Өңірде өткен жылы Үкімет тарапынан бекітілген «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында аграрлық салаға басымдық беріліп отыр. Оның ішінде Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектар алқапта азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ағын су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізу басты міндет саналуда. Түркістан қаласы аумағынан радиусы 15 шақырымда азық-түлік белдеуін қалыптастыру 2 кезең бойынша қарқынды технологияларды қолдана отырып және ғалымдардың сүйемелдеуімен жүзеге асырыла бастады. Кешенді жоспар аясында жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге, республикалық бюджеттен 25 млрд теңге қарастырылған. Ал 37,9 млрд теңге сомасындағы жұмыстар жеке инвесторлар есебінен іске асырылады. Азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында жүзеге асыру көзделген жобалардың іргетасы қалана да бастады. Мысалы, жуырда «Түркістан-Агро XXI» ЖШС-ның 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасының іргетасына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев капсула орнатты. Бұл жобада ««Rota Guido» италиялық технологиясы қолданылмақ. Қазіргі таңда италиялық компаниямен келісімшарт жасалып, алғашқы қаржы жарналары төленген. Жоба құны – 3,7 млрд теңге. Оның 600 млн теңгесі Түркістан аграрлық-әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы, қалған 3,1 млрд теңге аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржыландырылатын болады. Серіктестік жобаның алқашқы кезеңін 2020 жылдың тамыз айында толығымен іске қосуды жоспарлауда. Жылына 4500 тонна экстра класты сүт өндіретін фермада 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Бұдан бөлек, азық-түлік белдеуі шеңберінде 10 мың бас малға арналған бордақылау алаңын, жылдық қуаттылығы 20 мың тонна етті бағыттағы құс фабрикасын, 500 гектар заманауи жылыжай кешешін салу жобаларына инвесторлар анықталып, құжаттары дайындалуда. Сондай-ақ жыл басында «Түркістан-Агро ХХI» ЖШС-ның бастамасымен 131 шаруа қожалығы бірігіп, «Ынтымақ – 2019» кооперативі құрылған болатын. Жалпы аумағы 1445 гектар кооператив жерінің 733 гектар алқабы толығымен 18 жаңбырлатып суару технологиясымен қамтамасыз етілмек. Аталған техниканың 4-уі бүгінде 163 гектарға орнатылған. Құны – 500 млн теңге болатын жоба америкалық технологиямен жабдықталады. Осылайша жаңбырлатып суару технологиясы арқылы өнімділікті 2-4 есеге арттыру көзделіп отыр. Мысалы, дәндік жүгеріден орташа өнімділік гектарына 48,5 центнер болса, жаңа технология арқылы 115-130 центнер, жоңышқадан орташа өнімділік 130 центнер болса, технология арқылы 250-300 центнер өнім алу мүмкін болады.
Кешенді жоспарда ағын су мәселелерін шешу жолдары да толық қамтылған. Бұл мақсатта жалпы құны 29,3 млрд теңге болатын серпінді 4 жоба жүзеге асырыла бастады. Жобаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 24,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 4,6 млрд теңге қарастырылған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда аталған жобалар бойынша жергілікті бюджеттен тиісті құжаттарды әзірлеуге 652 млн теңге бөлінген. Осылайша Түркістан магистралды каналын бетонмен қаптау жұмыстарын жүргізу арқылы қосымша 60 млн текше метр ағын суды үнемдеу, Арыс-Түркістан массивінде жарамсыз болып қалған 134 дана тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіре отырып 34,7 млн текше метр қосымша ағын сумен қамтамасыз ету мүмкін болмақ. Сонымен қатар сыйымдылығы 10 млн текше метр болатын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салу және «Сырдария өзенінен Түркістан магистралды каналына машиналық әдіспен су беру» жобасы арқылы қосымша 80 млн текше метр ағын су жеткізу көзделіп отыр. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде шаруаларға жеткізілетін ағын су көлемі 196 млн текше метрге ұлғайып, жаңадан 15 мың гектар суармалы жер айналымға қосылады. Және 34 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету деңгейі жақсарады. Ал «Түркістан қаласының Шошқакөл көлдік жүйесін жаңғырту» және «Шаға» ауылдық округіндегі
5 каналдың күрделі жөндеу» жобаларын жүзеге асыру арқылы Шаға ауылдық округіне қарасты 4 802 гектар жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсарта түсу жоспарланған. Түркістан қаласында агроаймақты толықтай сумен қамтамасыз етуге Үкімет қаулысымен республикалық меншіктен облыстық меншікке өткен 6 су нысаны да өз септігін тигізері анық. Бұл су нысандарын тиімді пайдалану Ордабасы, Отырар, Бәйдібек аудандары және Арыс, Кентау қаласы өңірлерінің 78,8 мың гектар суармалы жерлерін ағын сумен тұрақты түрде уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, жоғарыда аталған іргелі жобалар арқылы Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастырудан бөлек, жасыл белдеу жүйесін құрып, климатын жақсарту, облыс орталығы тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру көзделіп отыр.
Түркістан облысы