Аймақтар • 02 Қазан, 2019

«Рухани керуен» мүшелері әскери қызметшілермен кездесті

236 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Боралдай кентінде орналасқан 2022-әскери бөлімде Алматы облысы дін істері басқармасының бастамасымен құрылып, жолға шыққан «Рухани керуен»  тобы кездесу өткізді.

«Рухани керуен» мүшелері әскери қызметшілермен кездесті

Подполковник Қажымұрат Алмабековтың төрағалығымен өткен шараға облыстық «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу» орталығы директорының орынбасары Әйгүл Әлі, жазушы, журналист Мәди Алжанбай, дінтанушы Қанат Мүтебаев қатысты.

- Ерте заманнан қазақы дәстүрімізбен біте қайнасқан асыл дінді дәріптеу, ғасырдан ғасырға қанымызда тасып, жүрегімізде тулап жатқан ізгі адами қасиет-құндылықтарды қайта түлету арқылы ұлттық болмысымызды жоғалтпау, тарихын тереңге тарта жайған мәдениетіміз бен әдебиетімізбен, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды насихаттап, сондай-ақ діни сауаттылықты арттыру арқылы теріс пиығылды діни ағымдардан сақтану жолдарын басты мақсат-мүддесіне айналдырған «Рухани керуен» шара барысында тыңдармандар арасында салиқалы әңгіме өрбітті. Онда мемлекеттегі діни ахуал жайы, қоғамды жайлаған жемқорлық дерті, елі, жеріне деген патриотизм, «ұлттық код» тақырыптары жайлы кеңінен айтылды, - дейді әскери бөлімнің қоғаммен байланыс бөлімінің маманы, майор Әсел Мұратхан.

Шара барысында орталық қызметшілер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Яғни, жастардың құмар ойындарға салыну жайы, әскерилердің әлеуметтік мәселесі жайлы сауалдарын ортаға салды. Дінтанушылар тарапы тақырыпты кеңінен тарқатып, тұшымды жауап берді. Осылайша, әскерилердің рухын серпілткен басқосу ашық аспан астындағы көрме кешенін тамашалаумен жалғасты. «Діни экстремизм мен терроризмге жол жоқ» тақырыбындағы open air форматындағы көрмеге қоғамда белең алған жат ағымдар туралы суреттер қойылған. Онда мамандар Қазақстан территориясында уағыздарымен, әлеуметтік желілерде таралған бейне, аудио жазбаларын тыңдауға тыйым салынған тұлғалар туралы тілге тиек етті.

 

Алматы облысы