Руханият • 07 Қазан, 2019

Ататегін іздеуші архивке барады

1159 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жақында Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінде Қазақстан Республикасы Президенті архивінің 25 жылдығына орай «Рухани жаңғыру: ашық қоғамға – ашық архив» дөңгелек үстелі өткен болатын. Іс-шараға аймақтық мемлекеттік архив басшылары, Назарбаев Университет, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университеті филиалының қызметкерлері, тарихшы-ғалымдар, Ұлттық архив пен Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Жамбыл облыстарынан архив мамандары қатысты. Төменде осы және генеалогиялық сұраныстарды орындаудың қазіргі таңдағы өзекті мәселелері туралы Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің Ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Ғазиза ИСАХАН әңгімелейді.

Ататегін іздеуші архивке барады

– Ғазиза Тұрмағанбетқызы, Қазақ елінің жүз жылдық сая­си тарихынан сыр шертетін Қазақстан Республикасы Прези­ден­ті архиві астаналық архивке аса құнды құжаттар коллекциясынан тарихи-құжаттық көрмені тарту еткен екен. Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Мұнда Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Мұхтар Әуезов сынды танымал тұлғалардың 20-30 жылдардағы қолтаңбалары қойылған құжаттар, хаттар, 1925 жылғы КП Орталық Комитетінің Қазақ орталығын Орынбордан Ақмешіт (Перовск) қаласына көшіру туралы хаттама көшірмесі, 1929 жылы мемлекет өміріне жаңа латын әліпбиін енгізу туралы есебі, жазушылар К.Паустовский, М.Зощенко, С.Мұқановтардың 1942 жылғы өмірбаяндары, кадрларды есепке алу туралы жеке парақшалары, 1962 жылы ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Ю.Гагариннің Қарағанды металлургия комбинатында БЛКЖО 14 съезі делегаттарымен бірге түскен суреті, (делегаттардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев), тың өлкесін игеру туралы деректер мен еліміздің тәуелсіздігін айқындайтын құнды жәдігерлер жинақталған.

«Дөңгелек үстелде» Қазақс­та­н Республикасы Президен­­­ті архивінің директоры Ж.Әбдіқа­ды­рова мен Нұр-Сұлтан қа­ла­сы мемлекеттік архивінің дирек­­торы М.Бектембаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала­­ның жеті қыры», «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақалалары аясында жаңа серпінмен атқарылып жатқан іс-жобалар туралы айтты, алдағы жос­парымен бөлісті.

Сонымен қатар Президент ар­хи­ві 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасы Президенті Н.На­зар­­баевтың астананы көшіру ту­ралы сөйлеген сөзінің мәтіні мен елорданың құрылу кезеңдерін көрсететін «Астана – тәуелсіздіктің жемісі» тарихи-құжаттық көрме­сі­нің каталогын сыйға тартты. Қарағанды, Ақмола, Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің директорлары Ж.Тұрсынова Т.Батырханов, Қ.Башенова, «Фактор» ЖЗК» ЖШС Бас директоры М.Ғаббасов және т.б. архивистер мен ғалымдар саланың өзекті мәселелері, Ұлттық архив қорын сақтау және пайдалану жұмыстарындағы жаңа ізденістер, ақылы қызмет көрсету жолдары, облыстық, аудандық архивтердің мүмкіндіктері жөнінде өз ойларын ортаға салды, өзара пікір алмасты.

Электронды архив жобасын жүзеге асыруда көшбасшы сана­латын Президент архиві «Элек­трон­ды архив» шеберлік-сыныбын өткізді. Қатысушыларға сертификат тапсырылды. Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві электронды оқу залының тұсау­кесерін өткізді және архив құжаттарын цифрлау және индекс­теу­дің түрлі амал-тәсілдерін көрсетті.

– «Архив – 2025» бағдар­ла­масы қандай міндеттер жүк­тей­ді? Осы бағытта қолға алынған іс-шаралар жөнінде нақты не айтар едіңіз?

– Мұнда ежелгі дәуірден қа­зіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүние­сі­не елеулі іргелі зерттеулер жүр­гі­зу­ге, архив деректерін барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды міндетті түрде цифрлы форматқа көшіру қажет­ті­гіне, мектеп қабырғасынан бас­тап отаншылдық тәрбие беру, тарихи-археологиялық қозға­лыс­тар құру маңыздылығына айрықша мән беріледі. Ең бас­тысы, түп-тамырымызды жетік білуге үндейді және мұны жүзеге асыру үшін алдымызға айқын мақсаттар қойып отыр.

«Отан – отбасынан басталады» деген сөз бар емес пе? Сол айтпақшы, әркім өз отбасының тарихын, өзінің ата-тегін білуге мүдделі. Тақырыптық, био­гра­­фиялық, генеалогиялық сұра­ныс­тар­дың көптеп түсе бастауы соның жарқын дәлелі болып табылады.

Өткен жылы Қазақстан Рес­пуб­­ликасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңы­на ақылы түрде қызмет көр­се­туге құқық беретін бап енгі­зіл­ді. Соның бірі – жеке және заңды тұлғалардың тапсырыс­тары бойынша генеалогиялық және тақырыптық сипаттардағы ақпаратты анықтау.

– Дамыған елдерде генеа­ло­гия саласына үлкен мән бе­рі­­леді екен. Жеке ғылым ре­тінде жақсы дамыған сала де­лі­неді. Ал біздің елімізде бұған жет­кі­лікті көңіл бөлініп отыр деп есептейсіз бе?

– Генеалогия дегеніміз – бі­рін­­шіден, тектің шығуы туралы мәліметтердің жүйелі жи­на­ғы, екіншіден, бұл – туыстық қатынас туралы ғылым. Шығыс халықтарында халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы «шежіре» («шаджара» араб сөзі – бұтақ, тармақ) делінсе, ал қазақ ежелден өзінің ата-тегіне, ру шежіресіне айрықша мән берген. Шежіре – халықтың құрамына кіретін тайпа-рулардың тегін таратып, бір-бірімен туыстық дәрежесін айқындайтын тізбе. «Қазақта тасқа таңба басқандай анық шежіре жоқ. Естігенін ұмытпайтұғын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуы­мен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауыз алып айтумен үлгі-өсиет қалдырған», дейді Мәшһүр Жүсіп Көпеев бабамыз. Қазақтар «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер», «Өзің мың жасамасаң да, үрім-бұтағың мың жасайды» дейді, яғни ата-баба шежіресін, ататек тарату, ұрпақ тарату жүйелерін, атауларын жадында сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз жеткізіп келеді. Ататек тарату жүйесі Әке, Ата, Баба, Ұлы Ата, Ұлы Баба, Әз Ата, Әз Баба... ал ұрпақ тарату жүйесі – Бала, Немере, Шөбере, Шөпшек, Немене, Туажат, Жүрежат... болып дала заңымен бірге мәңгілік жасасып келе жатқан өмір көші.

– Ататегін білгісі келген әр адам сонда архивке жүгінуі керек пе?

 – Генеалогия (тектану) туралы мәліметтер түрлі дереккөздердің, атап айтқанда, ауызша, жазбаша немесе жәдігерлер көмегімен анықталады. Генеалогиялық ақпа­рат көздері былай жүйеленеді: Отба­сы архиві; Ауызша естеліктер; Ар­хив, музей, кітапхана қорлары; Қо­рымдар, ескерткіш тақталар; Отбасы жәдігерлері.

Генеалогиялық ақпаратты зерттеу отбасы архивінен, ауыз­ша дереккөзден басталады. Сон­­дықтан тұлғаның алдымен туыс­қан­дарынан ақпарат алынады, бұл хабарлама қосымша мәлімет ретінде жинақталады. Мұны архив құжаттары арқылы нақтылап тексеруге болады. Фотоқұжаттар, түрлі наградалар мен грамоталар, куәліктер, хаттар, открыткалар, жеделхаттар, күнделіктер, естеліктер, жәдігерлер т.б. туысқандары берген деректер тектанулық зерттеуді жүргізуге пайдаланылады.

Сондықтан генеалогиялық ақпаратты архивтегі түрлі сипат­та­ғы құжаттардан табуға болады. Генеалогиялық ақпараттың өзі бірнеше санатқа бөлінеді. Олар – тегі мен туысқандығын дәлелдеу үшін жинақталған тек­та­нулық құжаттама (мысалы, шежірелер, хандар тарихы); көп­ші­лік сипаттағы ақпараты бар құжаттар (мысалы, метрикалық мәліметтер, халық санағының құжаттары); зерттеу, салыстыру ба­рысында жеке тұлғалар туралы мә­ліметтерді толықтыратын басқа да құжаттама (мысалы, жеке құрам бо­йынша құжаттама).

Генеалогиялық (тектанулық) ақпаратты іздестіру үшін ең алдымен, қандай елді мекенге, уезге, губернияға немесе кеңес өкі­ме­ті кезінде қай ауданға, ауылға қа­тыс­тылығын анықтау маңызды. Бұл ретте әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша анықтамалықтар көмектеседі. Мысалы, 1918 жыл­ға дейін Ақмола облысының орталығы Омбы қаласы болды, 1918 жылы Ақмола облысы Омбы губерниясы болып өзгертілді. 1921-1928 жылдар аралығында Ақмола губерниясының орталығы Петропавл қаласы болды. Аудан құрылуы нәтижесінде 1928-1930 жылдарда Ақмола округінің негізі қаланды. 1932 жылы қазіргі Ақмола облысының аудандары Қарағанды облысының құрамына енеді, орталығы Петропавл қаласы болады. Ал 1936 жылы Қарағанды облысының орталығы – Қарағанды қаласы, Солтүстік Қазақстан облы­сының орталығы Петропавл қала­сы болып екіге бөлінді. Қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы Қарағанды облы­сының құрамына енсе, 1939 жылы орталығы – Ақмола, кейін өз ал­дына жеке Ақмола облысы бо­лып құрылды.

– Архив­тен ататекке қа­тыс­ты қандай құжаттарды та­­буға болады?

– Мысалы, азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша
1912-1927 жж. Ақмола қаласы мен Семеновка, Максимовка, Ро­ма­новка т.б. селоларға қызмет көр­сеткен шіркеулер жазбалары, АХАЖ органдарының
1921-1936 жж. жазбалары сақталған. Кеңестік кезеңде 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі архив құжаттарын бірорталықтандыру жөніндегі саясат негізінде XIX ғасырдың cоңы мен XX ғасыр­дың басындағы метрикалық кітап­тар­дың басым көпшілігі Қазақстан Республикасының Орталық Мем­ле­­кеттік архивінде сақтаулы. 1870-1917 жж. қамтитын Ақмола ме­шіт­терінің метрикалық кітабы да сонда.

Генеалогиялық сұраныстарды із­дес­тіруде ведомстволық ар­хив­­тегі жеке құрам бойынша құ­жаттар үлкен рөл атқарады. Ге­не­алогиялық зерттеу барысында көбіне әлеуметтік-құқықтық сипаттағы: тұлғаның қызмет өтілі, жалақысы, білімі, азаматтық жағдайы, мүлкіне қатысты деректер пайдаланылады. Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдары жұмысқа орналасқан азаматтар мұқият тексерілген, арнайы сауалнамалар толтырылған. 1920 жылдардың соңында сауалнамалар қысқартылып, еңбек тізімдері жасалған. Ал 1930 жылы кадр­ларды есепке алу парағы; 1938 жылдан бастап еңбек кітапшасы енгізілген.

ХХ ғасырдың 30-40-жылдары Ақмола облысына адамдар күштеп қоныстандырылған. Қазақстанға – 800 000 неміс, 507 000 – Солтүстік Кавказ халықтары, 102 000 – поляк,
43 000 – грек, қырым татарлары,
19 000 корей отбасылары жер ауып келді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ақмола эвакуациялық орталыққа айналды, немістер жау­лап алған аймақтардан, шекараға жақын өңірлерден қаншама адам көшірілді. Соғыстан соң, 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталды. Тағдыр тәлкегімен осы өңірге қоныс тепкен азаматтардың бүгінгі ұрпақтары тарапынан ата-тектерін анықтауға байланысты көптеп сұраныс түсуде. Тіпті соғыстан оралмаған жауынгерлердің бүгінгі ұрпақ­та­ры әлі күнге дейін ата-ба­ба­­ларының тарихы туралы деректерді іздестіруде.

– Сұранысты орындау мерзімі қанша уақытқа созылады?

– Бұл сұратылған мәліметтерге, олардың сипатына, іздестіру ауқымына байланысты, шамалап айтсақ, орташа есеппен 2-3 айға созылады. Анықталған мәліметтер тұтынушының сұраныстарына сәйкес рәсімделеді.

– Құжаттардың электронды нұсқасы бар ма?

– Генеалогиялы (тектанулық) құжаттардың электронды қорын жасау архив үшін де, зерттеушілер үшін де өте пайдалы болар еді. Келешекте солай болады деген үміт бар. Бұл бағытта дамыған елдердің озық тәжірибесінен үйренетін үлгі көп. Мысалы, генеалогиялық ақпаратты ұсыну­дың озық тәсілі Швецияның Ұлттық архивінде орын алған, онда абоненттік төлем арқылы архивтің цифрланған мәліметтер базасына кіру мүмкіндігі бар.Ұлыбританияның Ұлттық архиві волонтерлардың көмегімен «Find my past» «Өткеніңді тап» жобасын іске асырды, Латвия мен Эстонияның Ұлттық архивтері еуропалық гранттың көмегімен «Радураксти» (Родословная, Латвия), «Сага» (Эстония) генеалогиялық мәліметтер базасын жасады. Бұлар – цифрланған шіркеу кітаптарының коллекциясы, халық санағының материалдары. Финляндия архиві метрикалық кітаптардың цифр­лан­ған көшір­ме­лерін арнайы сервис әзірлеп, әркімнің қол жет­кіз­уіне мүмкіндік туғызып отыр.

– Тағы қандай дерек көзде­рі­не жүгінесіздер?

– Генеалогиялық ізденістерді жүргізгенде мәліметтер базасының көмегіне сүйенетін кездер де болады. Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі әзірлеген Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан, хабарсыз кеткен кеңес әскерлері туралы мәліметі бар «Мемориал» жиынтық электронды мәліметтер базасының, Қазақстан Республикасы Презид­енті архивінің сайтында «Tutkyn.kz», «Asharshylyq.kz», «Кеңестік Қазақстанның номенклатуралық кадрлары.
1919-1991 жж.» мәліметтер базасының,  Ішкі істер министрлігінің Кеңес өкіметі кезінде контр­ре­волюциялық мемлекеттік қыл­мыс­тары үшін қуғын-сүргінге ұшыраған, сотталған, кейін сот органдарымен ақталғандар ту­ра­лы «Мемориал. Қуғын-сүр­гін құрбандары» мәліметтер база­сы­ның генеалогтар үшін көмегі зор.

Генеалогиялық сұраныстарды орындау – еңбекқорлықты, ықтияттылықты, ерекше дайын­дық­ты қажет ететін салмақты жұмыс. Архив қорының құрамы, тиісті ақпараты бар құжат түр­лері, ғылыми-анықтамалық ақпарат автоматтандырылған жүйелер туралы білімді қажет етеді. Және орындаушының жұмысты ұйымдастыра білуіне тікелей байланысты. Соның ба­рысында әрине тәжірибе жи­нақталады, генеалогиялық деректермен жұмыс істеу дағдылары қалыптасады.

– Жеке тұлғаларға ақылы қызмет көрсетіле ме?

– Генеалогиялық мәліметтерді тұтынушы архивтің оқу залында өздігінен жұмыс істей алады, сонымен қатар мұнда ақылы қызмет те көрсетіледі. Ол бекітілген баға көрсеткішіне сәйкес есептеледі. Ақылы қызмет көрсету үшін сұранысты орындау шарттары туралы тұтынушыға алдын ала ескертіледі. Генеалогиялық сұранысты орындау ақысы 4500 теңгеден басталады. Ақырғы құны анықталған ақпарат пен іздестіруге кеткен уақытқа байланысты есептеледі. Анықталған мәліметтер тұтынушының сұра­ныстарына сәйкес рәсімделеді.

– Генеалогиялық зерттеу жүр­­­гізуге не кедергі болып отыр?

– Бізде орталықтандырылған базалар жүйесі жоқ. Басқа архив қорлары туралы ақпаратты онлайн режімде қарау мүмкіндігі де шектеулі.

Осы ретте Азаматтық хал актілері жазбалары және отбасы құрамы туралы мәліметтері бар құжаттардың архиваралық көрсеткішін әзірлеуді заман талабы деп есептеймін. Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінде азаматтарға ақпараттық қызмет көрсету бойынша қазір генеалогиялық сұраныстарды орындау маңызды рөлге ие бола бастады. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз. Сондықтан ең алдымен, осыларды реттеп алуымыз керек.

 

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»