Аймақтар • 02 Қазан, 2019

«Атамекен» ҰКП мамандары екі апта бойы Жаңаөзенде кәсіпкерлерге кеңес береді

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пен Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев Жаңаөзен қаласының кәсіпкерлерімен кездесті. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Маңғыстау облысы филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

«Атамекен» ҰКП мамандары екі апта бойы Жаңаөзенде кәсіпкерлерге кеңес береді

Кездесу барысында іскерлер жер, газ, тендер, құрылыс саласындағы мәселелерін ортаға салды. Осы жағдайларды кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп шешуді ұсынды.

- Маңғыстау облысында тек қана мұнай саласын емес, негізінен үш салада: туризм, ауыл шаруашылығы және импорт алмасуды дамытуымыз керек. Осы бағытта жоспарларыңыз, ойларыңызды білу мақсатында келіп отырмыз. Жақында моноқалалардағы кәсіпкерлер тізімін жасақтаймыз. Мәселен, «Өзенмұнайгаз» компаниясы сатып алуларында сол тізімдегі кәсіпкерлердің отандық өнімін алуы қажет болады. Кәсіпкерлерді осылайша өздеріміз қолдап отыруымыз қажет,- деді ҚР «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровтың айтуынша, Жаңаөзен қаласында шағын және орта бизнес субъектілері 7500-ге жетті. Оларда 21 мың адам жұмыспен қамтылған. «Бастау бизнес» жобасымен биыл 200 адам оқып шықты. Қайтарымсыз гранттарға 53 кәсіпкер қол жеткізді. «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен 110 жас білім алды. Болашақта өз кәсіптерін ашуға септігін тигізбек.

Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП бірнеше мамандарынан құрылған жұмыс тобы Жаңаөзенде екі апта бойы жұмыс істеп, мұнайлы шаһардың кәсіпкерлерімен жіті қарым-қатынас орнатып, түйіткілді мәселелерін толық зерттеп, кеңес беріп, тәжірибелерімен бөліспек.

Басқосуда жергілікті кәсіпкер Досай Таңатаров «Самұрық-қазына» АҚ талаптарының кәсіпкерлерге біршама қолбайлау болып отырғанын жасырмады. Тендер мәселесіндегі қиындықтар уақыт оздырмай шешілсе деген үмітте.

Жаңаөзендік кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын Абылай Исабекұлы Үкімет деңгейіне дейін көтеретінін айтып, іскерлер мәселесін бірлесіп шешуге уағдаласты.

 

 

Маңғыстау облысы

                          

Соңғы жаңалықтар