Қазақстан • 01 Қазан, 2019

«Codex Alimentarius» комиссиясы Алматыда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін талқылап жатыр

327 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда «Codex Alimentarius» комиссиясының Еуропа бойынша үйлестіру комитетінің 31-ші сессиясына Еуропаны, АҚШ, Африка және Азия құрлығындағы 60 елден 200 делегат тіркелді.

«Codex Alimentarius» комиссиясы Алматыда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін талқылап жатыр

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның түсіндіруінше, «Codex Alimentarius»  стандарттары  тұтынушылардың денсаулығын қорғауға және азық-түліктің адал саудасын қамтамасыз етуді көздейді, халықаралық сауданы дамыту үшін үйлесімділік деңгейін арттыруға көмектеседі және сауда дауларын шешуде маңызды рөл атқарады.

«Онда тамақ гигиенасы, тағамдық қоспалар, ветеринариялық дәрілік заттың пестицид қалдықтары, ластаушы заттар, заттаңбалау, талдау және сынамаларды іріктеу әдістері, Еуропа елдері мен басқа да елдер үшін тамақтану тізбегінің барлық кезеңдерінде азық-түлік импорты мен экспортын сертификаттауды бақылау туралы ережелер бар»  деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.

Қазақстанның экспорттық саясатында белсенділік басым екені белгілі. Әлем халықаралық стандарттармен мойындалған азық-түлік түрлеріне ғана басымдық береді. «Codex Alimentarius» стандарттары Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде мойындалған.

Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекованың  айтуынша, сәйкессіздіктер мен жалған өнімдердің көпшілігі сүт және май өнімдерінде кездеседі.

«Табиғи өнімдер деп көрсетеді  де  құрамында өсімдік майы бар тағамдарды сата береді» дейді Людмила Бюрабекова.

«Алиментариус кодексі» комиссиясының Еуропа бойынша үйлестіру комитетінің 31-сессиясы  4 қазанға дейін жалғасады.

 

АЛМАТЫ