Аймақтар • 03 Қазан, 2019

Маңғыстау облыстық сотында жұртшылықпен кездесу өтті

154 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық сотында сот жүйесіндегі жаңа электронды технологиялармен таныстыру мақсатында жұртшылыққа арналған пресс-тур өткізілді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

Маңғыстау облыстық сотында жұртшылықпен кездесу өтті

Іс-шараға Маңғыстау облыстық сотының судьясы, БАҚ-пен байланысын үйлестіруші судья Айжан Молбаева, Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Нұртай Алмашов пен сот қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, студенттер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Пресс-тур қатысушыларына кеңсе жұмысы, сот отырысы өткізілетін залдар, олардың технологиялық жабдықталуы, судьялардың қызметі таныстырылды.

Нұртай Алмашов тыңдаушылар назарына облыс соттарының жұмысы туралы құнды ақпарат ұсынып, сот жүйесіне енгізілген электронды технологиялар туралы мәліметтер берді.

Одан әрі Айжан Молбаева  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог- Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы  «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тарауына тоқталып, сот шешімдерінің сапасын арттыруға, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыруға, соттардың дауларды шешу барысында қосымша айғақтар жинау құқығына ерекше мән берілетінін жеткізді. Сондай-ақ, ол облыс соттарындағы қаралған істер, олардың санаттары, бітімгершілік және медиация қолданысы туралы статистикалық деректер келтірді.

Пресс-тур барысында қатысушыларға мемлекеттік бажды төлеу, талап арызды тіркеу, сот қызметкерлерінің ұялы телефон арқылы смс-хабарлама жіберуі, гибридтік электрондық пошта, ШПИ, сервис арқылы жіберілген смс-хабарламалар туралы да толық түсініктеме берілді.

Ақпараттық технологиялар және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің басшысы Айсет Айдарбаева ақпараттық технологиялардың сот жүйесіндегі соңғы мүмкіндіктері, оның ішінде «Сот кабинеті» сервисі арқылы талап арызды, өтінішті беру, хатты жолдау, сот істерін қарау кестесі, сот істерімен танысу бөлімдері туралы түсіндірді. Сот жүйесін жаңғырту аясында тараптарға смартфонға жүктелген «TrueConf» қосымшасы көмегімен қашықтан сот отырысына келмей-ақ, бейнебайланыс арқылы қатысуға мүмкіндік беретін «SMART сот» пилоттық жобасының Маңғыстау соттарында нәтижелі жұмыс істеп отырғанын жеткізді.

Осылайша сот отырысы залдарын аралап, сот процесінде аудио-видео құралдарының қолданылуы, жазбалардың сақталуы, жазбаны тоқтатуға, қайта тіркеуге, жоғалтуға болмайтыны туралы ақпаратқа қанық болған қатысушылар сот жұмысына жоғарғы баға берді.