Бірінші қателік. «Ер-азаматтар бақылау мен қолдауды» ажырата алмайды. Әйелінің не істеу қажеттігі туралы қолдауы мен кеңесі еркек үшін бұйрық, басқару, яки бақылау сияқты болып көрінуі әбден мүмкін. Бұл кезде сүйікті әйелің диктант жазып отырғанда төбеңнен төніп қарап тұратын қатал мұғалім сияқты болып көрінбек. Мұндай жағдайда көп адамдар үлкен іс тындырмақ түгілі, бір әріп те жаза алмай қалады.
Екінші қателік. «Бәрін өзім істеймін, ол көріп ұялып қалсын». Жо-жоқ, ендігі жерде жігітке енді ол тірлікті атқарудың қажеті мен қызығы шамалы. «Әйелдер де істеп тастайтын істе менің не шаруам бар?». Ер-азаматтар әйелдердің қолынан келетін жұмысты несіне атқарсын?!
Ал әйел байғұс еркектер істей алатын жұмысты да істей алатынын дәлелдегісі келеді. «Мен басқа әйелдер сияқты, нәзік, ақсаусақ емеспін, отбасымның бақыты үшін бәрінен де тайынбаймын» дегенді білдіргісі келеді.
Үшінші қателік. «Тымырайып алу». Әйелдің аузына құм құйылғандай, күйеуіне сөйлемей, тымырайып жүріп алуы бөріктілерге түк те ұнамақ емес. Ренжігеніңді, ісінің ұнамайтынын білдіру үшін әйелдердің қабағына қар жауып жүріп алуын ер-азаматтар жаза ретінде қабылдайды. Психологиялық тұрғыда өте жағымсыз әсер алады. Сондықтан да болашақта мұндай жағдайлардан қашқалақтап немесе айтатын уәжін дайындап жүреді.
Төртінші қателік. «Одан да түк істемегенің жақсы еді». Кейбір қыз-келіншектерге не істесең де жақпайсың. Егер ол әйелі жоспарлағандай, яки істеген ісі көңілдегідей болып шықпаса еркектің құлағынан қаңқу кетпейді. Бар өнерін, уақытын, күш-жігерін салып істеген жұмысы үшін қаншама жүйкесі егеліп, тек қажау сөз еститін болса, енді ол іске күйеуің құлықты болады, жолайды деп, тіпті, ойламай-ақ қойыңыз.
Бесінші қателік. «Жұрттың күйеуі керемет». Жолдасыңызды басқалардың күйеуімен салыстырудың қажеті шамалы. Бұл оның намысына ғана тимейді, «мейлі соған барып тиіп ал, соған жасатып ал» дегенді де естіп қалуыңыз ғажап емес. Ер-азаматтар үшін әйелі Олимпиададан жеңіп алған өз медалі іспеттес. Демек, әйелі үшін өзінің күйеуінен артық кісі жоқ болуға тиісті.
Басқа біреудің күйеуін мақтап, сонымен салыстырып, аузының суы құрып отырған келіншекті ер-азаматтар қабылдай бермейді. Бұл әйелдердің арасында ғана бола беретін бәсеке.