Қоғам • 02 Қазан, 2019

Түркістан: Президент Жарлығымен өрт сөндірушілер мен полицейлер марапатталды

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен төтенше жағдай болған сәтте шарасыз қалған адамдарды аман алып қалған қызметкерлер мемлекеттік нагадалармен марапатталды.

Түркістан: Президент Жарлығымен өрт сөндірушілер мен полицейлер марапатталды

Түркістанға арнайы іссапармен келген Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев Түркістан облысы ТЖД қызметкерлері, өрт сөндіруші Бақдаулет Әлімқұлов, Құралбек Жұмабаев, Рүстем Сайдахметов, Бағлан Убайдиллаев пен  полиция майоры Қанат Рақышевке «Ерлігі үшін» медалін табыс етті. Сонымен қатар полиция подполковнигі Ермек Өсербаев пен полиция лейтенанты Қайрат Алекешев Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды. Өздерінің қызметтік міндеттерін мінсіз орындаған қызметкерлерді құттықтаған министр Е.Тұрғымбаев ішкі істер органы қатарында ерлік көрсетіп, антына адал болып келе жатқан қызметкерлер барда халықтың ұйқысы тыныш және қауіпсіз болатындығына сенімі мол екендігін айтты.

Сондай-ақ министр Түркістан облысы ТЖД қызметкері азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Абдуғаппаровтың үйіне барып, оған 2-ші дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті. Өртті ауыздықтау кезінде ауыр жарақат алып, үйінде емделіп жатқан подполковник Б. Абдуғаппаровқа және оның отбасына өрт сөндіру және адамдарды құтқару кезінде көрсеткен батылдығы, батырлығы мен жанқиярлығы үшін алғысын айтқан министр сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Еске сала кетейік, 10 қыркүйекте Түркістан қаласындағы «Роял Гранд» қонақүйі отқа оранған болатын. Оқиға орнына келген облыстың ТЖД қызметкерлері мен полицейлер жақын маңдағы аумақты қоршауға алып, қонақүйдің қонақтары мен қызметкерлерін жедел эвакуациялауға кірісті. Құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 50 адам қауіпсіз жерге жеткізілген болатын.

Министр Түркістанға іссапарының соңында Полиция департаментінің ғимаратын аралап, қызметкерлерінің, сондай-ақ құқық қорғау органының халық алдындағы ашықтық пен мөлдірлігін көрсететін жаңа форматтағы халықтық – кеңсе жұмысымен танысты.

 

Түркістан облысы