Мұнда шаһардың кез келген тұрғыны келіп, көңіліне ұнаған жануарды асырап ала алады. Жанашырлық жәрмеңкесі осымен сегізінші рет өткізілді. Осы аралықта қараусыз қалған 60-тан астам ит пен мысық жаңа иесін тапты. Осылайша, жануар жанашырлары тұрғындардың назарын аударып, қоғамды қаңғып қалған ит пен мысыққа қамқорлық танытуға үндейді.
Сондай-ақ мұнда уақытша баспанадағы иесіз үй жануарының суреттері ілінген. Алып кетуге ниет білдіргендер көрсетілген мекен жайға барып, қалаған мысық не итін таңдай алады. Айта кетейік, елордадағы қаңғыбас жануарларды уақытша ұстауға арналған орталық 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Мұндағы жануарлардың барлығы карантин, вакцинациялаудан өтіп, ветеринарлардың бақылауна алынған.
«Біздің әкімдіктің қаңғыбас жануарларға арналған паналау баспанасы бар. Онда 700-ге жуық үй жануарлары ауланған. Сол жерден біз жәрмеңгеке шығарып отырамыз. Біріншіден, жануарларды әр адам қорғай білуі керек. Оған жаны ашуы керек. Көшеде қаңғып жүрген иттерді хабарлап, біз оны алып кетеміз. Содан оны тарату жұмыстарын жүргіземіз. Қала тұрғындарына айтарым, жануарларға жанашырлықпен қарау керек», - дейді қалалық ветеринария және өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы Әшім Қайруллин.