Руханият • 02 Қазан, 2019

«Өмірбұлақ»: Махаббат ескерткіші ашылды

588 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Белгілі ғалым, Қонаев атындағы заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаиридің мұрындық болуымен Ескелді ауданының аумағында «Өмірбұлақ» атты махаббат ескерткіші ашылды.

«Өмірбұлақ»: Махаббат ескерткіші ашылды

Талдықорған қаласы мен Текелі қаласын жалғап жатқан күре жол бойындағы бұлақ басына қойылған ескерткішке меценат 20 миллион теңге қаражат жұмсапты. «Туған жер» бағдарламасы аясында өзі өскен өлкені өркендетуге үлес қосып жүрген ғалым  енді бұл жерде жүрек жарастығымен шаңырақ көтеретін жұбайлар келіп, өмір бұлағынан бірге сусындайтындығына сенімді.

–Біз зайыбым Кәшипа екеуміз де осы Жетісу ауылының орта мектебінде оқығанбыз. Екеуміз тұңғыш рет осы бұлақ басында танысып, кейіннен дәм-тұзымыз жарасып, шаңырақ көтердік. Ұлдарымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырып, немерелердің қызығын көріп отырмыз. Міне, екеуміздің отау құрғанымызға табаны күректей елу жыл толып отыр. Жартығасырлық мерейтойымыздың құрметіне осы махаббат ескерткішін орнатып отырмыз.

Ондағы мақсатымыз – осы тасмүсін мәңгілік махаббаттың символы ретінде осында келіп, бұлақтың суынан дәм татқан жас жұбайлардың да махаббаттарының мөлдір болуына ықпал етіп, біздің жолымызды берсін деген тілегіміз еді, – деді мүсіннің ашылуында сөз алған  Қонаев атындағы заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири.