Суретті түсірген Динара КЕНДІРБАЕВА
Табиғаттың тылсымы көп: дүниеде екі жатыры бар аналар сирек те болса кездеседі. Медицинада бұл құбылыс паталогия, яғни ауытқу саналады. Ғылыми әдебиеттерде «қос жатырлық – емделмейтін дерт» деген баға берілген. Әдеттегі әйелге қарағанда қос жатыры бар әйелдің бала көтеріп, жүкті болуы қиын. Жүкті болған күннің өзінде түсік тастау қаупі өте жоғары болады екен.
Орал қаласында тұратын Лилия Коновалова өзінің осындай ерекшелігін 19 жасында емханада қаралған кезінде біліпті. Әрине дәрігерлер болашақта кездесуі мүмкін қиындықтар туралы бойжеткенге ескерткені анық. Бірақ Лилияның өмірі әдеттегідей өрбіді. Уақытында тұрмысқа шықты, 22 жасында Алина есімді тұңғыш қызын аман-есен дүниеге әкелді.
– Біз енді ұл қалаған едік. Арада жеті жыл салып көтерген соң дәрігердің бақылауында болдық. Бойымда егіз нәресте бар екенін, олардың екі жатырда өсіп келе жатқанын естігенде қатты уайымдадым, – дейді Лилия.
Егіздердің арасы екі жарым ай
Анасының айтуынша, 25 аптаға дейін жүктілік бірқалыпты, әдеттегідей өткен екен. Тек аяғы ауыр болғанына алты айға таянғанда аяқ астынан толғақ қысқан. Бірақ осындай жағдайды алдын ала болжап, дайын отырған оралдық дәрігерлер абыржыған жоқ.
– Бұл – медицина тарихында өте сирек кездесетін оқиға. Қос шарана екі жатырда дамығанымен, ұрық бір мезгілде түсіп, қатар дамыған. Ананың ерте толғағы басталып, алты айлық қыз бала дүниеге келді. Біз тәуекелге бел байлап, екінші нәрестені жатырда сақтауға, жүктілікті жалғастыруға ұйғардық. Бұған мамандардың біліктілігі де, Батыс Қазақстан облыстық перинаталдық орталықтың техникалық мүмкіндігі де жетті, – дейді орталықтың бас дәрігерінің орынбасары, акушер-дәрігер Есет Ералин.
24 мамырда 25 апталық болып дүниеге келген Лияның туған кездегі бойы – 42 см, салмағы бар болғаны 850 грамм болатын! Ол бірден шала туған шақалақтарды бағатын арнайы аппаратқа – респираторлық қолдау көрсететін инкубаторға жалғанды. Ал оның сыңарының жарық дүниеге келуіне әлі екі жарым ай бар болатын.
Осы екі айдан аса уақыт ішінде жас ана Батыс Қазақстан облыстық перинаталдық орталығында, дәрігер-мамандардың толық бақылауында болды. Міне, көптен күткен 9 тамыз да жетті. Дәрігерлер айы-күні жеткен ұл баланы кесарь тілігі арқылы аман-есен дүниеге әкелді. Максим есімін иеленген батырдың салмағы – 2900 грамм, бойы 50 см, яғни толық жетілген.
– Мұндай жағдай біздің облыста бірінші рет кездесіп отыр. Әр бала өз жатырында туды. Арнайы күтім арқылы шала туған қыз бала да тез жетіліп, қазір егіздің дамуында, салмағы мен жетілуінде еш айырмашылық қалмады, – дейді неонатолог-дәрігер Нұргүл Жүнісова.
Сирек сандар
Мамандар бір ауыздан мұндай оқиға әлемде сирек кездесетінін айтып жатыр. Мысалы, соңғы 60 жылда жер бетінде осындай оқиғаның саны 70-тен аспапты. Және бұл оқиғалардың әрқайсысы өз алдына сенсация, қайталанбайтын ерекше құбылысқа айналған.
Ұлыбритания тұрғыны Ханна Кёрси тұрмысқа шыққанымен сәби сүйе алмай, денеден тыс – жасанды ұрықтандыру көмегіне жүгінген. Сөйтіп оның қос жатырының біріне бір қыз, екіншісіне егіз қыз бітіпті. Дамыған медицинаның көмегімен дүниеге келген кезінде өте әлсіз болған нәрестелер бүгінде аман-есен өсіп кеткен.
Ал америкалық Энджи Кромардың оқиғасы оралдық Лилия Коновалованың тарихына ұқсайды. 2010 жылы екі жатырынан екі сәбиді дүниеге әкелген Энджидің бұған дейін әр жылдары дүниеге келген екі баласы бар екен.
Дегенмен, дүние жүзінде мұндай оқиға саусақпен санарлықтай аз екені ақиқат. Ананың қос жатырымен бір мезгілде сәби көтеруі 15 000 000-нан 1 кездеседі екен. Ал олардың аман-есен дүниеге келуі – 100 миллионнан 1 мәрте ғана кездесетін жағдай!
Жақында ғана Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали облыстық мәслихат депутаттары алдында баяндама жасап, өңірде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы жөнінде есеп берді.
Қай кезде де медициналық қызметтің сапасы, даму дәрежесі ана мен бала өмірінің сақталуымен өлшенеді. Құдайға шүкір, Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары ана өлімі тіркелген жоқ. Ал Лилия Коновалованың оқиғасы – қос жатырдан дүниеге келген сәбилердің хабары батысқазақстандық дәрігерлердің біліктілігі мен ерлігін дүниеге әйгіледі. Жақында ғана Ресей Федерациясының 1 арнасы – белгілі «Жить здорово» телехабарының жүргізушісі Елена Малышева осы оқиғаға бір хабарын арнады. Бұл шынында да ғажап оқиға! Әлемде сирек кездесетін сәтте біліктілік танытып, ананы да, балаларды да аман алып қалған дәрігерлік топты біз мемлекеттік наградаға ұсынамыз, – деді Нұрданат Беркінғалиұлы.
Дұрыс, марапат иесін табуы тиіс!
Батыс Қазақстан облысы