Қазақстан • 03 Қазан, 2019

Алматыда «Жол құрылысының өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-конференция өтті

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Посткеңестік елдердегі жолдарды жобалау тәсілдері 50 жылдан астам жаңарту көрмеген. Таптаурын болған бұл нормаларды заманға сай жетілдіру ісінде Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының тың талпыныстары  халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау тауып келеді. Бұл туралы институттың 60 жылдығын атап өту аясында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.

Алматыда «Жол құрылысының өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық   ғылыми-конференция өтті

Аталған ұжым жылжымалы зертхана көмегімен 2013 жылдан бері 9081 шақырым автомобиль жолы мен 545 көпір құрылысының диагностикасын жүргізіп, жалпы ұзындығы 10284 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын паспорттау ісіне қатысқан.

Институт соңғы жылдары көпір мен жол құрылысына, жөндеу жұмыстарына арналған жаңа материалдар мен технологияларды енгізе бастады. Бүгінде отандық нарықтағы құрылыс материалдары мен жаңа буын механизмдерінің алуан түрлілігі өсуде. Оларды жаппай қолдану  жол саласының нормативтік баға құраушы базасына жаңа технологияларды дереу енгізуді талап етеді. 2002 жылы институт ТМД бойынша алғаш болып,  отандық стандарттарды шетелдік стандарттармен үйлестіру мәселесін шешуге кіріскен. Қазіргі уақытта 116 ұлттық стандарт үйлестіріліп үлгерген. «Техникалық реттеу туралы» заңға сәйкес бес бірдей регламент әзірленсе, 2014-2015 жылдар аралығында кеден одағының 11 мемлекетаралық стандарты дайындалған.  

– 2010 жылдан бастап республиканың түрлі аймақтарындағы автомобиль жолдарының жол жамылғылары мен жер төсемелерінің су-жылу режимі заңдылықтарын зерттеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жер төсемесіндегі ылғалдың фазалық ауысуын ескеріп, соңғы элементтер әдісін қолдана отырып, жол құрылымдарының тұрақты және тұрақсыз температуралық өрістерінің математикалық модельдері әзірленді. Асфальтбетон мен битумдардың беріктігі, төзімділігі, созылғыштығы терең зерттелді. Бұл зерттеулердің нәтижесі 3 ғылыми жаңалық; «Төменгі температуралы жарықшақтардың пайда болуы кезіндегі асфальтбетонды жамылғылардың өзін-өзі ұйымдастыру заңдылығы» (2016ж.), «Тұтқырсерпімді материалдардың тозу дерструкциясы заңдылықтары (Телтаев принципі)» (2017ж.) және ««Әртүрлі аз қуатты  битум шайырларының асфальтен мен майға айналу құбылысы» (2019ж.) ашуға мүмкіндік берді. Бұл әлем бойынша автомобиль жолдары саласындағы тұңғыш ғылыми  жаңалықтар ретінде енді, –  дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті Бағдат Телтаев.

«ҚазжолҒЗИ» АҚ серіктестері атап өткендей, институттың материалдық-техникалық және ғылыми базасы еліміздің климаттық жағдайларын ескере отырып, жолдарды салу және күтіп ұстау бойынша үздік шешімдер  қабылдауға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары институтта зертханалық базаны жақсартуға көп көңіл бөлініп келеді. Мәселен, 2008 жылдан бастап АҚШ, Ұлыбританиядан, Германиядан, Голландиядан және Ресейден нақты көрсеткіштер беретін, битум мен асфальтбетондарды сынауға арналған жаңа құралдар-жабдықтар  алынған.

Конференция қонақтары институттың жылжымалы және стационарлық зертханаларымен танысты. Сондай-ақ, техникалық тур аясында «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Қорғас» автомобиль жолдарындағы төлем алу жүйесінің жұмысы шетелдік ғалымдар назарына ұсынылды. Еске салсақ, биыл «ҚазжолҒЗИ» Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтына 60 жыл толып отыр.