Руханият • 01 Қазан, 2019

«Бір пьесаның ізімен...»: ақиқат пен ақтаңдақ

1354 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеңес империясының қанды қасабына іліккен Алаш зиялыларының қилы тағдырлары тек қазақтың қабырғасына батпауы керек. Сталиндік репрессияның әр құрбаны – әлемдік трагедия. Бұл тұрғыда аталған тақырып әлі де «ашылмаған арал» деуге болады. Кейде шындықты шыңыраудан, ақиқатты аспаннан іздеудің қажеті жоқ. Тек тарихи оқиғаларға әділ баға беру әркімнің ар алдындағы бұлжымас парызы болса жеткілікті.

«Бір пьесаның ізімен...»: ақиқат пен ақтаңдақ

 

Алаш жайын сөз еткенде Мұхтар Әуезов есімін ерекше атап өте­тініміз белгілі. Ұлы Мұқаң жайлы ай­тыл­ған, жазылған, түсірілген құнды дү­ниелер аз емес. Сол еңбектердің қата­рына, жоғарыда аталған жобалардың жалғасы, «Qazaqstan» ұлттық арнасы ұсынған «Бір пьесаның ізімен» деректі фильмін қосуға болады. Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасын кеңінен баяндайтын деректі фильм авторы – белгілі журналист Мұхтар Түменбай.

Екі сериялы фильмнің бірінші бө­лімінде жазушының қуғын-сүргінге дейін жүріп өткен өмір жолы, қазақ рухания­ты үшін істеген ауқымды жұ­мыс­тары  баяндалады. Фильм авторы М.Түменбай ол туралы «Жазушы Мұхтар Әуезов – Кеңес өкіметінің кең­шілігінен гөрі кекшілдігін көп көрген тағ­дырлы тұлға. Өмір – күрес десек, Мұхтар Омарханұлы сол қайнаған кү­рестің үлкен бастауында жүрді. Бай шы­ғармашылық жазушы адамнан тек ізденісті талап етпейді, сонымен бірге үлкен төзім мен батыл күресті қажет етеді. Кейде адам санасы түсініп болмайтын қорқынышты құрбандықтарға да барады. Әуезов сол өткелдің барлығынан өтті, күресті, қудаланды, ақыр-аяғы құр­бандыққа да барды», дейді.

Екі жүз жылдық бодандық қазақты әбден езіп, жаныштап жіберген-ді. Алай­да, ақпанда ақ патшаның тақтан құ­лауы, одан кейін басталған Қазан төңкерісі қазақты бостандыққа бір табан жақындатқандай болды. Сол кезеңде Алаштың бетке ұстар білімді азаматтары азаттыққа жетуді әртүрлі жолмен іздеді. Бірі – Алаштың ақ туына біріксе, екіншісі – Қызыл империяның әділдік пен теңдік идеясын жақтады. Деректі фильмде осы тарихи оқиғалар кезең-кезеңімен ашық көрсетілген. Әрине, саяси күрестерден Әуезов әлбетте тыс қалған жоқ. «Алаш» пар­тия­сының жастар қанатына кірген жас Мұхтардың Алаш жастары одағын құруға белсене кірісуі, 1918 жылдың ма­мыр айында Омбыда өткен қазақ жастарының алғашқы құрылтайында орталық атқарушы комитеттің мүшесі болуы, Алаш қозғалысын насихаттауы, «Жас азамат» атты жалпықазақтық жастар ұйымын құруы, Жүсіпбек Ай­мауытовпен бірлесіп «Абай» журналын шығаруы сияқты қайраткер тұлғаның ірі-ірі қадамдары деректі фильмде дәйек­ті баяндалады. Архив құжаттары молынан пайдаланылып түсірілген фильм­ді көріп отырып, Әуезовтің осынау жұ­мыстары кейін жазушы өміріне қалай соқ­қы болып тигеніне өкінішпен куә боласың. Алайда, халқы үшін туған асыл азаматтың «Хан Кенедей» пьесасы бәрібір қазақтың ұлттық рухын қайрап, «Абай жолындай» классикалық туындылары көшпелі өмір салтанатымызды өлтірмей осы күнге жеткізді.

Екінші бөлім Әуезовтің екі жыл бойы түрмеде отырып, шартты түрде бостандыққа шыққан жылдарын баян­дау­дан басталады. Фильм авторы бұл саяси жүрістің мәнін былай деп түсіндіреді:  «Жазушының 1932 жылы «Социалды Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде шық­қан ашық хаты оның айыптарын «жуып-шайды» деуге болады. Бірақ, Ке­ңес өкіметі Мұхтарды атпауға бір­не­ше себеп болды деп ойлаймын. Тіп­ті, аталған ашық хаттың мәтініне, тақы­рыбына үңілген болсақ, жалаң ғана жал­ғыз сөйлем «Мұхтар Әуезовтің ашық хаты» деп беріледі. Демек, Әуезов сол кезеңде аса танымал тұлға болып тұр деген сөз. Әйтпесе, қазақ жазушы­сы деп болсын бірер анықтама сөз қосарла­нуы керек еді. Яғни, бар қазаққа аса бел­гілі Әуезовті сұрқай саясат әдейі пай­да­ланған», дейді автор.

«Хан Кене» пьесасы негізінен осы екінші бөлімде айтылады. Пьесаны жазушы 1934 жылы театр режиссері Орынбек Бековпен бірлесе отырып сах­наға алып шығады. Аталған шығарма Алаш қайраткерінің большевиктік би­лікке қарсы үндеуі деуге болады.

Пьеса бастан-аяқ қазақтың соң­ғы ханы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қоз­ғалысын дәріптейтін ірі монументал­ды қойылым ретінде құнды болатын. Оны өздерінің сын мақалаларында Ғабит Мүсірепов те, Сәкен Сейфуллин де ав­тор­дың бетіне кемшілік ретінде басқан. «Бұл пьеса төңірегінде түрлі интригалар  орын алғанын архив құжаттарына көз жүгірткенде анық аңғарасың. Мәселен, фильмде Ғабеңдердің, Сә­беңдердің сол уақыт шеңберінде жаз­ған, жаңылған жүрістерін жасырып қал­сақ, жаңа ұрпақ үлкен адасуларға ұшырайды. Бұл – біздің ұлт ретінде толық қалыптасуымызға, тарихымызды түгендеп таразылауымызға қатты нұқсан келтіреді», дейді М.Түменбай.

Айталық Ғабит Мүсірепов «Пьеса­ның өне бойында Кенесары мен Нау­рызбай, Бопай ержүрек батыл тұл­ғалар етіп көрсетілген және соның ар­қа­сын­да көрермен қауым еріксіз солар­дың жағында болады» десе, Сәкен Сей­фуллин «Менің пікірімше, бұл уақиға пьесада тарихи социалистік шындық ретінде жарамды болып көрсетілмеген. Жа­рамды болып көрсетілмегені былай тұрсын, зиянды ұлтшыл сезім оятатын жат пьеса болып шыққандығы айқын көрінеді», деп жазады. Жалпы, «Бір пьеса ізімен» деректі фильмі тек Әуезовтің өмірін емес, сол кезеңдегі көптеген ірі қайраткердің өмір жолын жалған жала мен жазадан арашалап отырады. Фильм авторы жоғарыдағы екі мақаланың да сая­си тапсырма екенін айтады.

Деректі фильмде сол кездегі жақ­сы мағынасындағы «темір нарком» Темірбек Жүргеновтің тұлғасы жан-жақты жақсы ашылған. Жүргеновтің пьесаға тыйым салу ойында да бол­мағанын фильмде Ғабит Мүсіре­повтің Мирзоянға жазған хатынан, жиналыста сөйлеген бірнеше қоғам қайраткерінің сөздерінен байқауға болады. Жүргенов те, Беков те, Әуе­зов те пьесаны қоғамдық кеңестен өт­кізбестен көрерменге ұсынып жі­беруі – үлкен ерлік еді. Алайда, кейін пьеса көрерменнің ойынан шықпады, өзгертулер мен толық­тыруларды қа­жет етеді деген желеумен еріксіз тоқ­татылады.

Айтпағымыз, фильмді көрген кө­рер­­мен көптеген тарихи­ құжатпен танысып, шындық жайлы таным-түсінігін толықтыра түседі. Фильм­­нің әрі авторы, әрі жүргізушісі Мұх­­тар Түменбайдың осындай игі істі ілгері алып шыққаны бізді қатты қуант­ты. Ұлт руханиятын түгендеуге қос­қан сүбелі еңбек. Әлбетте, бұндай та­рихи құнды дүниелер әлі де көп­теп түсірілсе деген тілек білдіргіміз ке­леді. Байқағанымыздай, түсірілім то­бының дені көбі отызға толмаған жас­тардан құралған, атап айтқанда қоюшы режиссер Самат Әлім, монтаж режиссері Рустам Ултаршин, қоюшы оператор Жандос Ниделданов. Яғни, бұл сияқты жобаларды алдағы уақытта да осындай білімді, білікті кәсіби мамандарға беру жұмысқа үлкен серпін әкелетіні аңғарылады.

Қорыта айтқанда, «Бір пьеса ізімен» деректі фильмі – ұлт ұпайын тү­гендеген Түменбайтегі Мұхтардың түпкілікті идеясының бастауы дер едік. Автордың әлі де ұлттық арнамен бірлесіп жасайтын жақсы жұмыстары алда деп есептейміз.