Бұл жөнінде өткен «Астана» ХҚО-ның делегациясы Түркістан қаласында мемлекеттік органдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ Түркістан облысының академиялық топтарымен болған кездесуінде айтылды. Инвесторлардың халықаралық апталығына (World Investor’s Week) орайластырылып, бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының (IOSCO) қолдауымен өткен кездесу халықтың инвестициялық сауатын арттыруға бағытталды.
АХҚО әкімшілігі басқарма төрағасының кеңесшісі Болатбек Қуандықовтың айтуынша, қазір орталықта 20 халықаралық арбитр бар. Яғни даулы мәселелерді шешуге орталық көмектеседі. «Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін де тартуға болады. Бірақ бұл іс барынша ашық әрі жеңіл болуы керек. Қазақстанға келген компаниялар инвестиция құюы үшін түрлі бюрократиялық кедергілер мейлінше аз болуы тиіс. «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялар мен қатысушылар осындағы преференцияларды қолдана алады. Салықтық жеңілдіктермен қатар, ағылшынның сот құқығына негізделген «Астана» халықаралық қаржы орталығы халықаралық сотының тәжірибесін пайдаланады. Мұның алғышарты былтыр қабылданған болатын. Бүгінде қаржы орталығы халықаралық ірі қаржы институттарымен байланыс орнатқан. Бұл ұйымдар аймақтарды дамытуға атсалысуға әзір», деді Б.Қуандықов.
Сондай-ақ басқосуда кәсіпкерлерге АХҚО-да бизнес жүргізу мүмкіндіктері мен орталыққа қатысушы атанудың жолдары үйретілді. Қандай құқықтық көмектер көрсетілетіні және АХҚО-дағы жасыл қаржыландыру мүмкіндіктері мен келешегі баяндалды. Ал Исламдық қаржы мен бизнес хабының бас менеджері Қазыбек Жұман орталықтағы исламдық қаржыландыру мәселелерін түсіндірді.
Түркістан облысы