Аймақтар • 02 Қазан, 2019

Өңірдегі өзекті мәселелер шешілуімен құнды

539 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан тұрғындарының шымбайына батқан мәселелер қандай? Өңір халқын алаңдатқан жайттар қалай шешімін тауып жатыр? Аймақтағы жұрттың мұң-мұқтажы дер кезінде бақылауға алына ма? Осы мәселені зерттеп-зерделеу мақсатында Nur Otan партиясының облыстық филиалына, облыс әкімінің жеке тұлғаны қабылдау бөлмесі мен былтыр ғана ашылған облыс әкімінің қоғамдық қабылдауына арнайы барып, құжаттарды қопарып, сандарды сапырып, мән-жайға тереңірек үңілуге тырыстық.

Өңірдегі  өзекті мәселелер  шешілуімен құнды

Тұрғындарды толғандыратын 4 мәселе

Біз ең әуелі жұрттың шағымы ең көп түсе­тін орынның бірі Nur Otan партиясы об­лыстық филиалына бардық. Партия­ның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтар­ханов өңірде партияның 20 қоғамдық қабылдау бөлімі халықпен тығыз жұмыс істей­тінін айтады. «Партия қоғамдық қабыл­дау жұмысын бірінші орынға қойып отыр. Қоғамдық қабылдау – партия жұ­мысының негізгі бөлігі. Осы арқы­лы біз өңір тұрғындарын қандай мәсе­лелер толғандыратынын, олардың көңіл күйін біліп отырамыз. Қоғамдық қабыл­дау партия жұмысының жүйелілігін, партияға деген елдің сенімін көрсетеді. 2018 жылы 5 мыңға жуық адамды қабыл­дадық. Соңғы жылдары тұрғындар тарапы­нан арыз-шағым көбейіп кетті. Адам­дар бізге көп келеді. Келгенде, мәселе­лерінің шешім табатынына сенген­дік­тен келеді. Тұрғындар тиісті орындар­ға тікелей арыз жазғаннан гөрі партия арқылы барса мәселелерінің тез шеші­летінін біледі. Біз арыз-шағымдарды тиісті, өкілетті орындарға жібереміз, дұрыс шешілуін бақылаймыз. Мәселе шешіл­мей күрделенсе, қоғамдық тыңдау өткіземіз. Арнайы бекітілген кесте­міз бар. Өскемендегі партия филиалын­да тұр­ғындарды облыс әкімінің өзі қабыл­дай­ды. Мәселен, облыс әкімі жыл басынан бері тұрғындарды 6 рет қабылдады. Мем­лекеттік атқарушы органдар басшылары да осы жерде қабылдау өткізеді», дейді ол.

Партияның облыстағы филиалда­рына жыл басынан бері, яғни 1 қыр­күйекке дейін ұзын саны 4808 арыз-ша­ғым түсіпті. Тұрғындардың өздерін тол­­ғандырған мәселелерді партия филиалына келмей-ақ, үйде отырып-ақ тиісті орындарға жеткізуіне партия филиалы тарапынан жағдай жасалыпты. Мәселен, жоғарыда атап өткен 4808 арыз-шағымның 237-сі партияның ресми сайтына түссе, 58 тұрғын «Skype» бағдарламасы арқылы өтініш-тілектерін жеткізіпті. Ал өңірдің 48 тұрғыны пар­тияның облыстық филиалында орна­тылған бейне конференция арқылы ор­талықтағы басшыларға шығып, арыз-шағымдарын айтуға мүмкіндік алыпты. Осы тоғыз ай көлемінде партияның қо­ғамдық қабылдау бөлімдері арқылы 1280 қабылдау ұйымдастырылып, 2311 азамат қабылдауға жазылыпты.

Партияға кімдер келеді? Қандай мә­се­ле­мен келеді? Партия филиалының облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жансая Қаныбекованың айтуынша, биыл партия филиалдарына арыз-шағымын жеткізген азаматтардың 18 пайызын зейнеткерлер, 14 пайызын аз қамтылған отбасылар, 8 пайызын жас­тар, 7 пайызын толық емес отбасылар, 6 пайызын мүгедектер, 5 пайызын көп балалы және жас отбасылар, 3 пайы­зын мүгедек балаларды тәрбиелеп отыр­ған отбасылар, 2 пайызын шаруа қо­жа­лықтарының өкілдері мен оралмандар, қалған 1 пайызы сотталғандар мен тыл ар­дагерлері, басқа да санаттағы аза­мат­тар құрапты.

Халықты қай кезде де әлеуметтік мә­селелер толғандыратыны белгілі. Биыл да жылдағыдай әлеуметтік мәселе – бірінші орында. 2019 жылдың тоғыз айында өңір тұрғындарының 28,6 пайызы партия фи­лиалдарына әлеуметтік мәселелерін алға тарта келіпті. Бұл өткен жылдың осы ке­зеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға көп. Біз атаған 28,6 пайызды құраған әлеу­­меттік мәселенің өзін бірнеше топ­қа бөлуге болады. Жіктеп айтсақ, пар­тияға әлеуметтік мәселелерін айтқан аза­маттардың 47 пайызы материалдық және қайырымдылық көмек сұрай кел­се, 19 пайызы өздерін зейнетақы та­ғайындау, жәрдемақы, жеңілдік, тө­лем және өтемақы мәселелері мазалап жүргенін жеткізіпті. Әлеуметтік қам­сыздандыру мәселесі, әсіресе облыстың Риддер қаласы тұрғындарының 73, Ая­гөз тұрғындарының 49, Шемонаиха тұр­ғын­дарының 44, Өскемен мен Үржар ауда­ны тұрғындарының 25 пайызының көңілін алаңдататын көрінеді. Облыстағы партияның қоғамдық қабылдауларына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша түскен арыз-шағымдар 18 пайызды құраса, бұл тарапта Рид­дер (44), Өскемен қалалары (30), Шемо­наиха (30) және Ұлан (27) аудандары «бел­сенділігімен» көзге түсіпті. Аймақ тұрғындары жұмысқа орналасу және еңбек даулары (жалақы мен зейнетақы төлемдерінің төленбеуі) бойынша да көп шағынады екен. Биылғы көрсеткіш – 15 пайыз. Әсіресе осы мәселелермен Үржар (21), Бородулиха (18) және Тар­бағатай (17) ауданының тұрғындары пар­тияға біршама арыз-шағым түсіріпті. То­ғыз айда партия филиалына келіп түскен арыз-шағымдардың 14 пайызы тұрғын үй және жер телімдерін бөлу, оның ішін­де мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй беруге қатысты екен. Бұл ретте арыз-шағым­дардың басым бөлігі Зайсан (42), Абай (38), Глубокое (27) және Үржар (23,5) аудан­дарынан келіп түсіпті.

Тоғыз айға тоқталдық. Ал партияға 2016 жылы 5777, 2017 жылы 5658, 2018 жылы 4784 адам хабарласыпты. Был­тыр арыз-шағымдардың 43 пайызы оң шешімін тауып, 55 пайызына кеңес бе­ріліп, түсіндіру жұмыстары жүргі­зіліпті. 2018 жылы 2920 қабылдау ұйым­дас­тырылып, 4569 адам мәселелерін ай­туға мүм­кіндік алыпты.

Үш жылды салыстырып айтар болсақ, өңір тұрғындарын негізінен 4 мәселе – әлеуметтік қамсыздандыру, жұмысқа ор­наласу, еңбек даулары, тұрғын үй және жер алу, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы мәселелері көбірек тол­ған­дыратынын және бұл түйткілдер жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай отыр­ғанын да анық байқаймыз.

«Министрлікке барсам, үй тез беріледі» деп ойлайды

Партияның облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жансая Қаныбекова халық арасында «мәселе тек жоғарының нұсқауымен шешіледі» деген көзқарас қалыптасқанын айтады. Кейбір тұр­ғындардың мәселесі өзі тұратын жер­­дегі ауыл әкіміне қатысты болса да, оған бармай бірден облыс әкіміне ша­­ғым­данып жатады. Бізге тұрғындар көбінесе үй кезегі бойынша келеді. Олар бізден бұрын жоғарыға, орталықтағы басшыларға шағымданады. Елордадағы басшылар кезекті жылжыта алмайды ғой. Бәрі заң аясында шешілмей ме? «Министрлікке барсам, кезегім жылжиды, үй тез беріледі» деп ойлайды. Ол кісінің ал­дында да сол кісі секілді қанша мұқтаж адам бар екен­дігін естен шығарады. Білмегеннен кейін анда барады, мында барады. Уақытын жоғалтады. Бізге мәселесі әбден ушыққан кезде ке­леді. Артынан «Бірден сіздерге ке­луіміз ке­рек екен ғой» деп жатады. Жасы­ра­тыны жоқ, облыста шешілмейтін мәселелер де бар. Бұл мәселелер негізінен сот шешімдеріне қатысты» деген ол қа­зір­гі уақытта «Халыққа көмек» және «Заң­герлік көмек» деп аталатын екі жоба іске асып жатқанын жеткізді.

«Халыққа көмек» жобасы бойынша апта­сына бір рет бейсенбі күні әлеуметтік қам­сыздандыру бөлімдері, халыққа қыз­мет көрсету орталықтары, тұрғын үй инспекциясы секілді мекемелердің өкіл­дері қабылдау жүргізеді екен. Ал «Заңгерлік көмек» бойынша аптасына бір рет заңгерлер, адвокаттар, нотариустар адам­дарға тегін кеңес беріп, әлеуметтік осал топтарға өтініш жазуға көмектесетін көрінеді.

Тұрғындар негізінен партияға жеке мәсе­лелерімен көп шағымданатынын бай­қа­дық. Ал өз ауылының, ауылдас­тарының мәселесін көтеретін тұрғындар саусақпен санарлықтай болса да бар екен. Мәселен, Ал­тай ауданының Парыгино ауылының тұр­ғыны 2016 жылы бейне конференция арқылы сол кездегі «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедке шығып, «Алтай-Зубовск-Парыгино» жолының мәселесін көтеріпті. Нәтижесінде, партияның ықпа­лымен облыстық бюджеттен қаржы бөлі­ніп, 2017 жылы 13 шақырымдық жол 200 мил­лион теңгеге жөндеуден өтіпті.

Биыл арыз-шағым жылдағыдан екі есе көп

Аймақ тұрғындары арыз-шағымда­рын арқалап баратын жердің бірі – Өс­ке­мендегі облыс әкімдігі ғимараты, он­дағы – жеке тұлғаны қабылдау бөлмесі. Біз де бардық бұл жерге. Тым алысқа ұза­майық деп екі жарым жылға сарап жа­сап көрдік. Облыс әкімі аппараты Ба­қылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы, жеке тұлғаны қа­­былдау бөлмесінің жетекшісі Нәсира Мұс­тафина ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылы жеке және заңды тұл­ғалардан 1525, 2018 жылы 1708, 2019 жыл­­дың жарты жылдығында 1273 арыз-шағым түсіпті.

2017 жылы облыс әкімі аппаратына түскен 1525 арыз-шағымның 1047-сі тікелей өтініш берушіден, 203-і Пре­зидент Әкімшілігі, 170-і республика­ деңгейіндегі әртүрлі ведомстволар (ми­нистр­­ліктер, комитеттер, Бас прокура­ту­ра), 71-і Премьер-Министр кеңсесі және 34-і Парламент арқылы түсіпті. Өңір тұрғындары арыз-шағымының көр­сет­­кіштері бойынша облыс орталығы – Өскемен мен Семей қалалары көш бас­тап тұр. 2017 жылы Өскеменнен 532, Семейден 295, Риддерден 40, аудан­дардан Глубокоедан 48, Зайсаннан 45, Аягөзден 43, Көкпекті мен Ұланнан 37 өтініш келіп түсіпті. 2018 жылғы 1708 (+183) арыз-шағымның 1172-сі тіке­лей өтініш берушіден, 219-ы Прези­дент Әкімшілігінен, 223-і республика дең­­гейіндегі әртүрлі ведомстволардан (министрліктер, комитеттер, Бас прокуратура), 49-ы Премьер-Министр кеңсесінен және 45-і Парламенттен келіпті. Былтыр ша­ғым Өскеменде 52 (584), Риддерде 16 (56), Аягөзде 8 (51), Шемонаихада 19 (44), Үржарда 8 (39), Алтайда 4 (36) адам­ға көбейіп, Семей қаласы (290) мен Глу­бокое ауданында (43) 5 адамға тө­мен­­депті. Ал 2019 жылдың I жарты жыл­дығында 1273 арыз-шағым түсіпті. Оның 888-і тікелей өтініш берушіден, 116-сы Пре­­зидент Әкімшілігінен, 188-і респуб­лика деңгейіндегі әртүрлі ведомстволардан (министрліктер, комитеттер, Бас про­­­куратура), 56-сы Премьер-Министр ке­­ң­­сесінен және 25-і Парламенттен тү­сіп­­ті. Облыс тұрғындарының осы арыз-ша­­ғым­дарының 345-ы «Қазпошта», 308-і­ «Электрондық құжат айналымының бір­­ыңғай жүйесі», 194-і облыс әкімінің бло­­гы, 127-сі «Электронды Үкімет» пор­талы, 57-сі облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі, 3-еуі факс арқылы тү­сіпті, 239-ын өтініш беруші өзі әкеп тап­сырыпты. Біз жіпке тізіп отырған 2 жарым жылдағы арыз-шағымдарды саласына қарай жіктесек, облыс тұрғындарын негізінен тұрғын үй, жұмысқа орналасу, еңбек дауы, зейнетақы төлемдері, жәрдемақылардың тағайындалуы, жер­ді пайдалану секілді мәселелер кө­бі­рек толғандырады. Мәселен, 2018 жыл­­ғы 1525 арыз-шағымның 337-сі (2017 – 397) тұрғын үй-коммуналдық ша­­­руа­шылығына, 184-і (2017 – 208) жұ­­мыспен қамту, әлеуметтік қамсыз­дан­дыруға, 161-і (2017 – 115) мемле­кеттік қыз­метке, 144-і (2017 – 87) ла­уа­зым­ды адамдардың әрекеттеріне (әрекет­сіз­дігіне), 122-сі (2017 – 64) білім, ғылым және инновация, 74-і (2017 – 60) жерді пай­­далану мәселелеріне қатысты екен. Биылғы жарты жылдықта да тұрғын үй (304), жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру (154), мемлекеттік қызмет (76), жерді пайдалану (56) күнтәртібінен түс­пепті. Сонымен қатар мәдениет (90), БАҚ-қа (60), өнеркәсіп пен кәсіпкерлік (47) және ауыл шаруашылығы, білім, ғылым, инновация (36) салаларына қатысты арыз-шағымдар тіркеліпті.

Қош делік, тұрғындар тарапынан ке­ліп түскен арыз-шағымдар қалай қара­лып, қаншалықты шешімін тауып жатыр?

«Соңғы бір жарым жылға тоқталайын. 2018 жылы өңір тұрғындары тарапынан түскен 1708 арыз-шағымның 1254-і (73,4 %) облыс әкімдігінің құрылымдық бөлім­шелеріне, 33-і (1,9 %) аймақтағы құқық қорғау органдарына (прокуратура, Әділет департаменті) жіберілді. Қал­ған 394 арыз-шағым (23 %) облыс әкімі аппаратында қаралды. Былтыр облыс басшылығы заңды және жеке тұлғаларға 123 рет қабылдау жүргізіп, 301 адамның мәселесіне құлақ түрді. Об­лыс әкімі 135, орынбасарлары 134, аппарат басшысы 29 тұрғынды қабылдады. Ал биылғы алғашқы жарты жылдықта 1273 арыз-шағым түссе, соның 1056-сы әкім­діктің құрылымдық бөлімшелеріне, 10-ы құқық қорғау органдарына (прокуратура, Әділет департаменті) жіберілді. 176 арыз-шағым облыс әкімі аппаратында қаралды. Биыл тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағым жылдағыдан екі есе көп. 24 қыркүйекке дейін 1969 арыз-шағым түсті. Халық мәселенің бәрі тек жоғарыдан шешіледі деп ойлайды. Сондай көзқарас қалыптасқан. Дұ­рысында, мәселе жергілікті жерде ше­шілуі керек. Халық осыны дұрыс тү­сінсе дейміз, кез келген мәселенің заң ая­сында шешілетінін ұқса дейміз» деген Нә­сира Мұстафина халық тарапынан тек арыз-шағым ғана түспейтінін, әртүрлі ұсыныстар да айтылатынын жеткізді. Мәселен, Катонқарағай ауданының тұр­ғындары аудан орталығын Үлкен На­рыннан Катонқарағай ауылына көшіру жө­нінде, ал Мақаншы тұрғындары Ма­қан­шыны жеке аудан қылып қайта құру туралы ұсыныс білдіріпті.

Әкімдік қызметкерлерінің сөзінен түйгеніміз, келіп түсетін арыз-шағымның дені жеке бастың мәселесі. Алайда қара бастың қамынан елдің, ауылының қамын жоғары қоятын азаматтар да бар. Мәселен, Глубокое ауданы Зимовьё ауылының тұрғыны Людмила Балаболкина былтыр ауылда аялдама жоқтығын көтеріп, хат жазыпты. Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен ауылға аялдама орнатылыпты.

Цифрландырылған қоғамдық қабылдау бөлмесі

Былтыр жел­тоқсан айында Өске­мен­де ашылған облыс әкімінің қо­ғам­дық қабылдау бөл­месі – мемлекет пен қоғам арасында тиімді екіжақты байланыс орнату ар­қылы тұрғындардың билікке деген сенімін арттыруға бағытталған жоба. Бұл жерде бәрі цифрландырылған. Қо­­ғам­дық қабылдау бөлмесі фронт-офис­тен, контакт-орталықтан және пор­талдан тұрады. «Облыс әкімінің қо­ғамдық қа­былдауы» цифрлық порталы – әкім­діктің тұрғындар үшін ашықтығы және қол­жетімділігі ұстанымы бойынша жұ­мыс істейтін платформа. Бұл жобаның біре­гейлігі оған барлық мемлекеттік ор­ган­ның қатысуында. Тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдар арнайы элек­трондық платформада сақталады. Бүгінде виртуалды қабылдауға 303 мемлекеттік орган мен 768 маман қосылған. Олар – аудан-қала әкім­діктері, облыстық басқармалар, ірі қалалар әкімдіктерінің бөлімдері, ор­талық мемлекеттік органдардың аумақ­тық бөлімшелері. Жұмыс тәртібі бекі­тілген. Жүйеге 700-ден астам пайдаланушы қосылып отыр. Портал 1331 нөмірлі контакт-орталықпен бірлесе жұ­мыс істейді. Фронт-офис Қазақстан кө­шесіндегі 59/1 ғимаратының бірінші қа­батында орналасқан. Ерекше атап өтер­лігі, аталмыш офис мүмкіндігі шек­теулі адамдарды қабылдау нормаларына сай жарақталған. Яғни, кіреберістегі мү­гедектерге арналған шақыру батырмасымен, көрсеткіш тақталарымен, мнемосхемалармен, рельефті-нүктелі жапсырмалармен және тактильді тақтайшалармен жабдықталған. Орынжайда қауіп­сіздік талаптарына сәйкес бейнебақылау жүйесі де орнатылған. Мұнда келген азаматтар өз беттерімен де қызмет түрлерін ала алады. Сондай-ақ олардың білікті ма­ман­дардың көмегіне де жүгінулеріне болады. Бұл жоба – «Цифрлы Қазақстан» және «Цифрлы Шығыс» бағдарламалары аясындағы ауқымды жұмыстың басы ғана. Мұның бәрі – тұрғындардың тұр­мыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақ­сатында қолға алынған іс-шаралар», – дейді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Марина Гагарина.

Бұл жерге облыстың кез келген нүк­тесінен үй немесе ұялы телефоны­ ар­қылы 1331 нөміріндегі байланыс орталығына хабарласуға болады. Телефон шалу тегін. Жұ­мыс күндері тұрғындардың арыз-шағым­дарын оператор, ал демалыс пен мейрам күндері автоматтандырылған жауап беру жүйесі қабылдайды. Сондай-ақ www.1331.kz порталына кіріп, элек­трондық сандық қолтаңбаңыздың кө­ме­гімен сауалыңызды жолдауға да мүм­кіндік бар.

Облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысымен біз де арнайы барып таныстық. Байқағанымыз, мұнда арыз-шағымдардың көбі негізінен теле­фон, WhatsApp, электронды пош­та, Instagram, мобильді қосымшалар ар­қылы түседі екен. Мәселен, қоғамдық қа­былдау бөлмесіне жыл басынан бері (20 қыркүйекке дейін) ұзын саны 4585 арыз-шағым келсе, соның 3012-сы теле­фон қоңырауы, 1146-сы WhatsApp ар­қылы түсіпті. Бес күн бойы таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс іс­тейтін қоғамдық қабылдау бөлмесінің ерек­шелігі, облыстың кез келген тұрғыны кез келген мекемеге өтініш білдіре ала­ды.

«Заң бойынша тұрғындардың арыз-шағымы 15 жұмыс күні ішінде қара­ла­ды. Ал бұл жерде 10 күнтізбелік күн ішінде қаралады. Бұл – бір. Екінші, арыз-шағымдарды тексеру керек болса, бір айға дейін созылады. Мұнда 22 күнде қара­лады. Бізде қалай? Тұрғындардан ке­ліп түскен арыз-шағымды тіркеп бір­ден тиісті орындарға жібереміз. Біз тір­кеген кезде мемлекеттік мекемелер­ге арыз-шағым автоматты түрде түседі. Ал кезек күттірмейтін шұ­ғыл жағдай бол­са, өзіміз телефон со­ғып, қосымша хабар­лаймыз. Сұрақ біз­ге қалай келеді, со­лай жауап береміз. Мә­селен, электронды поштамен келсе элек­тронды поштамен жібереміз. Жауап бар­ған кезде «жауапқа қанағаттанасыз ба, қана­­­­ғаттанбайсыз ба?» деген жазу шығып тұрады. Егер қанағаттанбаса әрі қарай басқа орындарға жібереміз», дейді облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесінің инспекторы Эльвира Шалқыбаева.

Шұғыл демекші, инспектор бізге шұ­ғыл жағдайда келіп түскен хаттардың бірін көрсетті. Риддер қаласының тұр­ғыны Иван Вичиков 23 қыркүйек күні сағат 14:47-де WhatsApp арқылы шаһар­дағы көшелердің бірінде тоқ үзіліп, адам­дарға қауіп төндіріп тұрғанын хабарлап, суреттерін жіберіпті. Содан кейін екі сағат шамасында, яғни сағат 16:25-те тиіс­ті мамандар жұмыс істеп жатқанын хабарлап, қоғамдық қабылдау бөлмесіне алғысын жеткізіпті. Бұл – бір ғана мысал.

Қоғамдық қабылдау бөлмесіне телефон шалмай-ақ, тура келетін тұрғындар да бар. Соның бірі – қоғам белсендісі, Өс­кемен қаласының тұрғыны Руслан Сма­ғұлов. Русланды әкімдіктегілердің көпшілігі жақсы таниды. Ол қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылғаннан бері 15 рет болыпты. «Бұл жер қарапайым адамдарға өте қолайлы. Жасыратыны жоқ, кейбір басқарма, департамент басшылары әрнені сылтауратып қабылдамай қояды. Ал мына жер арқылы алдын ала жазылып, кез келген басқармаға кіруге болады. Мәселен, мені жақында Мемлекеттік еңбек инс­пекциясы басқармасы басшысының орынбасары қабылдады. Қоғамдық қабылдау бөлмесінде бекітілген кестеге сәйкес мемлекеттік органдар басшылары қабылдау өткізеді», дейді ол.

Облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөл­месінің инспекторы Эльвира Шал­қыбаеваның айтуынша, жыл басынан бері барлық мекемелерге түскен арыз-шағымдар саны 40 мыңнан асып жығы­лыпты. Өңір тұрғындарын негізінен тұр­ғын үй коммуналдық шаруашылығы, нақ­тырақ айтсақ, баспана мәселесі тол­ғандырады екен. Екінші кезекте – ден­саулық сақтау саласы. «Дәрігерлер дұрыс қабылдамайды, дұрыс қарамайды, барсаң орнында жоқ, «Damumed» неге істемейді, дәрігерлер менімен дұрыстап сөйлескен жоқ» деген секілді арыз-шағымдар айты­лады. Жіктеп айтар болсақ, арыз-ша­ғым, өтініш-тілек ең көп түсетін қала – Өскемен, одан кейін Семей, Алтай. Аудан­дардан Көкпектіден көп хабарласады», дейді Эльвира Шалқыбаева.

Түйін

Біз мақалада өңір тұрғындарының тек ресми орындарға түсіретін арыз-ша­ғым­дарына ғана тоқталуға тырыстық. Облыс халқының, аймақтағы белсенді азаматтардың әлеуметтік желіде, басқа да орындарда көтеріп жатқан мәселелері өз алдына бөлек әңгіме. Әлеуметтік желі де­мекші, облыс әкімі Даниал Ахметовтің фейсбук және Instagram әлеуметтік желі­лерінде ашылған жеке парақшасына облыс тұр­ғындары өздерін толғандырған мәсе­лелерін ашық жазып, ұсыныстарын жет­кізіп жүр.

 

Шығыс Қазақстан облысы