Руханият • 04 Қазан, 2019

Қордайда Өтеген батырдың 320 жылдығы аталып өтті

1301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Есімі елге мәлім, ұрпаққа ұран болған Өтеген батыр қазақ тарихындағы тегеурінді тұлғалардың бірі. Ұлы жырау Жамбыл Жабаев батыр туралы толғауында «Жолбарыстай қарулы, қырандайын қырағы, арыстандай айбарлы» деп жырлайды. Аты аңызға айналған Өтеген батырдың 320 жылдығы Қордай ауданында аталып өтті. Әуелі батыр ескерткішінің алдына гүл шоқтары қойылып, еліміздің бірқатар өңірінен келген қонақтар батыр ескерткішіне тағзым етті.

Қордайда Өтеген батырдың 320 жылдығы аталып өтті

Өтеген батыр есімі қазақ тари­хын­дағы қилы кезеңдермен бірге айтыла­ды. Тарихта әйгілі Төле биден бата алып, атақты Абылай ханның батыр­­лары­ның бірі болғаны туралы дерек бар. Батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін Өтеген батыр атындағы аудандық мәдениет үйін­де тұлға тағылымына арналған жиын ұйымдастырылды. Жиынға кел­ген көпшілік Өтеген батырдың Абы­лай ханнан алған шұбар тегенесін тама­ша­лады. Бүгінде бұл тегене батыр­дың сегізінші ұрпағы Бақытжан Бекба­тыров­тың қолында сақтаулы екен. Батыр тағылымына арналған жиында белгілі жазушы Марал Ысқақбай сөз алып, Өтеген батыр өмірінен сыр толғады. 1699 жылы Шу өзенінің бойындағы Изенді деген жерде дүние есігін ашқан Өтегеннің жастайынан ғылым-білімге құмартып, Бұхара, Самарқан, Шам, Бағдат сияқты атақты руха­ният ордаларында бол­ғаны туралы да кеңінен әңгімелен­ді. Сонымен қатар Түркістан, Ташкент маңындағы және Аңырақай даласындағы қиян-кескі шайқастарда да ерлік көрсеткені айтылды. Бұдан кейін Қазақстанның еңбек сіңір­ген дәрігері, белгілі меценат Мүсілім Дайырбеков, Ал­маты облысы, Іле ауданы әкімі­нің орын­басары Алмасбек Сәті­баев, Іле аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмзе Әлді­бекұлы және Тараз қаласы әкімі­­нің орынбасары Кенжебек Олжа­бай сөз алып, ерлігі елге аңыз боп жеткен Өтеген батыр­дың есімі ұлтымыз үшін әр­дайым қастерлі екенін атап өтті. Өз кезегінде Өтеген батыр және оның ұрпақтары туралы жарық көрген кітаптың тұсауы кесілді. Жиын барысында қордайлық өнерпаз Қарлығаш Қожағазина және Алматы облысы, Іле ауданының әжелер ансамблі әсем әннен шашу шашты.

Мерекелік шара бұдан әрі Өте­ген батыр ауылында жалғасын тапты. Көпшілік батыр кесенесіне арнайы барып, бабалар рухына Құран бағыш­тады. Ауыл мешіті маңын­дағы алаңқайда күрес ұйымдас­ты­рылып, еліміздің әрбір өңірі­нен келген 28 балуан өзара бақ сынасты. Нәтижесінде, бас жүл­дені дзюдодан Қазақстан құра­масының мүшесі, жамбылдық Дәулетхан Жақып жеңіп алып, «Лада Гранта» темір тұл­па­рын иеленді. Бұдан кейін 33 ша­қы­рымдық аламан бәйгеде Ал­маты облысы, Қарасай ауданынан Әлнұр Назарбаевтың «Үшқоңыр» жүйрігі топ жарып, «Тойота Хайлюкс» темір тұлпарын жеңіп алды. Жалпы, ат бәйгесінде орын алған бар­лық жүлдегерге де көлік берілді. Қордай ауданының Құр­метті азаматы, Өтеген батыр ауы­лының қариясы Тұрған Жасы­баев тойға қатысқан барша аза­маттарға ақ батасын берді.

Өтеген батыр жасынан ер­лігімен көзге түсіп, ел қорғауда ерекше ер­жүректілігін танытқан тұлға. Батыр есімі ұрпаққа ұла­ғат ретінде Сүйінбай, Сарбас, Майкөт, Жамбыл сияқты алып­тардың өлең-жырларына арқау болған. Тарихи деректер бойынша батыр 74 жасында Іле бойында өмірден өткен екен. Кейіннен батырдың ұрпақтары Қапшағай су қоймасының салынуына байланысты сүйегін 1973 жылы Қордай жеріне әке­ліп, жер қойнына берген. Ал 1999 жылы батырдың үш ға­сыр­лық тойы республикалық дең­гейде аталып өтіп, басына кесене тұрғызылған. Аудан орта­лығы Қордай ауылына ескерт­кіші орнатылған. Бұдан бөлек, Алматы қаласының бір көше­сіне және Іле ауданының орталы­ғына да Өтеген батыр есімі берілген.

 

Жамбыл облысы