Аймақтар • 03 Қазан, 2019

Екі адамның өмірін қиған күдікті ұсталды

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оқиға осы жылдың 9 қыркүйегінде Петропавлдың Заречный кенті аймағында болған. Кенттің бір тұрғыны көрші үйдің маңында бір адамның бөлшектенген мәйіті жатқанын ішкі істер бөліміне хабарлаған.

Екі адамның өмірін қиған күдікті ұсталды

Кешікпей жеткен жедел топ мәйіт­тің ұзақ уақыт жатып қалғанын көреді. Тез жасалған сот-медициналық сарап­тама мәйіттің кісі қолынан қаза тап­қан адамдікі екенін және оны бөл­шек­теген қылмыскердің ісі екенін де анықтаған. Алайда оның ізіне түсетін ешқандай айғақ жоқ, оның үстіне бірнеше тәуліктен бері жауған жаңбыр барлық ізді шайып кеткен. Мәйіттің кімдікі екені де бел­гі­сіз. Қылмыстық оқиғаны көрдім деген куәгер де табылмады. Бұл үйдің өзі көптен бері бос тұрған, иесіз болатын.

Алайда кәсіби шеберлік өзі­нің жетістігін көрсетті. По­ли­ция департаменті жедел-крими­на­листикалық басқармасының аға криминалисі, полиция ма­йоры Жақсылық Уәлиев ала­қан­ның бір бөлігінен «Папи­лон» автомат­тан­ды­рыл­ған дакти­лоскопиялық ақпа­рат­тық жүйе­сінің деректер базасы арқы­лы мәйіттің кімдікі екенін анық­та­ды. Ол 1983 жылы туған, соңғы кездері ішкілікке салынып кеткен қала тұрғыны болып шықты.

Жедел топ оның бұрын кімдермен жүргенін, кімдермен қосылып арақ ішкенін анықтай келе ақыры күдік бір адамға түседі. Соңына қуғын түскенін сезген анау бөтелкелесін өлтіргенде өзімен бірге болған куәгердің де көзін жойып, көршілес облыс­қа кетіп, ізін жасырмақ болған. Жедел іздестіру шара­ла­рының нәтижесінде екі бірдей адамның өмірін қиған күдікті ұсталып, қазір қамақта отыр. Оны ұстауда жедел уәкіл­дер, учаскелік инс­пек­торлар нәтижелі жұмыс істеді. Барлық заттық айғақтар мен қолының таңбасы күдіктінің қылмыс жасағанын бұлтпартпай дәлелдеді. Қазір іс Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша рәсімделіп, сотқа жіберілуге дайындалып жатыр.

Жедел-криминалистикалық бас­­қар­­маның бастығы, полиция пол­­ков­нигі Игорь Семёновтың айтуына қарағанда, жыл басынан бері криминалистер 10 мыңнан астам жедел-іздес­тіру шаралары мен тергеу әрекеттеріне қатысып, 4500 крими­налистикалық зерттеу жүргізген. Соның ішінде 350-і қыл­мыскердің жеке тұлғасын анық­тау­ға және қыл­мыстарды ашуға септі­гін тигізген. Айта кететін бол­сақ, 2018 жылдың қоры­тын­дысы бойынша бұлар ІІМ криминалистикалық бөлі­ніс­­те­рі арасында «үздік» де­ген атақты иеленіпті.

 Солтүстік Қазақстан облысы