Қазақстан • 04 Қазан, 2019

Елбасы ұйытқы болған «Нахчыван рухы»

228 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясында 3 қазан – Түркі ынтымақтастығы күніне орай Нахчиван келісімінің 10 жылдығына арналған жиын өтті. «Нахчыван рухының» түркі интеграциясындағы рөліне арналған жиынға академия басшысы Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы елшісі Рашад Маммадов, Түркия елшісі Невзат Уянык, Өзбекстан елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Қырғызстан елшісі Жээнбек Кулубаев, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры Ержан Мұқыш, бірқатар БАҚ басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Елбасы ұйытқы болған «Нахчыван рухы»

Жиында Халықаралық Түркі ака­­­де­­миясының президенті Дархан Қыдырәлі Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев­тың бастама­сымен 2009 жылы Әзер­бай­жан­ның Нахчыван қаласында өткен түркітілдес мемлекеттер бас­шыларының саммиті бауыр­лас елдердің арасындағы инте­грациялық үдерістерді жаңа бе­лес­ке шығарғанын атап өтті. Осы­лайша «Нахчыван рухы­ның» пайда болғанын айтты. Со­ны­мен қатар ол Нахчыван сам­митінде Түркі кеңесі құрыл­ғанын әрі Түркі академиясы, Ақсақалдар кеңе­сі, Түркі мә­дениеті мен мирасы қоры тә­різді құрылымдардың дүниеге келге­нін, бұрыннан жұмыс істеп тұрған Түрксой, Түрк­ПА тәрізді ұйымдардың ірге­сі кеңейе түскенін атап өтті. «Осы 10 жылдың ішінде Түркі әлемі­нің ынты­мақ­тастығы арта түсті. Биыл Түркі кеңе­сіне Өз­бекстан кіргелі отыр, былтыр ұйымға Еуропадағы Мажар­стан бақы­лаушы ретінде қосыл­ған болатын. Түркі академиясы да осы 10 жылға жуық уақыт ішінде халықаралық мәрте­бе алды, ISESCO-ға мүше болды, UNESCO-мен байланыс­тарын нығайтты. Түркітіл­дес мемлекеттер басшылары­ның саммиттерінде берілген көп­теген тапсырмаларды орын­дады. Соның ішінде Түр­кі интеграциясының тұжы­рымдамасы мен бағдарла­масын әзірледі. Міне, осының бәрі бізге Нахчыван келісімінің маңызын көрсетеді. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастама­сымен өткен Нахчыван келісі­мінде түркі әлемінің саяси, экономикалық, тарихи, мә­дени, рухани, ғылыми байла­ныс­тарының іргетасы қаланған болатын», деді академия басшысы. Сонымен қатар ол түркітілдес мем­лекеттердің арасындағы инте­грациялық үдерістерді терең­детуге бағытталған жұмыс­тарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жалғас­ты­рып отырғанын тілге тиек етті.

Ал Әзербайжан елшісі Рашад Мам­мадов биыл 15 қазанда Ба­куде өтетін Түркі кеңесі мемлекет басшыларының саммитінде Нахчыван келісімінің 10 жыл­дығына айрықша назар аударылатынын айтты. Сонымен қатар Әзербайжан елшісі Елбасының түркі әлемінің лидері ретіндегі рөлін атап өтті. «Біздің ортақ тарихымыз, құндылықтарымыз бен дәстүріміз бар. Түркі кеңесінің аясында құрылып, жұмыс істеп тұрған ұйымдардың барлығы біздің ортақ тарихымызды, мәдениетімізді зерттеуге, өзара ынтымақтастығымыз бен келісімді нығайтуға қызмет етеді. Біз жаңа буынға тарихымыз бен дәстүріміздегі ортақ тұстар жайлы айтып, олардың бойына бауырмалдықты сіңі­реміз. Меніңше бұл ұйым­дардың барлығының қызметтері игі мақсатты көздейді, мем­ле-
кетаралық, халықаралық бай­ланыстарды нығайтуға бағыт­талған», деді Рашад Мам­мадов.

Өз кезегінде Түркия елшісі Невзат Уянык Анадолы хал­қы­ның бауырлас елдерге ұдайы көңіл бөлетінін, Түркия­ның түркітілдес мемлекеттердің интегра­циясын ешқашан назардан тыс қал­дыр­мағанын айтты. Сонымен қатар ол Өз­бекстанның Түркі кеңесіне мүше бол­ғанына қуанатынын жеткізді. «Түркі кеңесінің іргетасын қалаған, түркі әлемінің лидері Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша алғыс білдіреміз. Біз қазір Исмаил Гаспыралының түсінде көрген арман-аңсарын өңіне айналдыра білген ұрпақпыз», деді.

Жиынға қатысқан бар­лық елші Өзбекстанның Түркі кеңесіне мүше болып енге­ніне қуанатындықтарын біл­дірді. Ал Қырғызстан елшісі Жээн­бек Кулубаев «Нахчыван келі­сімі түркітілдес мемлекет бас­шы­ларының көрегендігін байқа­тады. Осыдан 10 жыл бұрынғы саммиттің нәтижесінде біздің өзара қарым-қатынасымыз жаңа деңгейге көтерілді. Сол саммиттен соң құрылған халықаралық Түркі академиясының өзі түркі интеграциясының тереңдей түсуіне теңдессіз үлес қосып келеді. Академия қырғыз хал­қының мұраларын да жинақтап, насихаттауға мол еңбек сіңірді», деді. Әрі Түркі кеңесі аясында құрылған ұйымдардың әрқай­сысының қызметін жоғары бағалайтынын айтты.

Жалпы, Нахчыван самми­тінің маңызы ерекше. Өйткені 2009 жылға дейін түркі мем­лекеттері басшылары 9 рет саммит өткізгенімен, тұрақты жұмыс істейтін жоғары деңгейдегі құрылым жасақталмаған еді. Аталған саммит күллі түркі жұр­тының соңғы бірнеше ғасыр­дағы, бәлкім тұтас бір дәуірдегі ең шешуші сәттерінің біріне айналғаны анық. Өйткені бауырлас халықтардың береке-бірлікте сөзден гөрі нақты іске көш­кен сәті де Нахчыванда бас­талған. Он жыл ішінде Түркі кеңесінің өзі де, оның аясында жұмыс істеп тұрған құрылымдар да бауырлас халықтардың ынтымақтастығын тереңдетуде бұрын-соңды болмаған табыс­тарға қол жеткізді. Мәселен, Түркі кеңесіне мүше елдердің мектептеріне арналған, ха­лық­аралық Түркі академия­сы әзірлеген «Ортақ Түркі тарихы» оқулығын Түркияда 30 мың оқушы, Қазақстанда 10 мың оқушы қосымша пән ретінде таңдаған. Оған Әзербайжан мен Қырғызстандағы оқушыларды қоссаңыз, бір-бірінің бауыр екенін білетін, интеграцияны одан әрмен тереңдетіп, байланыстарды нығайта түсетін жаңа буын қазірдің өзінде тәрбиеленіп жатыр деген сөз. Енді бұл процес­ке Өзбекстан қосылса, береке-бірлік одан әрмен арта түсері анық. Өзбекстан демекші, ака­демияда өткен жиында аталған елдің Қазақстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Саи­­дик­рам Ниязходжаев бір атадан тараған халықтардың өзара бай­ланысының маңыз­ды екенін айта келе, өз елінің Түркі кеңесіне мүше болға­нына бек қуанатынын жеткізді. Сонымен қатар ол Түркі академиясында тұрған мем­­лекеттік байрақтардың қа­тар­ына Өз­бек­стан туының да қо­сылатын күні алыс емес екендігін айтты.

Жиын соңында түркология ғылымы­ның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген таны­мал ғалым, мемлекет және қоғам қайрат­кері Мырзатай Жолдасбеков пен Түр­кі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметовке халық­аралық Түркі академиясының «Виль­гельм Томсен» медалі табыс етілді.