- Алдағы уақытта жаңа заң аясында мұғалімдердің жалақы мөлшерін ұлғайту, қосымша еңбек үшін үстемеақы төлеу, заңсыз тексерістерді болдырмау жүйелі жолға қойылады. Мұғалімнің ар-ожданы мен қадір-қасиетін қорғау, болашақ іргесі – білімді жастарды ізгілендіруде атқарған еңбегін өз деңгейінде бағалау, әлеуметтік әрі материалдық қолдау көрсету іске асады. Жаңа заманның жас ұрпағына сапалы білім беру үшін педагогтар да кәсіби білім-біліктілігін жан-жақты жетілдіріп, үздіксіз ізденіс дағдысын қалыптастыруы тиіс, деді аймақ басшысы Серікбай Трұмов.
Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен жыл сайын өткізілетін «Білім үздігі» конкурсының маңызы зор. Осы жылы конкурсқа қатысу үшін 160 педагог және 22 білім беру ұйымы құжаттарын ұсынған. «Үздік ауыл мектебі» алғашқы номинациясы бойынша Түпқараған ауданы Ақшұқыр мектеп лицейі үздік деп танылды. Бұл білім ордасы «ЮНЕСКО клубы» құрамына енген. «Үздік қала мектебі» номинация бойынша «Білім-инновация» лицейіне, «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» номинация бойынша Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжіне, «Үздік мектепке дейінгі ұйым» номинация бойынша Қарақия ауданы «Айгөлек» балабақшасына, «Үздік қосымша білім беру ұйымы» номинация бойынша Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебіне 1 миллион теңге сыйақы табысталды.
Педагогтар отбасын насихаттау және әлеуметтік қолдау мақсатында облыста жыл сайын «Үлгілі педагог отбасы» сайысы өткізіліп тұрады. Биыл осы номинация бойынша бас жүлдені Джамаловтар жанұясы иеленді.
Сонымен қатар 12 номинация бойынша және «Жыл мұғалімі» номинациясының ІІ орынға ие болған ұстаздарына арнап 500 мың теңге мен облыстық кәсіподақ ұйымының атынан Щучинск шипажайына жолдама берілді.
Өлкеде әулетімен мұғалімдік қызметті таңдап, ұстаздар династиясын құрған Көрпелиевтер жанұясы, 500 мың теңге сертификатпен марапатталды.
Сондай-ақ, өз мамандығының кәсіби иелері ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, екі мұғалім «Ыбырай Алтынсарин», үш мұғалім «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін, тағы 19 ұстаз облыс әкімінің алғыс хаттарын алды.
Маңғыстау облысы