Руханият • 04 Қазан, 2019

Шерағаң қайда жүр екен?..

402 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әбекең, Әбіш Кекілбайұлы көкем көксандық экранынан кү­лім­­сіреп көрін­ген күннің ерте­ңіне кенеттен қайтқан. Бақиға. Күт­­пеген жерден. Есеңгіреп қал­­ғам. Егіліп, ебіл-дебіл жыл­ағам. Пер­зент­терім алаңдап: «Абай­ла­ңыз­шы», – дескен.

Шерағаң қайда жүр екен?..

«Көркемдіктің көкесі, көкем. Кемең­­гер­ліктің кемелі, көкем. Әлемнің Әбіші ғой, көкем. Бүкіл байта­ғыңызды, оның ішінде Оңтүс­тігіңізді жаныңыздан арт­ық жақсы көруші едіңіз-ау, кө­кем. Оңтүс­ті­гіңіз ойсыраған күй кешті, көкем. Шырайлы Шым­кен­тіңіз шер кешті, көкем... Түр­кіс­таныңыз тұманытып, Әзірет Сұлтаныңыздың кесенесі кү­реңіт­ті, көкем...» Дегем. Тоқтата алмағам. Өзім­ді өзім.

Былтырғы тоғызыншы қа­зан­да Шерағаң, Шерхан Мұртаза қа­засы құ­лақ­­қа жетті. Ым­ырт­тың жым-жырт қа­раң­­ғы­лы­ғын­да. Құмығып. Үнсіз-тілсіз, түсінікті-түсініксіз күйінішке буы­лып, жылай алмадым. Көз­ден жас шықпай, түйірдей де тамшы тамбай, тобарсыған бе­ті­ме таңырқадым. Сипа­лап. «Еге­мен­нен» қайғыру сөз жазбақ керек­тігі ескертілді. Жаза бастадым. Жа­нымды қиқалап.

«Көке!» – деп бастадым. Жы­лай алмадым. Паузаны ұзарт­тым. Көздерім тіпті жасаурамайды да. «Көке! – деп жалғадым тағы да. – Өзіңіз өзгешелеп жаз­­ғандай, Парижде болдыңыз. – Па­риж түсіңізге кірмеді. Мысырда бол­ды­ңыз. – Мысыр түсіңізге кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иранда... Бес жыл Мәскеуде оқыдыңыз. Олар да түсіңізге кірмеді. Түсіңізге күн сайын Мыңбұлақ кірді. Түсіңізде ылғи Ақсу-Жабағылыны көре­тін­сіз...».

Туған жерді, әсіресе Ақсу-Жаба­­ғы­лы­ны айтқанда, жазғанда жанар шіркін ысып жөнелетін. Жасау­райтын. Бұл жолы құп-құр­ғақ. Дымқылданбайды да.

Жазуымды жалғастырдым. «Мен Сізді жақында, туған кү­­нің­­ізде түсімде кө­ріп ем... Тау­­­­пістелі ауылындағы мәр­мәр тасқа қарап тұр екенсіз. Онда: «Шерхан Мұртаза мен На­сыр Фазыл бастаған жазушылар баудың негізін 1995 жылы қалаған» деп жазылған ғой. Сол қызылкүрең мәрмәр тасқа қара­ған күйіңізде: «Мені Шолпан Жұл­дыз, таңғажайып Таңшолпан шақы­­рып жатыр ғой...» дедіңіз күбір­леп. «Асықпасаңызшы, аға...» дегендеймін. Алайда өз дау­сымды өзім естімеймін. Сіз де есті­медіңіз. Ал, бүгін...».

Осы сөздерді жазғанда қайран қа­ла­­мы­мның сиясы еріп, елжіреп, ақ парақ­тың бетін айғыздағандай еді. Бірақ сонда да жыламадым. Жылай алмадым.

Міне, газеттегілер асықтырып, қа­за­на­малық қайғыру сөзімді де тауыс-тәмам еттім. «Шерағаң Шолпан Жұлдызға жол тарт­ты. Теңбіл Торғайы шырылдай ұшып, шығандай бастап барады. Ұлы Пай­ғамбарымыздың Ухуд тауындай көре­тін Тәңір­тау­ыңыз­дың... баурайында тәні­ңіз тыншу табар. Ал асыл жаныңыз Таң­шолпанның нұрына ұласар, Көке!» деп, аяқтағам.

Жылап қоя берермін деп ойла­ғам. Олай болмады. Көзде­рім құп-құрғақ. Бедірейіп, қатып қалғаныма қайранмын. Ол кейін­гі үш жылдай уақытта үн-түнсіз қиналған. Инсульттің ауыр тү­рі­не ұшырап. Сондай күйінде көбірек көр­ген­дік­тен де жылай алмадым ба, қайдам.

Мәселе менің жылағанымда неме­се жылай алмағанымда емес, әрине. Халық жазушысы, ұлтының сүйікті су­рет­ке­рі Шерхан Мұртазаның қаза­­сы­на қалың қазақ қатты қай­ғыр­ды. Қабыр­ға­лар қайысты. Омырт­қалар майыс­ты. «Шіркін, Шера­ғаң-ай!» десіп, аһ ұрғандар аз болмады.

Сексен жасқа толған торқалы тойы 2012 жылғы қыркүйекте Жамбыл облысында, Тараз бен Жуалыда дүркіреп те күркіреп, кере­мет өткен. Тараздағы конференцияда Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаңыз: «Шерхан Мұртаза – шын мәнінде қазақ көр­кем­сөзінің көшбасшысы, қазақ көр­кемсөзінің қолбасшысы», – деген. Әділ бағаға жұртшылық ұзақ қошемет көрсеткен.

 Алпыс жылдығының алдында Әбіш Кекілбайұлы ғажайып пікірлер жазған. Қараңыздаршы. Әбекең бүй деген ғой: «Қазақ қауымын, қазақ қоғамын жаппай оятқан, жаппай сергіткен, жаппай сілкінткен, жаппай серпілткен Шерхан Мұртаза», «Қауымдық түлеуімізге тап Мұртаза туындыларындай әсер еткен, ықпал жасаған шығармалардың түсін түстемек қиын», «Мұртазаның мер­гендігі – әлеуметтік мер­ген­дік», «Шерхан Мұртаза тек қаламгер ретінде ғана емес, мә­ден­иет қайраткері, баспасөз жетек­шісі, редактор ретінде де қазақ­тың осы за­ман­ғы қоғамдық ойын қалыптастыруға орасан зор үлес қосты», «Бұл – тек бір қаламгердің өнер жолы емес, күллі ұлттық санамыздың сергу-серпілу жолы».

Міне, әлемнің Әбіші аяулы ағасы, ұлтыңыздың ұлы тәлімгері Шерхан Мұртаза хақында осылай деген!

Ал Шерағаң, Шерхан Мұртаза шаң­қыл­дап айтқан сөз­дер қандай еді?! «Ел­басы – біреу, қалғандары тіреу болсын!», «Әкім бол, халқыңа жақын бол», «Тәуелсіздіктің жо­лы қатты, дәмі тәтті», «Рух пен намыс – егіз», «Бір адамның рух­сыз болуы – сор, ал тұтас ұлт­тың рухынан айырылуы – қасірет!», «Жау жаманы – жа­рам­сақ», «Мәдениеттің мәйегі – кітап», «Шын жазушының көзі көкірегінде болады», «Шындық – ащы һәм ажарсыз»...

 Міне, Шерағаңның жылдық асы болатын күнде кеп қапты. Бүгін тағы да «Ай мен Айшасын» қолыма алып, оқуға кірістім. Оқып отырмын. Жылап отырмын. Сексен жасқа толарының алдын­да Шерағаң туралы «Егемен Қазақ­­­станның» бір бетін толтырып, тол­ғаныс-эссе жаз­ға­­ным есіме түседі. Ақсу-Жабағылыға жетпісінші жыл­дардың аяғында және сексенінші жыл­дардың соңында арнайы келіп, ара­ла­ғаны. Түлкібас ауданының әкімдігі за­лындағы кездесуде: «Түркі қа­­ға­наты да алауыздықтан, қу дүниеге таластан тоз-тозы шық­қан. Сыртқы жауларға сыр алдырғандықтан, сөйткен. Түркі қағанаты тарамағанда, мынау айдаһар да, анау аю да басынбас еді. Көкбөрі бәрінен биік тұрар еді. Түлкібас – Түлкібас емес, Түркібасы күйінде қалар еді», – дегені. Ақсу-Жабағылының Жасылжазық алқа­бын­да аппақ киіз үй тігілгені. Аршаларға тәу етіп, жаяу, содан соң соқпақтармен ат үстінде әндетіп, биікке кө­те­рілгені. Шерағаң шырқаған қа­зақша, қырғызша, татарша, башқұртша әндерді шың-құз­дар­дың, қыземшек төбелердің, ақ ұлпа бұлттардың таңырқай тыңдағаны.

Таупістелі ауылында үш мәр­те бол­ғаны. Таупістеліден Жуа­лының Көл­то­ған, Қызтоған ауыл­дарына қа­рай асатын жолда Бозторғай асуына қайран қал­ға­ны. Насыр Фазыл, Мекем­тас Мырзахметұлы, Қалдарбек Най­манбаев, Ахат Жақсыбаев, тағы бас­қа­лар бастаған, жиырма шақты жазушы қостаған қонақтардың бау негізін сал­ға­ны. 1995 жыл ғой баяғы. Ал 2005 жылы тағы да Насыр Фазыл, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы және басқа да қаламгерлермен бірге Құл­бай­шо­қының тепсеңіндегі жайқалған жасыл шалғынында тебіренгені...

 Өзінің сексен жылдығындағы, Та­раз­­дағы қорытынды сөзінде: «Шолпан Жұлдыз, таңғажайып Таңшолпаным түсіме жиі кіреді... Шақыратындай ма, қалай... А, бәлкім...» деген сөздерінен кейін-ақ ол таңғажайып Таңшолпанына бет алғандай екен дә. Бес жылдай қанат қаққан екен ғой. Теңбіл Торғайы шыр­қырап...

 «Интернатқа Айша келді. Турникте шыр айналып тұрғанда-ақ таныдым. Қолында бұл жолы бұрынғыдай түйін­ше­гі жоқ. Бұрындары ылғи да түйіншегі болатын. Жүгері нан. Жүгері талқан.

Бұл жолы түйіншегі жоқ.

Көктем ғой. Жүгері таусылған шы­ғар.

Айшаның көк көйлегі тозың­қы­раған ба, оңып кетіпті.

– Барсхан, – деді мені басымнан сипап тұрып. – Мен саған бұл жолы ештеңе әкелмедім...».

Көз жасымды тоқтата алмадым.

Ойлап қоям. Былтыр «Шер­а­ғаң Шол­пан Жұлдызға жол тартты» деп жазып ем. Шыны­мен Шолпанда ма екен?.. Әлде анасы Айшамен бірге Айда ма екен?.. Қайда екен?! А, бәлкім, Қалтай, Камал­дарымен, Әбіш, Ақселеу, Фариза, Оралхан, Сайлаубектерімен сағыныса, шұр­­қыраса жүздескен шығар... Бір­те-бірте Баукең, Мұхаң, Ға­беңдермен... Тұрарлармен та­быс­қан болар-ау...

 Әбекең, Әбіш Кекілбайұлы көкем: «Әлеу­меттік мерген» деген еді ғой. Әлде әлеуметтік мергеніңіз – Шерхан Мұрта­заңыз Қызыл Жебесін кезенген күйі Тарпаң дейтұғын тұлпарымен Тәңіртаудың бір бүйірінен шыға келер ме екен?!

 Ақиқатын Алла біледі.

 Қалай болғанда да, қайда жүргенде де қазағымен бірге жасай береді. Шерағаң.

 

Мархабат БАЙҒҰТ

Соңғы жаңалықтар