Дәл қазір Есіл өңірінің диқандары әрбір қолайлы күнді ұтымды пайдаланып қалуға тырысып, жанталасып жатыр. Бірақ жарықтық күн де қабағын ашпай, күздің көңілсіз жауын-шашыны үзілмей тұр. Кейде тіпті нөсерлетіп, бір-екі күн бойы үзілмей тұрып алады. Егіс алаңына шықпақ түгілі, жер езіліп кеткенде қатынас үзіліп қалады. Сондықтан кейбір фермерлер, пысық шаруалар күн жауын-шашынсыз болғанда орақты үзбей салып, екі ауысыммен жұмыс істейді, комбайндар түнімен тоқтамайды.
Биыл облыста барлығы
2 млн 861мың гектар жерге – дәнді дақыл, 970 мың гектар жерге – майлы дақыл, 34 мың гектар картоп, 6,2 мың гектарға – көкөніс тұқымдары сіңірілген. Ас атасы алқапқа егілген көлем Ақмола мен Қостанай облысынан кейінгі үшінші орында.
Соңғы мәлімет бойынша өңірдегі барлық дәнді дақылдың 70 пайызы орылып, дестеге түсіп, соның 63,8 пайызы бастырылды. Жиналған астық көлемі 39,4 мың тонна. Гектар берекелігінің орташа көрсеткіші – 15 центнер.
Қызылжар, Мамлют, Аққайың, Уәлиханов аудандарында астық түсімі бұдан әлдеқайда жоғары. Көш бастаушы Қызылжар ауданы орта есеппен гектарынан 18,3 центнерден астық жиналуда, ал кейбір жеке шаруашылықтарда тіпті 25-27 центнерден айналуда.
Осы көрсеткіш бойынша Солтүстік Қазақстан көршілес астықты облыстардан алда келеді. 26 қыркүйектегі мәлімет бойынша гектарына орташа түсім Ақмола облысында − 10,3, ал Қостанайда – 6,3 центнерден екен. Алайда бұл өңірлерде астық бастыру қарқыны жоғары. Нақты айтатын болсақ, Қостанай барлық астығының 74 пайызын, Ақмола 68,4 пайызын бастырып үлгеріпті.
Солтүстік Қазақстандағы астықты аудандардың ішіндегі егіс көлемі ең үлкені – Ғабит Мүсірепов ауданы. Бүгінде ауданның диқандары 490,6 мың гектар алқаптың 64,4%-ын бастырып үлгерді. Алайда гектар берекелігі облыстың орташа көрсеткішінен төмендеу – 13,6 центнер ғана. Астық бастырудан облыс бойынша алда келе жатқан – Уәлиханов ауданы. Аудандағы алқаптардың 71,4 пайызы бастырылған. Гектар берекелігі 16,4 центнерден айналуда. Ал көш соңында қалып, жауын-шашынның кесірінен құлашын жаза алмай келе жатқан аудан – Мамлют. Жергілікті диқандар дестеге түскен астықтың 57,7 пайызын ғана бастырды.
Синоптиктердің болжамына қарағанда, алдымыздағы он күн көлемінде ауа райы жадырап кете қоймайды. Облыс аспанын ала бұлт басып, кей жерлерде жауын-шашын күшеюі мүмкін. Сондықтан диқандар астық бастыруды алдымыздағы онкүндікте де аяқтай қоюы неғайбыл.
Ауа райының қолайсыздығы дәнді дақылдар ғана емес, майлы дақылдар мен көкөністі де толық жинап алуға мұрсат бермей отыр. Облыс бойынша піскен майлы дақылдардың 55,5%-ы орылып, оның үштен бірі ғана бастырылды. Барлығы 265,7 мың тонна майлы дақыл қамбаға түсті. Өнімді жинауда алда келе жатқан – Айыртау ауданының еңбеккерлері. Олар егістің 45,4 пайызын қамбаға түсіріп үлгерді. Көш соңында қалып келе жатқан Тимирязев ауданының диқандары егіс көлемінің тек 22,8%-ын ғана бастырды.
Облыс бойынша картоптың 95 пайызы жиналды. Бұл істе Ғабит Мүсірепов ауданының еңбеккерлері алда келеді, олар өздеріндегі картоп тұқымы сіңірілген аумақты толық жинаған. Алайда өнімділік төмендеу. Облыстағы орташа көрсеткіш 130,7 центнер болса, Мүсірепов ауданында гектарынан тек 111,4 центнерден жиналған. Ал ең жоғары өнім Қызылжар ауданында, олар гектарынан 150 центнерден өнім алуда.
Облыс картоптан басқа көкөністерді жинауды да әлі толық аяқтай алмай отыр. Соңғы дерекке қарағанда, өнімнің әлі сегіз пайызы алқапта жатыр. Бәріне кедергі болып тұрған ауа райының қолайсыздығы. Бес-алты күн шайдай ашық болса, қызылжарлықтар орақ науқанын еңсеріп тастар еді. Диқаншы қауымның бар тілегі де сол.
Солтүстік Қазақстан облысы