20 Наурыз, 2010

АЛМАТЫҒА ТҮСКЕН “КЕЛІН”

725 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Оған елшілердің жұбайлары аузын ашып, көзін жұмды Наурыз мерекесі қарсаңында Алматыға “келін” түсті. Қаладағы  еңселі “Интеркон­тиненталь” қонақүйінің “Bosphor” атты мейрамханасында өткен келін түсіру, құдандалы болу рәсіміне халықаралық әйелдер клубының мүшелері қатысты. Бұл клубтың мүшелері – еліміздегі  елшілердің, дипло­мат­тардың жұбайлары, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан  әйгілі ком­пания жетекшілерінің әйелдері. Ұлтымыздың салт-дәс­түрімен таныстыруға ар­налған мерекелік шараны ұйымдастыру үшін атал­мыш клуб мүшелері Т.Жүр­генов атындағы  Қа­зақ ұлттық өнер академия­сы мен Ж.Еле­беков атын­дағы эстрада және цирк колледжіне өтініш білдір­ген екен. Дәл осындай тамаша ұсынысқа Өнер академиясының “Englіsh club of KZ Art” клубы да қуана-қуана келісіп, хал­қымыздың ең салтанатты да мағыналы дәстүрлерінің бірі – “Келін түсіру” рә­сімін айта-айта жүрер­лік­тей ұйымдастырып берді. Халықаралық әйелдер клубы осылайша ойын ойнап, той тойлап жүре бермейді. Оның басты борышы – мұқтаж жандарға көмек беру, қайырымдылық шараларын өткізу. Бұл клубқа Қазақстандағы елші­лердің, дип­ломаттардың жұбайлары ғана емес, апа-қарындастары да мүше болып,  қайы­рымдылық акцияларына қосылып жатады. Осы оқиғаның басы-қасында жүрген Өнер академиясының ректоры Арыстан Мұхамедиұлы: – Елшілердің отбасы мүшелері қазақтың салт-дәстүріне қызығушылық танытып, төл мерекеміз  Наурызға ерекше көңіл бөліп отыр­ғаны  біз үшін үлкен мәртебе. Нау­рызды ЮНЕСКО ауқымында атап өтуге қол жеткізгеніміз – Қазақстанның өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынасы биік деңгейде екендігінің айғағы. Бір кездері ұмыт болған ұлттық мерекеміз қайта жаңғырып, жанданғанына 20 жыл өтсе де, адамзаттың қадір-қасиетке толы Ұлыстың ұлы күнінің мән-мағынасын биыл бірінші рет әлем жұртшылығы мойындап, БҰҰ тарапынан қолдау тапты. Бұл – үлкен қуаныш, – дейді. Сонымен бекзат жиынның басты оқи­ғасы басталар сәт те жақындады. Келісті қыз-келіншектер, салтанатты ортаның сәнді тыныштығын “сүйіншілеген” қуанышты дауыс бөзді.  Сөйтсек “құдалар” келе жатыр екен. Академия мен колледждің талантты жастары театрланды­рылған көріністермен “тойды” бастап кеп жіберді. Осынау көріністерге студенттер салт-дәстүрлерімізді кеңінен сиғызып, салтанатты бар мағынасын қоса өруге қол жеткізді.  Оңайлықпен ешнәрсеге елеңдей қоймайтын елшілердің әйелдері ғажайып сәттерге тәнті болып, тәкап­парлық туралы ұмытып, сурет­ке де түсіріп алып жатты.   Ханымдар мен бикештер арасынан беташар кезінде өзде­рінің аты аталып, келін сәлем бергенде  өзіміздің кәдемен ортаға шығып, орамалға ақша тастағандар да табылды. Қазақтың сәукелелі, көркем келіні  ибалылықпен иіліп сәлем бергені де қандай жарасымды екенін сырттағы сыншы көзбен қарағанда анық ұғады екенсің. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.