Алайда жергілікті тұрғындардың көңілінде пәстік бары көрініп тұр. Өйткені облыстағы орташа еңбекақы көлемі жағынан республика бойынша ең төмен деңгейде. Егер республикадағы орташа еңбекақы 188 мың теңге болса, солтүстікте 121 мың теңгені ғана құрайды. Ал көмірсутегі көп облыстардың көрсеткіші бұдан үш есеге артық. Мысалы, жер көлемі де, халық саны да қарайлас Атырау облысында орташа еңбекақы – 321 мың теңге.
Облыстың ІЖӨ-дегі үлесі де ең төменгі орында, бар-жоғы – 1,95 пайыз. Көршілес облыстар 10 пайызға жуық үлес көрсетіп жатқанда Солтүстік Қазақстанның үлесі осынша ғана болғаны өкінішті, әрине.
Халықтың экономикалық белсенділігі де айтарлықтай емес. Мәселен, 2018 жылдың 1 қаңтары мен 2019 жылдың 1 қаңтары аралығында шағын және орта кәсіпкерлер санының өсімі республика бойынша 8,3%, Нұр-Сұлтанда 28,3% болғанда Солтүстік Қазақстанда 5%-ды ғана құрады.
Былтыр негізгі капиталға сырттан тартылған инвестиция көлемі еліміз бойынша 3,3 трлн теңге болып, барлық инвестиция көлемінің 29,6%-ын құраған болатын. Соның ең көбі Батыс Қазақстан облысына (65,4%) тиесілі болса, ең азы – 5,4% Солтүстік Қазақстанның еншісіне тиді. Биылғы 14 қаңтардағы мәліметке сәйкес, Қазақстан халқының саны 18 млн 801 мың адам болды. Яғни, жылдық табиғи өсім – 246,7 мың адам. Алайда еліміздің бес облысында тұрғындар саны азайған. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында азаюдың үлесі жалпы халық санына шаққанда бірінші орында тұр. Халық саны азаю үстіндегі бес облыстың қатарына енетін Қостанай облысының халқы 0,28%-ға азайып, 873,1 мың адамды, Павлодар облысының халқы 0,12%-ға азайып, 754 мың адамды құраса, Солтүстік Қазақстан облысының халқы былтыр 0,64%-ға азайып, 555 мың адамды құрады.
Бұл жағымсыз үрдіс жалғасу үстінде. Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша облыс халқы 551 мың ғана адам болып отыр. Барлық табиғи өсім мен өлімді, келгендер мен кеткендерді ескергенде, 2000 жылдан бері облыс тұрғындарының саны 165 мың адамға азайған. Бұл бір үлкен қаланың халқы жоқ болған деген сөз. ХХІ ғасыр басталғаннан бері бұл облыста 119 ауыл бос қалған, барлығы 293 мектеп жабылған. Республикадағы осындай ең ауыр ахуал табиғаты өте жақсы, жасыл орманды, көкорай шалғынды, топырағы құнарлы, қара топырақты, халқының сауаты жоғары, кадрлық әлеуеті мықты облыста қалыптасып отырғаны барлық қазақстандықтарды ойлантуы керек.
Шекаралық өңір жалаңаштанып барады
Солтүстік Қазақстанның елдің шетінде, желдің өтінде орналасқаны мәлім. Шекаралық аймақ болған соң қазақтың қара сөзімен осылай айтамыз ғой, ал турасына көшетін болсақ, ар жағымызда азуын айға білеген солтүстіктегі алпауыт көршіміз жатыр. Бұл фактор халықтың тоқтамай көшуіне негізгі себеп болып отыр. Ең сорақысы сол, ол жаққа тарихи отанына қайтып жатқан орыстар ғана емес, өзіміздің қаракөздеріміздің көшуі де көбейіп барады. Бүгінгі қарынның қамын көбірек ойлайтын халықты «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген аталы сөзбен тоқтата алмайсың...
Ондайларды қалай ұстарсың, егер көршілес Омбы облысында жан басына шаққандағы табыс теңгеге шаққанда 151,6 мың, Түмен облысында 261 мың, Қорған облысында 126 мың, ал салыстырмалы түрде біздің Солтүстік Қазақстанда 78,6 мың теңге болса... Тұрғындардың жаппай азаюы шекаралық өңірдің жалаңаштануына ұласып, ұлттық қауіпсіздігімізге де қатер төндіретін жағдай болып отыр.
Облыстағы ең басты проблема – осы. Тұрғындар санының азаюы экономикалық әлеуетті төмендетіп, өңірдің дамуына да кері әсерін тигізуде. Халық санының өсімі қай кезде де экономикалық даму мен мемлекеттік бағдарламалардың тиімді түрде жүзеге асуының маңызды индикаторы. Биылғы жылдың 1 тамызындағы мәліметке қарағанда облыста туу да былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бес пайызға азайған. Неке саны былтыр 1980 болса, биыл 1833-ке түскен. Бұл да жастардың шетел асып жатқандығының көрінісі. Шетелге кеткендер үлесі аталған мерзімде 22%-ға артқан. Жұмыс күші артық аймақтардан көшіп келгендер мен оралмандардың саны мұнда әлі де мардымсыз.
Бір кезде әлеуметтік мәселелердің шешілуі бойынша біз көршілес Ресейден асып кеткен едік. Өкінішке қарай қазір соңында қалдық. Олардың еңбекақысы артық болуымен қатар, денсаулық сақтау саласы, тұрғын үймен қамтамасыз етуі, білім беру саласына бөлетін назары, түрлі өтемақы мен жәрдемақылар көлемі бізден асып кетті. Қазір ресейліктер адамның орташа өмір сүру жасын сексенге жеткіземіз деген бағдарды алға қойған. Оған қажетті жағдайлар жаппай жасалуда. Аймақтарды арнайы дамыту бағдарламасы бойынша Ресейдің көршілес облыстарының бәрінде тас жол салынған. Жұмыс орындарын табу мүмкіндігі де жоғарылаған. Жастардың бастамашылдығын қолдау қалыпты жолға түскен. Жақсы оқитын, ақылды жастарды қолдаудың барлық тетіктері қарастырылған. Ресей ЖОО өкілдері Петропавлдың үздік мектептеріне келіп, жақсы оқитындарды өздерінің бағдарламасы бойынша арнаулы тестілеуден өткізіп, грантқа іліктіріп алып кетеді. Кейін оны бітірген жастар шығынды еңбекпен өтеу үшін сол елде қалып қояды. Оның ішінде орыстан басқа қазағы да, татары да, украины да, басқасы да бар.
Ресей Федерациясы халық санын арттыру, отандастарын тарихи отанына қайтару бойынша былтыр «Государственная программа оказания содействия переселению в Российскую Федерацию соотечественников, проживающих за рубежом» деген бағдарлама қабылдады. Отандастар қатарына Ресейде тумаған адамдарды да қосу бағдарламаға енгізілген. «Соотечественниками также признаются лица, состоявшие в гражданстве СССР, проживающие в государствах, входивших в состав СССР, получившие гражданство этих государств или ставшие лицами без гражданства». Бұл бұл ма, тіпті тіл білген адамның бәрін «отандас» деп санауға болатыны да ашық көрсетілген.
Осының салдарынан Ресейде оқитын қазақ және басқа халықтар жастарының сол елде қалуы «отандас» деп қойнын ашқан соң арта түсері сөзсіз. Олардың аталған бағдарламаға қатысушы бола алатыны да айтылған. Мысалы, мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде Қорған облысы жасаған құжатта былай делінген «Участниками Программы могут быть: ...студенты из числа иностранных граждан, получающие образование по очной форме в профессиональных образовательных организациях, организациях высшего образования Курганской области» делінген. Көшіп келгендерге жасалатын әлеуметтік қолдаулары да көп, соның ішінде баспанамен қамтамасыз ету, салықтан жеңілдік беру, денсаулық сақтау мәселесінде көмек көрсету, т.т. бар. Ал келгендер үш жылға толмайтын мерзімде қайта көшіп кетсе, мемлекеттің барлық шығынын, соның ішінде қатысушы ретінде өзіне берілген 20 мың, әрбір отбасы мүшелеріне берілген 10 мың рубльді және тұрғын үйге қатысты шығындарды қайтарады. Бұл енді көшіп келгендерді тұрақтандырудың ықпалды тетігі екені көрініп тұр.
Осындай жағдайда Ресеймен іргелес қоныстанған Қазақстанның облыстарындағы халықтардың көрші елге көшіп кетуінің көбеюіне таңғалуға болмайды. Қазір 2020 жылға дейін арналған бұл бағдарлама белсенділікпен жүргізіліп жатыр. Осындай жағдайда азаматтарымыздың көшін тоқтату үшін қандай шаралар қарастырған жөн? Еліміздің шекаралық аймағының жалаңаштануына қалай жол бермеуге болады? Ақылды, жақсы оқитын жастарды қалайша өзімізде сақтап қаламыз? Міне, осы және басқа сұрақтарды біз басшы қызметкерлерге және басқа да білікті азаматтарға қойған едік.
Үкімет арнайы бағдарламамен шешуі керек
Жақсы тұрмыстың ең басты талабы – жақсы табыс. Отбасындағы жұмыс істейтін жандардың табысы мол болса, әрбір отбасы мүшесіне шаққанда кіріс артатын болады. Оны біз Ресейдің көршілес облыстарынан салыстырмалы түрде кем қылмауымыз керек. Ал облыстағы орташа еңбекақы республикадағы ең төменгілердің бірі екенін жоғарыда айттық. Жеке адамның басына жұмсалатын шығын да бізде бәрінен жоғары. Егер оңтүстіктегі ағайындар қысқы киімді үнемі қолданбайтындықтан жиі ауыстырмайтын болса, солтүстіктегілер алты ай қыс үстінен тастамастан киюге мәжбүр болып, оны жиі ауыстырады. Ал қысқы киімнің бағасы жазғы киімнен екі-үш есе қымбат болатынын да естен шығармайық және оның жылысын, қымбатын алуға да мәжбүрсің. Терістіктердің жылуға кететін шығыны да артық екенін естен шығармайық. Ауыл тұрғындары қыстық отын, көмір үшін кем дегенде бір-екі малының құнын төлейді. Ал орталық жылу қазандықтарына ақша төлейтін қалалықтар 7-8 ай бойы қалтасын ойып төлеуге мәжбүр.
Кеңес Одағы кезеңінде де халыққа артық ақша төлемейтін, тек төлемеуге мүмкін еместігіне көздері жеткенде ғана артық шығынға баратын. Сондағы үнемшіл экономистердің өзі солтүстік тұрғындарына қосымша шығындарын өтеу керектігіне көздерін жеткізген еді. Енді ел Үкіметі де осыған назар аударып, Солтүстік тұрғындарының еңбекақысына 15-20 пайыз қосымша ақы төлейтін кез жетті. Бұл халықтың жан басына шаққандағы табысын арттырып, тұрғындардың жаппай көшуіне де ілкімді тоқтау салар еді.
Екіншіден, үздік оқитын жастарымыздың шетелге кетуін азайту үшін ЖОО гранттар санын арттыруы керек. Сонымен бірге мамандық алған соң олардың жұмысқа орналасуына кепілдік берген жөн. Мамандық түрлерін де арттырып, еліміздегі басты ЖОО-лардың филиалдары ашылса да жастардың шетке кетуі азайған болар еді.
150 миллионға жуық халқы бар Ресейде әрбір екінші балаға «Материнский капитал» бағдарламасы бойынша депозит салынады. Сол арқылы олар туу қарқынын үдетті. Мұндағы қаражат тіпті үй алуға да жұмсалады. 18 миллион ғана халқы бар бізде неге соны істемеске, тіпті екінші емес, үшінші балаға ақша салса да тууды ынталандыра түсер еді және оны алу үшін ата-анасы да, бала да азаматтықтан шықпас еді ғой. Ал атаулы әлеуметтік көмектің қауқары мұндай әсерге жетпейді.
Солтүстікте көптен бері айтылып келе жатса да шешімін таппай тұрған бір мәселе – көгілдір отынның жеткізілуі. Нұр-Сұлтанға газ 2019 жылдың аяғында жеткізіліп, 2020 жылдан бастап тұрғын үйлер көгілдір отынмен жылытылатындығы туралы Энергетика министрлігі жариялады. Ал оның Солтүстікке қашан жететіні белгісіз, мұндағы мамандар Ресейдің көршілес облыстарынан тартылған газдың орнына көршімізге Ақтөбеден беріп тұрса ғой деп армандайды. Сонда Солтүстікке газ тезірек келмек. Ал газ келсе, тұрғын үй шығыны азайып, өмір сапасы арта түсер еді.
Міне, осы және басқа да мәселелерді қамтып, Үкімет арнайы бағдарлама қабылдаса, тұрғындардың ауа көшуін азайтып, жаңа келгендердің тұрақтануына жағдай жасаған болар еді.
Үкімет бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспар жасап, қомақты қаражат бөлді. Облыс әкімінің Қауіпсіздік Кеңесінің алдына қойған мәселесінің нәтижесінде қол жеткізілген бұл жоспар да бүгінде бірталай қордаланған мәселелерді шешуде. Оның алғашқы қорытындылары жөнінде кеңірек жазатын боламыз. Ал ең басты мәселе – халықтың көшіп кету үдерісін тоқтату. Үкімет осыған жіті назар аударуы керек сияқты.
Солтүстік Қазақстан облысы