Қарттар Ұштаған ауылындағы «Ардагерлер үйіне» қонаққа шақырылып, мектеп оқушылары және мәдениет үйі қызметкерлері дайындаған сазды бағдарламаны тамашалады. Мереке аясында қарттарды округ әкімі Ж.Молдашева құттықтап, ауылдағы дәрігерлік амбулатория қызметкерлері денсаулық акциясын өткізіп, қариялардың қан қысымын өлшеумен айналысты. Ақтөбе ауылдық округі әкімдігі атынан мерекеге орай «Ардагерлер үйіне» теледидар сыйға тартылды. Сондай-ақ, ардагерлер арасында бата беру , шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарынан сайыстар ұйымдастырылып, ойын қорытындысымен жеңімпаздар марапатталды. Шара соңында мерекелік дастархан жайылып, барлығы дастарханнан дәм татты.
- Қарттар қашанда біздің назарымызда. «Ауылыңда қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» демекші, ауылдың ескі тарихын әңгімелеп, жастарды елді, Отанды сүюге тәрбиелеп отыратын аға буын өкілдерін ауылда өтетін шаралардан тыс қалдырмаймыз. Биылғы Құрбан айт мерекесін үштағандық азаматтар Наурыз той сынды кең көлемде өткізіп, ел-жұрттың ықыласына бөленген еді. Осы айт мейрамында да ағаларымыз арамыздан табылып, төрімізді толтырып отырды. Ауыл тарихын әңгімелеп, қақпан құру, аңшылық, өзге де ұлттық дәстүр, кәсіп туралы білгендерін ортаға салды. Ақ жаулықты аналар мен келіндер жүн сабап, балалар қазақша күресіп өзгеше өрнекте өткізген болатын. Аулымыздың тірегіне айналған ардагерлерімізді, қарттарымызды бүгінгі мерекелерінде қуанту – өзіміз үшін қуаныш, дейді Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Жанбибі Тұрарбекқызы.
Маңғыстаудағы «Үлгілі ауыл» атанып, әртүрлі сайсытарда облыстық байқауларда топ жарып, республикалық байқауларда мақталып жүрген Ұштаған өз ұйымшылдығын осылайша тағы бір көрсетті. Жуырда республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында ұштағандық Нұрсебеповтер отбасы Маңғыстау намысын қорғаған болса, қазіргі таңда ауылда «Астана» арнасының түсірілім тобы өз бағдарламаларына сай жұмыс жүргізуде.
Маңғыстау облысы