтара басыңызды иесіз!
Тәрізі, Ұлы даланың ұлылығын мойындау мен парқына жету енді ғана қолға алынғандай. Ақиқатты ар ұстанатын әлемнің озық ойлы ғалымдары кешегі адамзатқа өркениет таратқан тұрандықтардың тарихына кеңінен ден қойып отыр. Олардың қатарында АҚШ, Англия, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Венгрия, Жапония секілді елдер зор белсенділік танытуда. Әсіресе соңғы кезеңде отандық ғалымдарымыз бұл шаруаға жалтақсыз кірісе бастады. Бұл ретте Елбасы бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясының кешегінің кемшін тұстарын толықтырар толымды істердің басын қайырып жатқандын баса айтқан абзал. Түркі әлемінің тұтастығын сақтап қалудағы маңызы орасан зор ұлы Талас құрылтайының, яки барша Орта Азия мемлекеттерінің түп тамыры – Арқа төсіндегі Алтын Орда мен Жетісу жеріндегі Моғолстанның құрылуының 750 жылдығын атап өту ұсынысын білдіріп отырған да осынау қадірі артқан академияның басшылары.
Тылсымын бүгіп жатқан ұлы тұрандық көптеген ұлық дүниенің сыры ашылатын шақ қашық емес деп есептейміз. Осындай шарапатты шаруаларды зерттеу, зерделеу – бүгінде түрколог, тарихшы, филолог, археолог, этнограф ғалымдарға үлкен міндет. Бажайлап қарап отырсақ, «халықтардың ұлы қоныс аударуы» үнемі шығыстан батысқа қарай өріс алып отырған. Қауқар-жігері, мүкіндігі бар жұрт қана жаңа жерлерге көз тігіп, батыл аяқ баса алса керек. Б.з.д. І ғасырдан басталған сақ, үйсін, қаңлы секілді тайпалардың ұлы қоныс аударуы б.з. IV ғасырына дейін созылды. Еділ батыр (Аттила) Еуропада ғұн мемлекетін негіздеп, Рим империясына тырнақ батырса, айбынының асқаны емес пе! Амалсыздан герман тайпалары готтар ғұндармен одақтасқан еді. Бүгінгі қазақ тілінің арғы атасы түрік тілі сол кезеңде қарт құрлықта бел алды. Оның үстіне баһадүр бабаларымыздың Ұлы Жібек Жолын ұзына бойына қадағалауы далалықтар тілінің пәрменін тіптен арттыра түсті. Сөйтіп тұтас Еуразияда түрік тілі Аттила дәуірінен кешегі ХVІІ ғасырға дейін халықаралық тілдің, яғни бүгінгі ағылшын тілінің рөлін атқарды! Руна жазуы (түрік бітіг – төл жазуымыз) тасқа да, хатқа да кеңінен белгі соқты.
Ойлаңызшы! Осылайша заманында жер-жаһанды уысында ұстаған тұрандықтардың қара шаңырағында бойын тіктеп Қазақ елі отыр! «Ата жұртымыз!» деп Түркияңыздан бастап бәрі біздің киелі мекенімізге сартап сағынышпен көз тастайды. Бара қалсаң, арқаңнан қағады бауырына тартып. Иә, мың өліп, мың тіріліп жүрген тұста бір-бірінен көз жазып қалса да, тілі мен ділін, салт-санасын шырағдандай жарқыратып сақтай білген бауырлас, туыстас түркі халықтары қазір рухани бірігу үстінде. Осыны көргенде кеудеңді қуаныш билейді.
Шетсіз де шексіз Еуразия кеңістігінде елдігін ерен паш еткен көк түріктердің күндей күркіреп, найзаның ұшында үкілей ұлықтаған өршіл Рухын қалың қазақ ішіне қайта оралтпайынша ерлердің ісі бітер ме?! «Үстімізде – көк аспан, төменде – қара жер, екеуінің арасында адам баласы жаратылыпты, адам баласының үстіне Тәңірі Түрік қағандарын (Бумын және Естеміс) отырғызыпты!» – деп қара тасқа қашап жазған қайран бабаларымыз соншама өршіл, соншама заңғар жаратылар ма еді?! Дәл осылайша сөз бен істі кіріктіре, бүкіл әлем біздің ашсақ алақанымызда, жұмсақ жұдырығымызда, түрік қағандары бар адамзаттың билеушісі деп жаһанға жар сала алудың өзі сол дәуірдегі өркениетіңіздің шыңы емес пе! Қазақ елі әлі-ақ таза табиғатымен әлемді таң-тамаша қалдырмақ! Өйткені тарихтың қайта айналып келері хақ.
Жасымызға да, жасамысымызға да мемлекет мұраты – менің мұратым, мемлекет қуаты – менің қуатым деп құлшына тер төгетін уақыт келді. Асыл арманның құр айқай, даңғара даңғазамен келмейтіндігіне қай нәрсені де тереңнен толғар халқымыздың көзі әбден жетті.
Осынау байтақ баянды мақаласымен Елбасымыз тағы да ерледі, ел ішін қияндарға қанат қақтырар асқақ рух киесі кернеді. Мұны жер-жаһан біліп отыр және ешкім жоққа шығара алмайды да. Қоғам ілгері басты. Арғы-бергіні салмақтай, сараптай жүріп, басқалардың басымыздан сипай қоймасын түйсінген жұртымыз да осы жолдан таймауға белін буған.
Бұл ауанда қасиетті жерімізді бүгінгінің Өтүкеніне айналдырған Ұлт көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһанға тарап отырған жарқын үлгісі бәрімізге талмай, танбай көз тігер темірқазық! Түркілік асыл құндылықтарға адалдық таныту арқылы Мәңгілік ел идеясын мемлекеттік идеологияның алтын арқауына айналдыра білген Елбасымыз тәуелсіздік теориясын өз жүрек төрінде тудырды және сол жайнақ бейнеде жүзеге асырды да! Бойындағы кемелдік пен кеңдік, табандылық пен тереңдік жарқырай көрінді қарбалас қимыл үстінде. Туған жұртының құлай берілген сенімі серіппе серпін, жанартау жалын берді. Осылайша адамзатта Қазақ еліне ғана тән дамудың дара жолы қалыптасты! Қадым дәуірден бергі бабалар аманатына деген шексіз адалдығы мен ұлтжандылығы, ана тілі мен ата дәстүрін бойына ақ уыз сіңіріп, тауанды тарихты салмақты саралай білуі, планетарлық деңгейдегі соны саясаткерлігі мен басалқы байыбы, кемеңгерлігі мен кеңдігі тәуелсіздігіміздің тегеурініне, еліміздің еншісіне ұласып, ерен өрлеу жолымызға жарқын жол ашты. Ақжолтайымызға айналды!
Әміре ӘРІН,
Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты