Руханият • 01 Қазан, 2019

Елордада қалалық тіл фестивалі қорытындыланды

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Бейбітшілік және келісім сарайында ХХІ қалалық тіл фестивалінің салтанатты мерекелік кеші өтті. Бұл туралы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі хабарлады.

Елордада қалалық тіл фестивалі қорытындыланды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған салтанатты кешке қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. 

Құттықтау сөзін алып, кешті ашқан қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жыл сайын тіл фестивалі аясында елордада 300-ге дейін түрлі бағыттағы іс-шара өтетінін, оның барлығы мемлекеттік тілді дамытуға бағытталғанын атап өтті.

«Дәстүрге айналған фестивальді біз күзде өткіземіз, бұл кезде мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған басқа да шаралар өтеді. Олар: «Memlekettik til - ult tiregi» отырысы, «Til-amanat» акциясы, «Oı-zerek» интеллектуалдық жарысы, «Qazaq tilin oqytý ádistemesi» ғылыми-тәжірибелік конференциясы және т.б. Бүгінгі таңда елорда әкімінің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларындағы жазуларды латын қарпіне ауыстыру жұмысы жүріп жатыр», - дейді Б.Мәкен.

Бұдан бөлек, Б.Мәкен Абай даңғылы бойында қазақ жазушыларының аллеясы ашылғанын, сол аллеяда Сәкен Сейфуллин, Ильяс Жансүгіров және Бейімбет Майлинге ескерткіш орнату жоспарланып отырғанын да айта кетті.

Осыдан бірнеше апта бұрын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіріп, қолдану аясын кеңейтіп, ұлтаралық қатынас құралына айналуына сіңірген еңбегі үшін бірнеше тіл жанашырларын марапаттаған болатын. Осы кеште қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары Көпболсын Бекмағанбетов, Бекжан Әбдуәлиұлы, Қайнар Олжай мен Кенжегүл Тергембаевалар алғыс хатпен марапатталды.

Ал Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ руханиятының алтын арқауы, ұлтты біріктіруші тұғыр – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және елдік мұраттарды насихаттауға қосқан үлесі үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің «Тіл тұғыры» құрмет марапатына Алдан Смайыл, Ерден Қажыбек, Оспан Сүлейменұлы, Әнуарбек Қайкенұлы, Нәсіпжан Абдрахманқызы, Нұрлан Әуезханұлы, Арнұр Қайнарбекұлы, Алмас Сырғабай мен Владислав Тен, Алексей Ширяев ие болды.

 1