Шымкент қаласында Асқар Мамин «Бадам» тұрғын үй алабының инженерлік инфрақұрылым жағдайымен танысты. Үкімет басшысының мұнда келуінің өзіндік себебі де бар. Тұрғын үй алабындағы мәселеге, яғни оның электрмен жабдықтау проблемасына орай мектеп мұғалімі Гүлназ Әбдірова Nur Otan партиясына жүгінген болатын. Мәселені Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке қабылдау барысында жеткізген. Үкімет басшысы Г.Әбдіроваға тұрғын үй алабындағы 195-орам үйлерін электрмен жабдықтау жұмыстарын осы жылдың желтоқсан айында аяқтау қарастырылғанын, су құбыры және газ желілерін салу жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын айтты.
Сондай-ақ Премьер-Министр археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған «Шымкент қалашығын» реставрациялау және музейлендіру жөніндегі «Цитадель» жобасының алаңына барды. Жобаның тарихи құндылығы бар және ол 2020 жылы «Шымкент – ТМД-ның мәдени елордасы» жылын атап өту аясында тартымды туристік нысан болуға лайықты. Үкімет басшысы жұмыс сапары барысында Қазақстан нарығымен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан нарықтарына өнімдерін жеткізетін «Зерде-Керамика» керамогранит өндіру зауытына барды. Өңірдің тоқыма саласын жандандыру жоспарларымен танысты. Биылғы 8 айда Шымкент қаласында өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 359,6 млрд теңге болған. Өңдеу өнеркәсібі өндірісі 17,8%-ға, оның ішінде химия өнімдері өндірісі 21%-ға, металлургия – 25,9%-ға, мұнай өнімдері өндірісі 31,5%-ға өсті. Шымкент қаласында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 67,2 мың бірлікке жетті немесе 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,5%-ды құрайды.
Үкімет басшысына өткізу қабілеті сағатына 400 жолаушыны құрайтын Шымкент қаласы әуежайы жаңа терминалының жобасы таныстырылды. Жаңа нысанды 2020 жылғы қазан айына дейін аяқтау көзделген. Сондай-ақ Премьер-Министрге Түркістан қаласын жаңғыртудың 1-кезеңі аясындағы жұмыстар барысы баяндалды. А.Мамин әкімшілік, әлеуметтік және тарихи-мәдени маңызы бар нысандардың, әкімдік, басқармалар және департаменттер ғимараттарының, медиа орталықтың, «Нұр-Сұлтан» алаңының, Олимпиада резерві спорт мектебінің, Халыққа қызмет көрсету орталығының, музыка мектебінің, аттракциондары бар қала саябағының, неке қию сарайының, визит-орталықтың, Шығыс моншасының, амфитеатр мен қалалық Арбаттың құрылысы барысын тексерді. Қазіргі таңда көне шаһардағы құрылыс жұмыстары 16 секторға бөлініп, оларға облыстың басқармалары мен аудан-қалалары, қалалық әкімдіктің бөлімдері жауапты болып бекітілген. Барлық аумақта жұмыс тынымсыз жүргізілуде. Алдағы уақытта Түркістанда үлгілі көше, аулалар анықталып, үздіктерге қошемет көрсетілмек.
Жұмыс сапарында Премьер-Министр А.Мамин Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевпен және Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиевпен бірге Н.Оңдасынов атындағы аллеяға ағаш егіп, көшет отырғызу бойынша республикалық акцияны бастады.
Түркістан облысы