Экономика • 02 Қазан, 2019

«Қазатомөнеркәсіп» акциялары Ұлттық қорды толтырды

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жос­парына сай, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Лондон қор биржасына «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын шығару арқылы 128 млн доллар тапты. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ активтерді басқару және жекешелендіру бойынша атқарушы директоры Алмасадам Сатқалиев мәлімдеді.

«Қазатомөнеркәсіп» акциялары Ұлттық қорды толтырды

2019 жылғы қыркүйектің соңында «Қазатомөнеркәсіп» АҚ  IPO-ға  3,8% жаһандық депозитарий қолхаттарын қосымша орналастырған. Соның ішінде 1,86%-ы Лондон қор биржасына, 1,94%-ы «Астана» халықаралық қор биржасына шығарылды. Соның ішінде Лондон қор биржасынан 62,9 млн доллар түссе, «Астана» биржасынан 65,2 млн доллар түскен.

«Жалпы, 9 млн 963 мың жаһандық депозитарий қолхат­тарын 13 доллардан шығаруды көздеген едік. Бұл 2018 жылдағы IPO кезіндегі алғашқы бекіткен бағадан 11%-ға қымбат. Нәти­же­сінде 128 млн 219 мың доллар таптық. Бұл қаражаттың бәрі Ұлт­тық қорға салынады», деді Алмасадам Сатқалиев. 

Атқарушы директордың айтуынша, акция бағасы нарықтағы құнына сай болды. Акцияны жедел сату кезінде инвесторларға белгілі бір деңгейде жеңілдіктер берілетіні белгілі. Қор өкілдері­нің пікірінше, 13 доллар – әділ баға. Акция саудаға шыққан­нан кейін бағаның 12,9-13,2 доллар аралығында тербелуі осыны көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, Үкіметтің жекешелен­діру науқанына сай, «Қазато­мөнер­кәсіп» компания­сы акциясының 25 пайызын биржаға шығару жоспарланған еді. Қазіргі таңда 15 пайыз акция сатылымға түсті. 3,8 пайы­зы ABB әдісімен нарық­қа шы­ға­рыл­ды. Қалғаны алдағы уақытта саудаланбақ.

Атқарушы директордың айтуынша, компаниядан үлес алуға институционалды инвесторлармен қатар жекелеген саудагерлер де қызығушылық танытып отыр. Жалпы, бүгінге дейін компа­ния акцияларын сатып алғандар­дың арасында қазақстандық инвесторлар да бар. «Мәселен, жаһандық депозитарийлердің 6,5 млн данасын шетелдік инвесторлар сатып алса, 3,3 млн данасын отандық инвесторлар сатып алған.

Жалпы, институционалды инвесторлардың 20-сы отан­дық ұйымдар. Шетелдік инвес­торлар­дың қатарында BlackRock, Morgan Stanley, Wellington се­кіл­ді инвестициялық қорлар мен хедж қорлар бар. Сингапур үкі­меті де отандық компаниядан үлес алған екен. Шетелдік ин­вес­торлардың ұзын саны қазіргі таңда 40-қа жетті. Олар негізінен АҚШ, Канада секілді алпауыт елдерге тиесілі. Бұл жаһандық нарықтың Қазақстан экономикасына үлкен сеніммен қарайтынын көрсетеді», деді А.Сатқалиев.