Фото: Orda.kz
Салмақты саммит жұмысына орай әлемге белгілі тәжірибеге сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар келетін шетелдік делегациялардың, олардың ішінде мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар басшыларының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге толыққанды шаралар қабылдайды.
«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 12, 13 және 15-баптарына сәйкес күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын өткізу кезінде Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы ретінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының шешімі бойынша Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының жекелеген учаскелерінде терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қолдау іс-шаралары өтеді. Құқықтық режим 2 шілденің 00 сағат 01 минутынан бастап 4 шілденің 23 сағат 59 минутына дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өткізілетін объектілер аумағына және күзетілетін тұлғалардың жүру бағыттарына орнатылады, делінген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарламасында.
Күзетілетін тұлғалар Ақмола, Қарағанды облысы мен Алматы қаласы аумағына барған жағдайда олар келген кезеңге және аталған өңірлерде болатын орындарда терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі орнатылады.
Терроризмге қарсы операция өткізу аймақтарында күзетілетін тұлғалар болған уақытта аталған аймақтарда адамдардың және автокөліктердің қозғалуына шектеу енгізіледі.
Күзетілетін тұлғалардың жүретін арнайы жолдарында қалалық жолаушылар көліктерінің қозғалысы да тоқтатылады. Ал бұл өзгерістер туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми ақпараттық порталы хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы №611 Жарлығымен бекітілген «Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеу қағидаларына» сәйкес терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілуін ескере отырып, Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізу объектілерінде 2 шілде 00 сағат 01 минутынан бастап 4 шілде 23 сағат 59 минутына дейін террористік қауіптіліктің бірқалыпты («сары») деңгейі белгіленеді, деп жазды ҰҚК баспасөз қызметі.
Ал террористік қауіптіліктің бірқалыпты («сары») деңгейі кезеңінде мынадай тәртіп белгіленеді:
- жекелеген аумақтарда көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалыстарына шектеу енгізіледі;
- кинология қызметінің мамандарын тарта отырып, көшелерде, алаңдарда, стадиондарда, скверлерде, саябақтарда, магистральді теміржол желілерінде, теміржол вокзалдарында, автовокзалдарда, әуежайларда, метрополитен объектілерінде, бұқаралық және жаппай іс-шаралар өтетін орындарда патрульдерді күшейтеді;
- жарылғыш құрылғыларды анықтау және жою бойынша террористік тұрғыдан осал объектілерге және адамдар көп жиналатын орындарға, бұқаралық және жаппай іс-шараларға қатысушылардың қозғалуларының негізгі бағдарларына тексеру жүргізеді;
- әуежайларда, метрополитен объектілерінде, теміржол вокзалдарында және автовокзалдарда жете тексеру іс-шараларын өткізу барысында арнайы техника құралдарын пайдалану арқылы режимдік шараларды күшейтеді.