Қожалықтарды көпжылдық егістікпен айналысуға үгіттеп, қолдау танытқан аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Сергей Тоқпановтың айтуынша, бұл шөптер қуаңшылыққа бейімделген өсімдіктер қатарына жатады. Орташа есеппен шығымдылығына қарай әр гектардан 10-15 центнер шөп дайындауға мүмкіндік ашады. Бүгінгі таңда Талдыапан ауылынан ірі мал бордақылау кешенін салып жатқан «Ет индустриясы» агрохолдингі суармалы жерден көпжылдық егістік егіп, өнімін де жинап үлгерген.
«Жүз рет естігенше, бір рет көр» демекші, егістік басында болып, Әділханның жаңа бастамасын көзімізбен көріп қайттық. Егістікте округ әкімі Батырхан Байғонақовпен де жолымыз түйісті.
– Әділхан ініміздің қолға алған жұмысы бәрімізді қуантады. Округтегі ауылшаруашылық саласына жаңа серпіліс беруде. Жас шаруаның жаңашыл ісі басқа да қожалықтарға үлгі болса екен, – деген ризашылығын жасырмады.
Іскер жігітті әңгімеге тарттық.
– Әкем басқарған шаруашылықты 2017 жылдан бастап өз қолыма алдым. Өзімнің негізгі мамандығым шет тілі пәнінің мұғалімі. Дегенмен осы бір атакәсіппен айналысуға бет бұрдым. Нәтижесі жаман емес. Ауылдан 7 шақырым жерде мал ұстап отырған қыстағымыз орналасқан. Бүгінде шаруашылығымызда 50 ірі қара, 50 жылқы, 500 қой бар. Бұқа мен қошқар сатып алып, мал басын асылдандыру бағдарламасына да қатысып жатырмыз. Әкем Әділханның мамандығы агроном болғандықтан көпжылдық шөп егу туралы біраз ақылдаса келіп, осы жұмысты қолға алдық. Негізінен еркекшөп егілуде. Сонымен бірге суданка, боз арпа бар. Еркекшөп технологиясы бойынша күзде егіледі. Ол үшін жерді жыртудың қажеті жоқ. Шөп тұқымы 1 см тереңдікке түссе жарап жатыр. Қыстай қалың қардың астында жатқан дән көктем шыға қаулап өседі. Ауа райы қолайлы болса, еркекшөп 10-15 жыл қатарынан өнімін береді. Егістікке қажетті тұқымды Бөрлі ауданындағы «Агровик» ЖШС-нан сатып алдық. Арнайы лабораториядан тексерілген тұқым 80 пайызға дейін шығымдылығын береді деген мекеменің кепілдігі бар. Ал суданка шөбінің тұқымын суармалы жерге көктемде егетін боламыз. Егістікке керекті тұқымды артығымен сатып алғандықтан, егіс көлемін арттырамыз ба деген мақсат бар. Ол үшін егістік жер керек, – деп ағынан жарылды Әділхан.
Жас та болса бас болған Әділханға сәттілік тілеп, қоштастық. Ендігі кезекте жас шаруаның бейнетті еңбегі көпке үлгі болғай.
Қайрат ЖАҚЫП,
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы