Президент • 03 Қазан, 2019

ЕАЭО аясында ішкі кедергілерді жоюдың маңызы зор

319 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Таяуда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысқаны белгілі. Мемлекет басшысы осы жиында ұйымның сыртқы әріптестермен өзара тиімді байланыс орнатуға дайын әлемдік даму орталықтарының біріне айналып келе жатқанын атап өтті.

ЕАЭО аясында ішкі кедергілерді жоюдың маңызы зор

Қ.Тоқаев айтқандай, бүгінгі таңда дүниежүзілік нарықтағы ахуалдың тез өзгеріп жатқаны, алып державалар арасындағы бәсе­келестіктің күшейгені, түрлі санк­циялар мен сауда соғыстары әлем­дік экономикадағы тұрақсыздыққа әсер етуде.

Сарапшылардың дерегіне сүйен­сек, сауда соғысының сал­­дарынан әлемдік экономика 2020 жылдардың басына де­йін 850 млрд долларға жуық қара­жаттан айырылуы мүм­кін. Өнді­ріс қарқыны мен инвес­ти­ция­ның төмендеу көрсеткіші жаһан­дық ауқымда алғанда ІЖӨ-нің 1 па­йызын құрауы ықтимал.

 Президент атап көрсеткендей, дүние жүзінде, әсіресе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер­дің негізгі әріптесі саналатын Еуро­палық одақ елдері мен Қытайда экономикалық өсімнің төмендеуі кері әсерін тигізуі мүмкін.

– 2019 жылдың бірінші жарты­жыл­дығының қорытындысы бойынша ЕАЭО-ның үшінші елдермен арадағы сауда айналымының көлемі 2 пайызға азайды. ЕАЭО елдерінің өзара сауда айналымы 5 пайыздан артық – 28 млрд долларға азайды. Бұл дабыл қағарлық жағдай, – деді Қ.Тоқаев.

Белгілі экономист, мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеевтің пайымдауынша, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы екі елдің де экономикалық өсім қарқынын төмендетуде. Дүние жүзіндегі ең үлкен екі экономикадағы осы процесс басқа мемлекеттерге де кері әсерін тигізіп, дүние жүзі бойынша ІЖӨ өсімі 1 пайыз төмендейді. Қазақстан сияқты экономикасы шағын әрі ашық ел әлемдік нарықтағы шикізат бағасын қалыптастыра алмайды.

– Дүниежүзілік нарықта, ЕАЭО елдерінде шикізат бағасы өте құбыл­малы болады. Шикізатқа деген сұраныс төмендеп, біздің елдің экспортқа шығаратын негізгі тауарымыздың бағасы төмендеуі мүмкін. Қазақстан биылғы жылдың бірінші жартыжылдығын 4,1 пайыз экономикалық өсіммен аяқтады. Енді алып елдер арасындағы сауда соғысының салдарынан бұл көрсет­кіш төмендеуі мүмкін. Осындай кезеңде ЕАЭО сияқты аймақтық ұйымдар дұрыс жұмыс істесе, оған мүше мемлекеттердің сыртқы экономикалық ықпалдарға қарсы тұру қабілеті күшейеді. Өкінішке қарай, кеден аймағындағы елдердің арасында өзара келісілген шарттарды бұзу оқиғалары кейінгі кезде жиі кездесуде, – дейді Ж.Құлекеев.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірі де Ж.Құлекеевтің пайымымен үндеседі. Ол Қазақстан экспортының басым бөлігін көмірсутегі шикізаты, мұнай-газ бен металлургиялық өнімдер құрайтынын, сондықтан ұлттық экономикамыздың жағдайы әлемдік экономикадағы ахуалмен тығыз байланысты екенін айтады. Мемлекеттердің арасындағы сауда соғыстары, әлемдік нарықтағы шиеленіскен ахуал, айталық АҚШ пен Қытай арасындағы қалыптасқан жағдай біздің елдің де сыртқы саудасына әсерін тигізуде.

– АҚШ пен Қытай сияқты әлемдегі ең үлкен экономикалардың арасындағы тартыс, бұл елдердегі өнеркәсіп өндірісінде болып жатқан теріс процестер басқа елдерге де әсер етеді. Сауда соғысы Еуроодақпен, Ұлыбританиямен арадағы сауда айналымын төмендетсе, оның ұшқыны бізге де тиеді. Экономикалық санкция салынған елдердің арасында біздің экономикалық әріптестеріміз бар. Халықаралық қоғамдастық пен Батыс елдерінің тарапынан оларға салынған санкциялар бізге де тиімсіз. Біз үшін әлемдік сауда қатынастарында диалог орнағаны жақсы, – дейді Ғ.Әбішев.

Мемлекет басшысы Жоғары еуразиялық экономикалық кеңесте сөйлеген сөзінде ұйымға мүше елдердің нарығындағы кедергілерді жою керектігіне тоқталған болатын.

– Жалпы алғанда біз Одақ деңгейінде саудаға қажетті тиісті нормативтік база қалыптастырдық. Алайда іс жүзінде ұлттық нарықтарда өз тауар өндірушілерінің ұстанымын қорғауға тырысу кей жағдайларда біздің елдеріміздің арасында қол жеткізілген келісімдерден жоғары тұрады, – деген болатын Қ.Тоқаев.

Ж.Құлекеев атап өткендей, ортақ кедендік тариф жасалғандықтан, одаққа мүше елдер бір-бірінің тауар өндірушілеріне тарифтік кедергі қоя алмайды.

– Алайда кейбір елдер тарапынан тарифтік емес кедергілер қойылуда. Мысалы, санитарлық нормаларға сай келмейді, фитосанитариялық, ветеринарлық талаптарға қайшы деген дәйектерді алға тартып Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін, алкогольді сусындарды, кондитерлік тауарларды ішкі нарығына кіргізбеуге тырысатын елдер бар. Себебі біздің өнімнің сапасы жоғары, бағасы төмен болғандықтан, Ресейдің компанияларына бәсекелестік тудыруы мүмкін. Сол себепті олар түрлі әкімшілік ресурстарын пайдаланып, біздің тауарға шектеу қоюға тырысады. Президент Тоқаев айтқандай, ешқандай заңдық шектеу жоқ. Бірақ өңірлердің басшылары тарапынан кедергі жасалады. Осындай тарифтік емес кедергілер көп, бұл мәселені «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да, басқалар да бұған дейін бірнеше рет көтерген. Әсіресе Ресей нарығына енуде осындай кедергілер жиі жасалады. Қазақстанның нарығы Одаққа мүше мемлекеттер үшін ашық. Ал Беларусьқа Қазақстанның өнімін кіргізу мүмкін емес. Себебі бұл елге импорттық өнімді тек қана сол мемлекеттің компания­сы әкелуі керек. Кеңес өкіметі кезіндегі Импорт-экспорт одағы сынды компания құрып қойған, сырттан ешкімді кіргізбейді. Дүние жүзінде экономикалық өсімнің құлдырауына байланысты, сыртқы нарықта сұраныс азайып жатыр. Осындай күрделі кезеңде ЕАЭО елдері бір-бірін қолдаса ғана жалпы экономиканың даму мүмкіндігі артады. Өкінішке қарай, көршілес мемлекеттердің ішкі нарықтарын заңсыз қорғау әрекеттері байқалып отыр. Яғни Президент осы елдердің бәрі ішкі нарықтағы кедергілерін жоюы керектігін өте орынды көтерді, – деді Ж.Құлекеев.

Оның айтуынша, таяу жылдары жаһандық нарықтағы, эконо­ми­кадағы ахуал қиындайды. Сол себепті ЕАЭО сынды аймақтық бірлестіктердің рөлін күшейту өте маңызды. Ортақ нарық дамыса, әр елдің экономикасының даму көрсеткіші де жақсарады.

Ж.Құлекеевтің айтуынша, ЕАЭО нарығында заң бұзушылықтар жиі кездеседі, ал жауапкершілікке тарту жағы кемшін. Ұйымға мүше елдерге де, ұйымның атқарушы билігіне де тәуелсіз болуға тиіс ЕАЭО соты өз мақсатын толық жүзеге асыра алмай отыр. Егер Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы нормативтік базаға қайшы әрекет ету оқиғаларын анықтап, тиісті жауапкершілікке тарту, мәселен ірі көлемде айыппұл салу сынды шаралар жасалса, заң бұзушылықтар да азаяды. Алайда, ЕАЭО сотының жұмысы жай ғана консультативтік сипатқа ие.

– Сауда-экономикалық қаты­настар қарқынды дамуы үшін эко­номикалық дауларды шешетін орган мықты жұмыс істеуі керек ЕАЭО соты кезінде осы мақсатта құрылған. Өкінішке қарай, оның жақсы жұмыс істеуіне толық жағдай жасалмай отыр. Соның салдарынан жер-жерде заң бұзушылық көп. Әр ел өз нарығына басқа елдердің өндірушілерін кіргізбеуге, өз экспортын күшейтуге тырысып, сол үшін түрлі заңсыз әрекетке барады. Президент көтерген мәселе өте маңызды, деді Ж.Құлекеев.  

ЕАЭО елдері арасында еркін сауда-экономикалық байланысты күшейтуге ықпал ететін маңызды факторлардың бірі көлік-логистикалық қатынастарды реттеу екені белгілі. Қазақстанның транзиттік әлеуеті өте жоғары. Қытайдан, Оңтүстік Азия елдерінен біздің территориямыз арқылы тауар тасуға ниеттілер өте көп. Өзбекстан арқылы Түркияға, басқа елдерге тауар тасымалдауға мүдделі мемлекеттер де аз емес. Тауар тасымалдаушылар жалпы транзиттік тариф қанша болатынын білгісі келетіні түсінікті. Белгілі экономист атап өткендей, сол үшін ортақ өтпелі тариф болғаны жөн.

– Бізге басқа елдер ортақ өтпелі тариф бермеуге тырысады. Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүк өтпеуі үшін түрлі қадамға барады. Бұл сауда қатынастарын дамытуға үлкен кедергі келтіреді. ЕАЭО елдері арасындағы келісімдерде ортақ тариф туралы айтылған. Алайда, кейбір мүше мемлекеттер осы ережені бұзып отыр. Біздің ел арқылы Ресейге, одан әрі Украинаға, Балтық бойы елдеріне өте көлемді жүк өтеді. Көрші ел өз тасымалдау­шыларына төмен тариф қойып, біздің тасымалдаушыларға жоғары тариф белгілейді, – деді Ж.Құлекеев.

Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тарапынан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте көтерілген мәселелерді өте өзекті деп бағалады. Жаһандық экономикалық ахуал күрделенген кезеңде бұл мәселелерді шешу Қазақстан ғана емес, ЕАЭО елдерінің барлығы үшін, ортақ нарықты дамыту үшін өте маңызды.