Экология • 03 Қазан, 2019

Ақтауда жаңа Экологиялық кодексі туралы қоғамдық талқылау өтті

477 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау шаһарына Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы Маңғыстау облысы Экология департаменті өкілдері хабарлады.

Ақтауда жаңа Экологиялық кодексі туралы қоғамдық талқылау өтті

Зұлфұхар Сансызбайұлы алдымен жергілікті атқарушы органдарының өкілдерімен Қошқар ата қоймасына барып, улы көлді залалсыздандыру бойынша қолға алынған жұмыстармен танысты. Мұнда 105 тонна уытты қалдықтар көмілген, сонымен қатар 52 тонна радиоактивті қалдықтар тағы бар.

Айта кету керек, Қошқар ата қоймасында жинақталған улы қалдықтар 2015 жылдан бері соттың шешімімен мемлекет меншігіне өткен болатын. Бүгінде улы көлді залалсыздандыру үшін 17,5 млрд теңге қажет.

Бұдан соң қоғам өкілдерімен кездесу өткізілді. Онда жаңадан енгізілетін Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің жобасы туралы айтылды. Жаңа Кодекстің негізгі басым бағыттарының бірі болып –«ластаушы төлейді» атты халықаралық экологиялық қағидасы жүзеге асырылмақ. Бұл дегеніміз, қоршаған ортаға өзінің зиянын келтіретін кәсіпорын экологиялық шығынды қайта ретке келтіру бойынша шығындарды толықтай өз мойнына алатын болады.

Экологиялық кодекстегі жаңа жобаның редакциясы мемлекеттік реттеу және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жүйенің ашықтығы мен тиімділігін көрсетпек, сонымен қатар Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері нормаларын үйлестіруге бағытталған.

Комитет төрағасы Зұлфұхар Жолдасов шараға қатысушылардың сұрақтарына  жауаптар қайтарып, Экологиялық кодекстегі жаңа жобаға қатысты айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлер Министрлікпен және сарапшылармен міндетті түрде ескеріледі деп сендірді.

Еске сала кетейік, Экологиялық кодекстің жаңа жобасы парламенттің қаралуына 2019 жылдың соңында жолданады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта құжаттың жобасы қоғамдық талқылау кезеңінен өтуде.

Шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков, өңірлік экология департаментінің қызметкерлері, мұнай және газ компаниялары, үкіметтік емес ұйымдары, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, шикізат өндірушілер және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, басқосуда Зұлфұхар Сансызбайұлы Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы болып тағайындалған Руслан Төкеновты таныстырды. Бұған дейін Руслан Кәрімұлы аталмыш департаменттің басшысының міндетін атқарушы болып келді. Комитет төрағасы жаңа басшыға қызметінде жоғары нәтижеге қол жеткізуіне, алда тұрған міндеттерді бұлжытпай орындай алатынына сенім білдірді.