Кездесу барысында қаржы және инвестиция саласындағы заманауи мамандардың жетіспеушілігі әңгімеге арқау болды. Сонымен қатар қаржы қызметтерін тұтынушыларды қорғау жөнінде тұрғындардың хабардар болу деңгейін көтеру, бизнесті жүргізу шарттары және инвестиция негіздері туралы ақпараттандыруды арттыру сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Шара барысында жастар мен академиялық топтардың қаржылық және инвестициялық мәдениетін қалыптастыру, инвестиция негіздері туралы ақпарат беру мақсатында жергілікті жоғары оқу орындары студенттері мен оқытушылары үшін дәрістер ұйымдастырылды.
Қатысушылар алдында сөз сөйлеген АХҚО Басқарушы директоры, делегация басшысы Айдар Қазыбаев қаржы саласында қажетті заманауи біліммен қаруланған маман кадрлардың жетіспейтінін тілге тиек етті.
– Сондықтан біз академиялық топтармен кездесу барысында олардың өздерінің білімдерін, ынталарын халықаралық қаржы сертификаттарына қарай бейімдеуі керектігін айтамыз. Неге десеңіз, әлемге жоғары білім емес, сертификаттың көбірек болғаны керек. Біз декандар мен ректорларға қаржы факультеттерінің жоғары курсындағы студенттерді сертификатқа сынақ тапсыруға дайындалуына арналса деген тілек айтамыз, – деді Айдар Қазыбаев.
Еске салсақ, инвестициялаудың негіздері туралы ақпаратпен қамтамасыз ету және қаржылық қызметтерді тұтынушыларды қорғауды мақсат еткен бұл іс-шара дәстүрлі түрде қазанның бірінші аптасында әлемнің 80 елінде өткізіледі.
ҚАРАҒАНДЫ