Руханият • 04 Қазан, 2019

Алтын Орда хандарының қорымы

842 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданындағы Сілеті өзенінің төменгі ағысындағы «Қызыл оба» деген жерді қазған М.Қозыбаев атындағы облыстық университет пен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің «Margulan centre» орталығының бірлескен археологиялық экспедициясы сенсациялық жаңалық ашты.

Алтын Орда хандарының қорымы

Олар жуырда, өздерінің пікіріне қарағанда, ХIV ғасырда Алтын Орда билеушілері жерленген мавзолей-қорымды тап­қан. Археологтар оны Жошы хан және одан кейінгі хандар мен төрелер ұрпақтарының жер­ленген орны деп болжап отыр. Аумағы 1200 шаршы метр­лік қорым жай қазақтікі емес, нақ билеушілерге тән екен­дігі көптеген айғақпен дәлелденген. Соның ішінде сол заманға тән шеберлікпен қалан­ған кірпіш, оның қалыңдығы, табылған асыл заттар мен т.б. археологиялық ескерткіштер тек билеушілерге тән екендігін айғақтайтындай. Сонымен бірге жерленген адамдардың Ис­лам дәстүрімен жер қойнына берілгені де белгілі болып отыр. Өйткені Алтын Орда Өзбек хан­ның кезінен бастап Исламды ресми діні ретінде қабылдағаны мәлім.

Он шаршы шақырымды алып жатқан осы жерден кірпіш күйдіретін пештің, су жет­кізетін шығырдың сілемдері табылған. Осы жазыққа архео­ло­гиялық барлау жасаған спут­никтік түсі­рілімдер мен ұшқыш­сыз ұшатын аппараттың көмегі­мен түсірілген аэрофото­ларды салыс­тырып, саралай келе, ғалымдар мұнда ежелгі өрке­ниеттің іздері, қолдан суара­тын ирригациялық құрылым­дар, тоғандар мен арық­тар бол­ған­дығын болжайды. Экспедиция басшысы, белгілі археолог, «Үржар ханшайымын» тапқан Ти­мур Смағұловтың айтуы­на қарағанда, осы аймақта бар­лығы 7 мавзолей бар екен. Осы­ның бәрі Орда хандарының бір ставкасы осы жерде орна­лас­қанын және бұл аймақ мем­лекеттің бір мәдени-саяси орта­лығы бол­ғанын көрсетеді.

Мұның өзі, сайып келгенде, Солтүстік Қазақстан даласын мекендеген көшпелі тұрмыстағы халықтың белгілі бір орталы­ғы, сол заманға тән қаласы да болғанын  ай­ғақтайды. Кірпіштің жоғары сапасы да инженерлік ақыл-ойдың жетік болғанына мысал бола алады.

 Табылған жаңалықтар академик Әлкей Марғұлан бір кезде айтқан қазақ дала­сында ауыз су жеткізілген ғана емес, сумен жы­лы­тылатын қалалар болғаны, оларда шаһар мәдениеті де қалыптасқаны туралы бол­жам­дарын растауға бір дәлел ретінде қарастырылып отыр.

Осы жаңалыққа байланысты Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов журналистер алдында мәлімдеме жасап, табылған қазба жаңалық­тары «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасына қосылған сүбелі үлес және тарихи маңызы зор оқиға еке­нін атап өтті. Сонымен бірге ол қазба жұ­мыс­тарын жүргізу жалғастырыла­ты­нын, басшы­лық тарапынан оған жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Еліміз Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге бел буып отырғанда, оның біздің жерімізде орналасқан деп болжануының өзі біз үшін ғана емес, бүкіл рес­публика үшін маңызы зор оқи­ға. Биылғы қазба жұмыстары аяқ­талды, ал алдағы жазда архео­лог­тарға тиісті қаражат мөлшері, құрал-жабдықтар бөлінетін болады. Ал мавзолей-қорымның өзі облыстағы қасиетті орындардың біріне айналатыны сөзсіз», деді өңір басшысы.

ХV ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығы құрылды. Ал археологтар мына жерлеу оған дейін, яғни Алтын Орданың ыдырамай тұрған кезінде жүргізіл­ген деген болжам айтады. Енді табылған артефакті­лер зерт­ха­на­лық сараптамадан өткен соң оның анық-қаны­ғына көз жеткізілетін болады.

«Біз табылған дүниелердің бәрінің Алтын Орда тарихына жататындығын ғылыми тұрғы­дан дәлелдеуге тырысамыз. Ол үшін жан-жақты зерттеулер жүр­гізі­леді», деді М.Қо­зы­баев атындағы Солтүстік Қазақстан уни­верси­теті­нің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева.

Сөйтіп ғылым әлемінің табал­дырығынан тағы бір ерекше жаңалық аттап отыр.

 

ПЕТРОПАВЛ